Спорт

«Ақтөбе» — жартылай финалда

Футбол

Жексенбі күні ақтөбелік футболшылар Қазақстан кубогы жолындағы ширек финалдық қарымта матчын Өскеменде өткізді. Жергілікті «Востокпен» ойнаған жерлестеріміз жеңіске алқынбай-ақ қол жеткізді.

Ойын алма-кезек шабуылмен басталғандай болды. Бірақ Чемпиондар лигасының кубогы жолында Еуропа клубтарымен күш сынасқан тәжірибелі жерлестеріміз еркін ойнады. Кездесудің 21-минутында Эмиль Кенжесариев есеп ашты. 45- минутта Сергей Головской есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші таймда алаң иелерінің шабуыл жасау ниеті іске аспай жатты. Сергей Хижнеченко, Данияр Кенжеханов, Санат Жұмаханов, Олег Сабиров, бұрынғы ақтөбелік сұрмерген Сергей Рогачевтар қанша күш біріктірмек болғанымен, біздің Андрей Сидельниковтың қақпасының кілтін таба алмады. Қорғаушылар Самат Смақов, Юрий Логвиненколар оларды қақпа маңына аса жолата да қоймады.

Ұрымтал сәттің бірінде Марат Хайруллин қонақтар қақпасына үшінші голды соғып тастады. Ойынның соңына таман, яғни 89-минутта Мұрат Тілешев айып добын қақпаға дәл түсіріп, нүкте қойды. Есеп — 4:0.

Бұдан бұрын «Ақтөбе» өз алаңында өскемендіктерді 2:1 есебімен ұтқан болатын. Екі ойынның қорытындысы бойынша жерлестеріміз Кубок үшін жарыстың жартылай финалына шықты.

Айта кету керек, 1994 жылы Қазақстан кубогы үшін ақтық сында ақтөбеліктер Алматыда «Востокпен» кездесіп, жеңіліп қалған еді.

Ал басқа командалар арасындағы қарымта матчтар былай аяқталды: «Атырау»-«Қайсар» — 4:0, «Жетісу»-«Тараз» — 1:0, «Шахтер»-«Ертіс» — 3:0. Осы ойындарда жеңіске жеткен үш команда жартылай финалда ойнайтын болады. Жартылай финал матчтары 7 және 11 қарашада өтеді. Ақтық ойын бейтарап алаңда Астанада болады. Жерлестерімізді Астананың алаңынан көрейік!

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button