Экономика

Астық бізде ғана сапалы сақталады

Астық қабылдау кәсіпорны — астықты қабылдауды және сақтауды жүзеге асыратын меншік құқығындағы заңды тұлға (элеватор, астық қабылдау пункті) саналады. Кәсіпорын астық қолхаттарын шығару арқылы қабылданған астықты сақтау бойынша қызметтер көрсетеді.

Астық қабылдау кәсіпорындары өз қызметінде Қазақстан Республикасының «Астықты сандық-сапалық есебін жүргізу», «Астықты сақтау», «Астық қолхаттарын шығару, айналымы және оны өтелуі» қағидаларын және басқа да заң аясындағы нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа алады.

Астықты сақтау барысында жоғарыда көрсетілген қағидалар талаптарының сақталуына жүйелі түрде бақылауды ұйымдастыру қажет. Дақылдарды сақтау кезеңінде, оның бастапқы сапасына түрлі физиологиялық және биохимиялық құбылыстардың әсер ететіні ескерілуі тиіс.

Дәнді дақылдардың сақтау ережелерінің талаптары бойынша тиісті іс-шаралар қолданылмаған жағдайда астық сапасының төмендеуіне және күтілмеген шығынға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Астық қорын жоғары деңгейде сақталуын ұйымдастыру және осы жұмысты күнделікті бақылауды қамтамасыз еткен жағдайда қолайсыз, күтілмеген физиологиялық және биохимиялық құбылыстарды болдырмауға, дәнді дақылдардың сандық-сапалық жай-күйін сақтай отырып тұтынушыларға шығынсыз босатады. Сол себепті астықтың әрбір партиясының тиісті деңгейде сақталынуы бақылауға алынуы керек.

Аталған жағдайларды, сонымен қатар, астық қабылдау мекемелеріне сапасы әртүрлі  астық партияларының келіп түсетінін ескере отырып, бақылау қарапайым әрі ыңғайлы тәсілдермен жүзеге асырылуы қажет. Жүйелі бақылау барысында астық қорының күйін қалтқысыз, ысырапсыз сақтау үшін мынадай көрсеткіштерді анықтау қажет.

Олар — астықтың температурасы, ылғалдылығы, қоспалардың мөлшері, зиянкестердің тигізетін залалы, балаусалық көрсеткіштері (түр-түсі және иісі). Тұқымдық дәннің партияларында қосымша өну энергиясы мен өнгіштігі анықталады. Астықты өлшеп, сапасын тексеріп, қабылдаған соң оны  қадағалап  тұру, қажет  кезінде тиісті шаралар  қолданып отыру жауапты жұмыс. Әсіресе жаңа жиналған астықта физиологиялық процесс толық аяқталмағандықтан оны жиі бақылап тұрады. Дегенмен бақылаудың астық  сапасы  бұзылмайтын, құрамындағы өзгерістерді толығымен қадағалап тұруға  мүмкіндік болатын экономикалық тиімді жоспары жасалады.

Қорыта айтқанда, барлық мүдделі органдардың бірлескен күшімен астық қабылдау кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасын дер кезінде дайындық сапына қою арқылы біз болашақ мол астықты дұрыс және сапалы сақтау мүмкіндіктеріне қол жеткізе аламыз.

 Жанат КӨШКІМБАЕВ,

облыстық аумақтық инспекциясы

мемлекеттік астық инспекциясы

бөлімінің бас маманы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button