Ресми

«Парыз» республикалық конкурсына қатысыңыз!

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлтық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы және жергілікті атқарушы органдар «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы туралы» ҚР Президентінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №523 Жарлығына сәйкес Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын 2021 жылы өткізуін хабарлайды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға бағытталып, жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлері үшін, сол секілді тұтас алғанда қоғам үшін де әлеуметтік мәселелерді шешуге ынталандыру, қолда бар оң тәжірибені көрсету және кеңінен таратылуы бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелері бойынша халықты жаппай ақпараттандыруға арналған.

Конкурсқа келесі санаттар бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілері (бұдан әрі — үміткерлер) қатыса алады:

– шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі;

– ірі кәсіпкерлік субъектісі.

Үміткерлер тұтас алғанда қоғамның және соның ішінде жеке кәсіпкерлік субъектісі қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, өздерінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін растайтын әлеуметтік бағдарламаларын ұсынуға тиіс.

Бағдарламалар мен олардың жобаларына үміткерлер дербес және/немесе азаматтық қоғам институттарымен және жергілікті атқарушы органдармен әріптестікте жүзеге асыратын және әлеуметтік салада оң өзгерістерге қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар кіреді.

Конкурс жыл сайын келесі номинациялар бойынша өңірлік және республикалық деңгейлерде өткізіледі:

1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын».

Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады.

2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын».

Бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады;

3) «Үздік ұжымдық шарт». 

Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

4) «Экологияға қосқан үлесі үшін».

Бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Конкурста «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы бекітіледі.

Бұл арнайы сыйлықта бизнес іске асыратын, халықтың әлеуметтік осал және аз қамтылған топтарының жұмыспен қамтылуына және (немесе) тұрмыс жағдайларын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобалар қарастырылады.

Гран-при — конкурстың жоғары наградасы жұмыста және корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыруда анағұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерге беріледі.

Конкурстың өңірлік және республикалық кезеңдеріне қатысу тегін болып табылады.

Гран-при «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» және «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі» санаттарында беріледі.

Үміткерлер екі данада материалдарды Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын өткізудің ережелеріне сәйкес ресімдейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдарына қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынады:

1) осы ережелерге қосымшаға сәйкес толтырылған өтінім;

2) үміткердің өз қызметінің деңгейін өзін-өзі бағалауын және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі бойынша нақты нәтижелерін білдіретін есебі болады;

Үміткердің есебінде:

заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы;

ұйымдық құрылымы; өзге де қосымша ақпарат;

3) есепке қосымша (ұжымдық шарттың көшірмесі және өзге де құжаттар);

4) Қазақстан Республикасының Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігі белгілеген және оның интернет-ресурсында орналастырылған нысанда толтырылған сауалнама болуға тиіс.

Конкурсқа катысуға:

1) қызметін кемінде үш жыл жүзеге асыратын;

2) таратылу сатысында тұрмаған, банкрот деп танылмаған;

3) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының жойылмаған бұзушылықтары, оның ішінде қызметкерлерге жалақы және басқа да төлемдер бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ;

4) қызметкерлермен ұжымдық еңбек даулары жоқ;

5) Қазақстан Республикасының аумағында саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдауға бағытталуға тиіс емес әлеуметтік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыратын;

6) конкурсқа қатысуға өтінімінде дәйекті мәліметтерді көрсеткен, сондай-ақ құжаттарды толық көлемде ұсынған үміткерлер жіберіледі.

Конкурсты өткізу мерзімдері:

1) қаңтар – конкурстың басталуы туралы хабарлау;

2) жыл сайын 1 шілдеге дейін — жергілікті атқарушы органдардың өтінімдерді қабылдауы;

3) жыл сайын 1 қазанға дейін — жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссиялардың, республикалық маңызы бар қалалар және астана комиссияларының алдын ала жасаған қорытындыларын, конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін бір данада Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберуі;

4) желтоқсан – қорытындылар шығару, жеңімпаздарды марапаттау.

Облыстың кәсіпорындарын республикалық конкурсқа қатысуға және өздерінің әлеуметтік бағдарламаларын ұсынуларына, сонымен қатар қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау мен қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған үлестеріңізді қосуларыңызды сұраймыз.

Нақты ақпарат пен кеңесті Ақтөбе қаласы, Маресьев көшесі, 101-үйде орналасқан «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-нен ала аласыздар. Тел.: 54-58-17, басқарманың веб-сайты: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-social.

Басқа жаңалықтар

Back to top button