Денсаулық

Жүрек ауруы неге көп?

Деректерге сүйенсек, әлемде  әрбір оныншы адам жүрек-қан тамыр ауруына шалдыққан. Дәрігерлер бұның түрлі себебін келтіреді. Олар — күйзеліс, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, қимыл-қозғалыстың аздығы. Аталған аурудан ақтөбеліктер де аз зардап шекпейді. Облыс бойынша былтырғы жылдың он бір айында 1491 адамға коронарографиялық тексеру жүргізілсе, оның 537-сінің жүрегіне стенд қойылған.

МИОКАРД ИНФАРКТІСІ ҚАНДАЙ АУРУ?

Жедел жәрдем ауруханасының және  облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс кардиологі Жадыра Лепесованың айтуынша, соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары ауруы «жасарып» барады. Бұрын бұл ауру белгісі қырық жастан асқан адамдарда жиі кездессе, қазір отыздағы адам да  жүрек ауруының құрығына ілініп отыр. Оның ішінде миокард инфарктісі бойынша көрсеткіш жоғары.

Миокард инфарктісі — жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз ететін қан тамырларының бітелуінен болатын сырқат, яғни жүрек бұлшық етінің өлі еттенуі (жансыздануы). Мұндайда жүрек етінің жыртылып кетуі де мүмкін. Миокард инфарктісі кейде адамдарды  мүгедектікке соқтырып, тіпті өмірімен қош айттырады. Соңғы жылдары миокардпен орта жастағы адамдар, тіпті жастар да жиі ауыратын болды. Адам аталған ауруға шалдыққанда кеуде қуысында, төс артында қысу, шаншу, күйдіру  сияқты ауырсыну пайда болады. Ауру төменгі иекке, мойынға, екі қолға, арқаға беріледі және суық тер шығып, жүрек айнып, тыныс тарылады. Іштің жоғарғы бөлігі ауырып, адам құсып, жүрегі айниды. Науқастың тері жамылғысы бозғылттанып, салқын тер басады. Аяқ-қолы салқындайды. Көп жағдайда адамдар бұндай белгіні жүрек ауруымен байланыстырмайды. Асқазан немесе басқа да аурулармен шатастырады. «Мезим форте», «Кетонал» секілді ауру басатын дәрілерді ішіп алады.

—  Аурудың осындай белгілері басталған сәтте уақыт өткізбей науқас жедел жәрдем шақыртуы керек. Себебі миокард инфарктісінде әрбір минут санаулы. Медицинада «Алтын сағат» деген термин бар. Бұл — адамның жарақат алған уақытынан кейінгі уақыт аралығында медициналық көмек көрсету. Осы кезде көмек көрсетілуі керек. Бұлай болмаған жағдайда науқастың қайтыс болу қаупі жоғары болады. Егер науқас осы уақытта дәрігер шақыртса, оны  тромблизис дәрісі арқылы айықтырып жіберуге болады. Аталған дәріні тамырға жіберіп, ондағы тромбты ерітуге болады. Дәріні тамырға енгізгеннен кейін-ақ науқастар өздерін жайлы сезінгенін, тынысы жақсарғанын айтады. Жалпы Ақтөбеде жүрек- қан тамыр ауруларын емдеу үшін орталықтарды жабдықтау жұмыстары 2011-2012 жылдары бір ізге қойылды. Қазір қала сыртындағы медициналық орталық пен жедел жәрдем ауруханасында және облыстық көпсалалы ауруханада ангиографиялық зертхана бар. Дәрігерлер коронарографиялық тексеру жүргізу үшін барлық жағдай жасалған, — дейді Жадыра Лепесова.

КОРОНАРОГРАФИЯ ҚАНДАЙ ӘДІС?

Медицинаның соңғы жетістіктерінің бірі —  коронарография. Ауруханаға жеткізілген науқастың жағдайына қарай  коронарографиялық тексеру жүргізіледі.

