Жаңалықтар

Қауіп әлі сейілген жоқ

Брифинг

Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды мәлімдеді.

Мұхтар Сербаевтың айтуынша, бүгінде жалпы облыста коронавирус инфекциясы бойынша 9673 жағдай тіркелген. Ал 5 мамыр күні 86 адам індет жұқтырғаны белгілі болды. Оның 74-і симптомды болса, 12-сінде ауру белгілері байқалмаған.

— Жалпы, пандемия басталғалы 14 жасқа дейінгі балалар арасында 800 жағдай тіркелді. Ал соңғы тәулікте 5 баладан вирус анықталған. Медициналық қызметкерлер арасында 2, оқушылар арасында 4 жағдай тіркеліп отыр. Бүгінде 5049  адам үй карантиніне алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Қазіргі таңда облыс «сары аймаққа» көшкенін білесіздер. Алайда қауіп әлі сейілген жоқ, эпидемиологиялық ахуал құбылмалы. Бұған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Сондықтан сақтық шараларын мұқият ескерген жөн, — деді ол.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, соңғы тәулікте пневмония бойынша 11 жағдай тіркелген. Пандемия басталғалы коронавирус инфекциясын жұқтырған 8190 науқас жазылып шыққан.

— Қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 590 адам ем қабылдауда. Оның  412-сі — Ақтөбе қаласында болса, қалғандары —  облыс аудандарында. Жансақтау бөлімшесінде 46 науқасқа ем жүргізілуде. 9 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Карантиндік стационарларда 12 адам бақылауға алынды. Олар — Мәртөк және Қарғалы аудандарында.

Бүгінде инфекциялық кереуеттер жүктемесі 40 пайызды құрап отыр. Ал реанимациялық кереуеттер жүктемесі — 28 пайыз. Коронавирус инфекциясын тестілейтін 11 зертхана жұмыс істеп тұр, — деді Б.Ізбасаров.

Биыл ақпан айынан бастап вакцинациялау жұмыстары басталғаны белгілі. Бүгінде екпенің бірінші компонентін 58 490 адам, екінші компонентін 19 075 адам қабылдаған. Бекболат Ізбасаровтың  айтуынша, алдағы мерекелерге орай демалыс күндері де  вакцинация жасау үшін барлық емдеу мекемелері жұмыс істейді. Сондықтан кез келген адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып, екпе алуға мүмкіндіктері бар.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button