Денсаулық

Шетелдіктер жеті күрделі ота жасады

Ақтөбе медициналық орталығында «Оториноларингологиядағы заманауи тұжырымдамалар мен инновациялық технологиялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бес мемлекеттен келген білікті дәрігерлер екі күн бойы құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдеудегі жаңа әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Есту және тыныс алу органдарын қалпына келтіру бойынша жеті күрделі ота жасады.

Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның жетекші дәрігерлері медицинаның маңызды бағыттарының бірін дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Конференцияда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс медицинасына тоқталды.

Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде медицинада айтарлықтай жетістіктерге жетті. Инновациялық технологиялар енгізілуде, күрделі оталар жасалып жатыр. Мемлекет басшысы ел азаматтарының денсаулығына, әлеуметтік жағдайына бірінші кезекте мән береді. Соңғы кезде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың барлығы осы мақсатқа негізделген. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына жаңа инновациялық технологияларды енгізу көзделіп отыр.  Неғұрлым дамыған мемлекеттердің технологиясын енгізіп, оны іс жүзінде пайдалансақ, азаматтардың денсаулығы мықты әрі өмір жасы ұзақ болады. Ақтөбеде осы бағытта қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгідей ғылыми конференциялар,  шеберлік кластары жиі болады. Біз оны қолдаймыз. Соңғы кезде Оңтүстік Корея, Израиль, Түркия, Ресей, Өзбекстан елдері және Еуропаның бірқатар мемлекеттерінің ірі медициналық орталықтарымен тығыз байланыс орнатылды. Соның нәтижесінде өте күрделі оталар жасалып жатыр.  Траснсплантология бағыты дами түсті. Соңғы екі жылда 34 бүйрек, 11 бауыр ауыстыру операциясы жасалды.

Медицинаның күрделі саласы — оториноларингология бағыты да дамып келеді. Соған қарамастан алыс-жақын шетелдердің мамандарымен тәжірибе алмасу және халықаралық әріптестік жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Халықаралық қатынастарды нығайту  мақсатында өткізіліп жатқан ғылыми-тәжірибелік конференция елдегі оториноларингологияны дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі шетелдік сарапшыларға тәжірибелерімен бөлісіп, облыс тұрғындарына күрделі оталар жасап, көмек бергендері үшін алғыс айтты. Екі күндік шарада түрік дәрігерлері «Бақытты бала» жобасы аясында есту қабілеті нашар үш балаға тегін ота жасаған болатын. Жалпы түркиялық дәрігерлер тек қана оториноларингология емес, өзге де бағыт бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп келеді. Бұл жолы да науқас балаларға операция жаңа әдіс бойынша, яғни кеспей жасалды.

Конференция кезінде облыстың оториноларингологиялық қызметіне үлес қосқан денсаулық сақтау саласының ардагерлері марапатталды.

Шара соңында делегаттар осы бағытты дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік беретін қарарды қабылдады.

Екі күн бойы Оңтүстік Кореядан, Түркиядан келген хирург сарапшылар, қазақстандық ғылыми орталықтардың жетекші профессорлары құлақ микрохирургиясы, эндоскопиялық риносинусохирургия, көмей микрохирургиясы бойынша инновациялық жобаларды қолдана отыра шеберлік сабақтарын өткізді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button