Бұл жүректің тамырларына контрастық зат жіберу арқылы рентгенологиялық тексеру әдісі. Коронарография — жүректің ишемиялық ауруын анықтауда таптырмас әдіс. Коронарография жасау үшін аяқтың немесе қолдың ірі тамырларының үстіндегі тері жансыздандырылады, кішкене ине арқылы тесік жасалып, сол жерден қан тамыр арнасына жіңішке катетер (жұмсақ пластмассадан жасалған ұзын түтікше) енгізіледі. Катетер қан тамырларының сағасына дейін жеткізіліп, арнайы контрастық сұйықтық жіберіледі. Нәтижесінде  жүрек тамырларының барлық бөлімдері және қан ағысына әсер ететін тамырішілік кедергілер өте жақсы көрінеді. Айта кетерлігі, бұндай әдіс науқасқа ауырсыну тудырмайды. Тіпті ол адам экран арқылы бәрін көріп жатады. Небәрі 15 минутқа созылатын тексеру нәтижесінде толық әрі дәл диагноз қойылып, зақымдалудың орналасқан жері және деңгейі, аурудың болжамы мен ары қарай емдеу жоспары анықталады. Егер қан тамырында тромбы болса, яғни тамыр бітеліп тұрса, ол жерге стенд қойылады. Стенд тамырды кеңейтеді. Бұл да тамыр арқылы жіберіледі. Арнайы түтікше енгізіліп, ол тамыр бойымен тромб тұрған жерге барады. Сол жерде тамырды кеңейтеді. Кеңейген тамырдан қан тез өтіп, барлық тамыр тармақтарына таралады. 2015 жылы 1300 адамға осы әдіс арқылы тексеру жүргізілсе, оның  500-інің жүрегіне стенд қойылған. Ал былтыр он бір айда 1491 адам тексеріліп, оның  ішінде 537 адамға стенд қою отасы жасалыпты.

Науқастың денсаулығы жан-жақты тексеріледі. Жүректің жұмысын ретке келтіретін үш тамырдың жұмысын қараймыз. Егер стенд қоюға болмайтын болса, оған арнайы дәрі-дәрмектер беріледі. Өзім еңбек ететін жедел жәрдем ауруханасына тек қана қала емес, облыстың барлық аймақтарынан науқастар келеді. Санитарлық авиация арқылы жеткізілетін адамдар бар, — дейді бас кардиолог.  

Кардиологтың айтуынша, соңғы жылдары жүрек ауруынан өлім-жітім саны азайған. 2012 жылдары жүз адамға шаққанда 17 адам көз жұматын болса, ал қазіргі күні — 7-8 адам.

АУРУДЫҢ СЕБЕБІ НЕДЕ?

 Дәрігердің айтуынша, аурудың көбеюіне әртүрлі жағдай себеп болып отыр. Экологиялық жағдайдың нашарлауы, артық салмақ және ішімдік пен темекі секілді зиянды әрекеттер жүрек-қан тамыр ауруларына алып келеді. Сондай-ақ қимыл-қозғалыстың аздығы да жүрек ауруына шалдықтырады. Соңғы кезде бұл аурудың негізгі себебіне  жүйке күйзелісі де жатқызылып жүр.

— Аурудың пайда болуына түрлі жағдайлар әсер етеді. Оның ішінде ішкен ас дұрыс болмаса түрлі сырқат үйір болады.  Қазір барлық тамақ түрі түрлі жасанды қоспалар арқылы дайындалады. Әсіресе, құрамында концентраты көп өнімдердің қатары көбейді. Осының барлығы адам ағзасына әсер етеді.  Қазір әрбір екінші адамда артық салмақ бар екенін ескерсек, тойып тамақ жеу, көп қимылдамау қан айналымы жүйесін бұзып, семіздікке душар етеді, — дейді Жадыра Құлахметқызы.

Жүрек-қан тамыр ауруына тұқымқуалаушылықтың да әсері бар. Бұл ауру  қан қысымының көтерілуінен, ағзада эн­докриндік жүйенің бұзылуынан, бүйрек ауруынан, сүйек, буын, жүйке ауруларының асқынуынан да пайда болуы мүмкін.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 Холестерин ағзаның бірқалып­ты жұмыс істеуіне пай­дасын тигізетін құрамдас бөлік болғанымен, оны артық пайдалану артериялық тамырлардың ішіне майлы заттардың жиналып, жү­ректің ишемиялық ауруының қауіп-қатерін шұғыл өсіреді.

Сондықтан ет тағамдарын азайтып, қуырылған тағамдарға мүлдем жоламаңыз. Майы аз сүт және өсімдіктен дайындалатын тағамдарға көңіл қойыңыз. Тұзды тағам жемеңіз. Егер астың дәмін келтіргіңіз келсе, бұ­рышты, лимон шырынын немесе тұз­дың орнына дәм­деуіш­ті пайдаланыңыз. Тәу­лігіне ең көп дегенде ас тұзының 5 грамын немесе 1 шай қасығын пайдалануға болады.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button