Білім

Жұмыстар сараланып, міндеттер белгіленді

Тамыз кеңесі

Кеше Ақтөбе қаласындағы педагогтер Шығармашылық академиясында өткен тамыз кеңесінде бас қосты. Шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

Кеңес алдында білім саласындағы инновациялық жобалардың форсайт сессиясы, қосымша білім беру мекемелерінің көрмесі, «100 жаңа есім» слайд-шоуы таныстырылды.

Бұдан кейін «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында тамыз кеңесі өтті. Алдымен сөз алған Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Айсұлу Жақсыбаева өткен оқу жылындағы жұмыстарды саралап, алда атқарылуы тиіс міндеттерді айтты.

Қала мектептерінде жаңа мазмұнды білім беру бағдарламасы аясында 1912 мұғалім, 34 мектеп директоры, 106 мектеп директорларының орынбасары білімін жетілдірген. Ал үш тілде оқыту жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында  физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту үшін 266 мұғалім  курстан өтіпті. А.Жақсыбаева баяндамасында оқулық мәселесіне де тоқталды.

  • Сапалы білім беру үшін оқушыларды оқулықпен толығымен қамту — білім бөлімінің басты міндеті. Осы орайда  білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету үшін 789 507 711 теңге бөлінді. Мектептерді оқулықтармен қамту үшін 11 баспамен келісім жасалынды. Қазір оқулықтар қалаға жеткізіліп, мектептерге таратылуда. Оқулықпен қамту мәселесін шешу үнемі басты назарда болады, — деді қалалық білім бөлімінің басшысы.

2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы — 63,7 пайыз, үлгерім  — 99,9 пайыз.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша қала мектептерінің түлектері  өткен оқу жылымен салыстырғанда жоғары нәтиже көрсетті. Орташа балл —  82,5.

Былтыр  651 (22,9 пайыз) оқушы мемлекеттік білім беру гранттарының иегері атанса,  биылғы түлектердің 931-і (37 пайыз) білім грантын иеленді. Олардың ішінде қазақстандық жоғары оқу орындарының білім  гранттарын иеленген оқушылар саны ең көп мектептер: №51 гимназия (49 түлек), №32 мектеп-гимназия (48 түлек), №21 мектеп-гимназия (42 түлек), Қарғалы қазақ орта мектебі (32 түлек) және №30 орта мектеп (32 түлек). «Алтын белгі» иегерлерінің 108-і мемлекеттік грант иеленсе, 12-сі бюджеттік негізде жоғарғы оқу орындарына түскен.

Ақтөбе қаласы  бойынша 65 715 оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған болатын. Дегенмен, жаз бойы барлығы 79 309 бала жазғы демалыспен қамтылды.

«Бақытты бала» жобасы аясында 364 дарынды оқушы Татарстан, Орынбор (Ресей), Өскемен қалаларындағы және Ақтөбедегі «Әсем», «Восток» лагерьлерінде тегін демалды. Ата-аналар есебінен шетелде демалып келген оқушылардың саны —  4127 бала.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика, облыс көлемінде  8022 бала саяхатқа шықты.

Қазір Ақтөбе қаласында 146 мектепке дейінгі ұйым бар. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші — 95 пайыз.

Жиында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов сөз алып, педагогтерді жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласын дамытуда, мұғалімдердің мерейін көтеру мақсатында мемлекет тарапынан істеліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

  • Ұстаз — ұлы тұлға. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдер мәртебесін арттыруды тапсырғаны белгілі. Білім саласының қарқынды дамуы үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерінің біріне адам капиталы жатады. Ал адам капиталын дамыту ең алдымен мектептен басталады. Білім шаңырақтарында осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілетініне, жас ұрпаққа сапалы білім берілетініне сенімдімін, — деді қала әкімі. Ол өз сөзінде биылдан бастап балаларды жекеменшік мектептерде оқыту үшін мемелекеттік тапсырыс берілетінін, балабақшадағы кезек мәселесін шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көптеген жұмыстар жасалып жатқанын айтты.

Бұдан соң қала әкімі Астананың 20 жылдығына орай  20 үздік білім беру  мекемесіне проектор экранымен және бейнекамера, фотоаппарат табыс етті. Сонымен қатар білім беру саласында  кәсіби шеберлігімен танылған  20 педагог қала әкімінің Құрмет грамотасы және 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше мұғалім министрліктің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button