«Ерлік пен даңқ» залында
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2019 жылы жаңа тақырыппен «Ерлік пен Даңқ» экспозициялық залы жасақталды. Мұнда Ақтөбе облысының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихы баяндалады.
Ұлы Отан соғысына Ақтөбе облысынан 122 мыңнан астам адам аттанып, 39 мыңнан астамы елге оралмаған. 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 9-ы үшінші дәрежелі «Даңқ» орденінің толық иегерлері атанды. Экспозицияда Ұлы Отан соғысы жылдарының құнды жәдігерлерінің бірі жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Михаил Колесниковтің офицерлік фуражкасы бар. Сондай-ақ бұл жерге жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың суреттері мен әпкесі Сапураға жазған хаттарының көшірмелері қойылған.
Халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғанин жауынгерлерге өшпестей рух беріп, домбырамен жырын арнаған, Кеңес Одағының Маршалы Климент Ворошиловтың өзі ыстық лебізін арнап, сәттілік тілеген.
Ақтөбеде құрылған 101-атқыштар бригадасына арналған экспозиция да бар. Аталған атқыштар бригадасы Жеңіске жету жолында Ржев түбінде ерлікпен шайқасты.
Ақтөбеде жасақталып, Мәскеу қаласын қорғауда ерен ерлік көрсеткен атақты 312-атқыштар дивизиясының командирі, генерал-майор Александр Наумовтың киген әскери кителі, дивизияның жауынгерлік құрамының суреттері, тұтынған заттары да осы залда тұр.
Ғизат Тоқтабаев пен Оразалы Жалдыбаевтың соғыс кезінде денедегі жарақаттан қалған қарудың жарықшақтары сұм соғыстың әсері екені даусыз. Құндыбай Шыныбековтің, Борис Тулиннің әскери киімдері де зал экспозициясының құнды жәдігерлерінің қатарында.
Ақтөбеліктер соғыс даласында ғана емес, еңбек майданында да ерліктің асқан үлгісін көрсетті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» атты экспозицияда ақтөбеліктердің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік өндіріс саласында жасаған еңбектері, майданға көмегі, Жеңіс күнін жақындатуға қосқан орасан зор ерліктері баяндалады.
Ақтөбеге көшіріліп әкелінген өндіріс ошақтары қатарында рентген аппараттарын дайындайтын Мәскеу рентген зауыты, Днепропетровскіден келген «Большевик» металл өңдеу артелі, т.б. бар.
Қазақстан қара металлургиясының тұңғышы болған Ақтөбе ферроқорытпа зауыты да соғыс жылдарында (1943 жылы 1-балқыту цехының пеші алғашқы металын берген) өнімін бере бастаған болатын.
Соғыс жылдары атақты тарышы, «ақ тарының атасы» атанған Шығанақ Берсеев тарының жаңа сұрыпын өсіріп, дүниежүзілік рекорд жасады. Құнды жәдігерлер қатарына атақты тарышының былғары әмияны, гимнастеркасы, шалғы орағы, мүсіні қойылған.
Айбек ЕРТЕМІРОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.