Алмабек қашықтыққа жүгіруден топ жарды
Чемпионат
Астана қаласында «Self-Transcendence — өз-өзіңді бағындыру» атты тәулік бойы жүгіруден ашық Қазақстан чемпионаты өтті.
Ашық чемпионатты салауатты өмір салтын насихаттап жүрген елордалық «Astana Runners» клубы мен Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы бірлесіп ұйымдастырды. Осы жарысқа ақтөбелік Алмабек Қайырғожин қатысып, жүлделі бесінші орынға табан тіреді.
Аталған бәсеке Астана қаласының орталық саябағының шаңғы-роллерлік тас жолында өтті. Қатысушылар 6 сағат, 24 сағат және 100 шақырым бойынша жүгірді.
Алмабек Қайырғожин — ұзақ қашықтыққа жүгіретін тәжірибелі жүгіруші. Ол 27 марафон, 2 тәуліктік, 5 және 12 сағаттық жүгірістің қатысушысы. Жыл сайын өтетін «Бейбітшілік жүгірісі» алау эстафетасына тыңғылықты дайындықпен қатысады. Сондықтан елімізде өткен алғашқы чемпионат ол үшін жаңа шақырту болды.
— Осындай тәуліктік және 12 сағат бойғы жүгіріс кезінде өзіңе шабыт аласың. «Бейбітшілік жүгірісі» секілді шарлардың басты мақсаты — бірлік, бейбітшілік пен татулық. Адамдар бейбітшілік алауын ала жүріп, келесісіне тарту етіп отырады. Осылайша жүгірушілер өз ниетімен үн қосады, — дейді А.Қайырғожин.
Астанада өткен ашық чемпионатта 24 сағатқа жүгірген ол 100 шақырымға жүгірудің нәтижесінде бесінші орыннан көрініпті.
Ашық Қазақстан чемпионатында әр қатысушыға электрондық чипті қадағалау жүйесі қолданылған. Бұл өз кезегінде есептеушілердің жұмысын сәл де болса жеңілдетті. Алайда, қатысушылар үшін бұл күндері ауа райы қолайсыздық танытқанмен, барлық қиындықтарға төтеп бере алды.
Марафонды өткізудегі мақсат — салауатты өмір салтын насихаттау және марафон жүгірісі мәдениетін қалыптастыру, спорт арқылы бұл саланың үйлесімді дамуына жағдай жасау.
Арайлым НҰРБАЕВА.