Денсаулық

Өз бетінше емделу — өзіне қастық қылу

Баяғы бақсы-құшынаш жағалап жүретін заман емес, медицина саласы жақсы дамыған уақытта да  басы ауырып, балтыры сыздай қалса, емші жағалап не өз бетінше тон пішіп, қолына түскен дәрілерді қабылдай беретін адамдар арамызда аз емес. Тіпті жұқпалы тері ауруларына да мән бермейді, «әншейін көз жара ғой» деп әр майды бір жағып жүріп алады.  Өз денсаулығына деген мұндай немкетті  қарым-қатынастың арты жақсылыққа апармайтынын облыстық тері-венерологиялық диспансердің эпидемиолог дәрігері, санитарлық-ағарту жұмыстары бойынша жауапты маман Ақжарқын Бөлекбаева қадап айтты.

—  Бұл диспансердің атын естігеннен бойын үрей билейтін адамдар болады, дегенмен, талайдың жанына шипа болып келе жатқан мекеменің өзіндік орны бар. Күнделікті тіршілігінен хабар бере кетсеңіз.

— 1924 жылы негізі қаланған, содан бері аурухананың бір бөлімі, кейінірек жеке аурухана, одан  тері-венерологиялық диспансер атанған  мекеме  облыс жұртшылығына медициналық көмек беріп келе жатыр.  Диспансерге бір ауысымда 300-ге тарта адам қаралады. 43 орындық стационарлық бөлімнің бос тұратын кезі жоқ. 1 жоғары санатты, 20 Ісанатты, 15-20 жылдық тәжірибелері бар барлығы 27 дәрігер, 39 медбике  жұмыс жасайды.  Кәсібіне адал дәрігерлеріміздің халық арасында беделі бар. Аурудың нақты диагнозын дәл қоя білетін мамандарымыз әрдайым ізденіс үстінде, білімдерін жетілдіріп отырады. Астана, Алматы қалаларына барып білім жетілдіреді. Диспансер Марат Оспанов атындағы мемлекеттік медицина университетінің тері-венерологиялық аурулар кафедрасының емханалық базасы болып табылады. Кафедрада медбикелер, дәрігерлер, лаборанттар даярланады. Аудандардағы 13 ауруханада  дерматовенеролог кабинеті жұмыс жасайды.  Дәрігерлеріміз сондай-ақ Ресейдің Санкт-Петербург  қаласындағы тері-венерологиялық ауруханасында тәжірибеден өтіп,   білімін ұштайды, сырқаттарды емдеуде заман ағымына ілесіп келеді. Дәрігерлер Ақтөбеде өтетін облыстық, халықаралық конференцияларға қатысады. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы диспансерлермен тығыз қарым-қатынас жасаймыз, тәжірибе алмасамыз.

— Диспансерге қаралатындардың ішінде қандай аурулар жиі кездеседі?

— Кез келген адам жеке бастың гигиенасына қатты қарағаны жөн. Мұны балаға дейін біледі ғой деп, кейбіреулерге ұнамауы да мүмкін. Кейде адамдардың салақтығынан немесе сақтықты естен шығарғандығынан тері ауруларының жұқпалы түрлеріне шалдығып жататынын күнде көріп жүрміз.

Балалардың арасында атопиялық дерматит көп кездеседі, теміреткі деген бар, бұлар қаңғыбас ит-мысықтардан жұғуы мүмкін. Кейбір ата-аналар балалардың үстіне шыққан жараға бейжай қарайды, бірден диспансерге апаруға асықпайды. Тіпті «үшкіртем» деп қазақы емге апарады. Маман дәрігерге неғұрлым жылдам  көрсетсе, соғұрлым тез айығатынын ойлап жатпайды.

Соңғы кезде  жасөспірімдер арасында саңырауқұлақ сияқты  жұқпалы тері ауруымен келетіндер саны азаймай тұр. Оны жастар көбіне спортпен айналысатын мекемелерге жаттығуға барғанда жұқтырып алады. Мұндай жекеменшік мекемелер  санитарлық талаптарға сақадай сай деп айта алмаймыз, кейбір орындарда  жаттығудан ақ тер-көк тер болып терлеп шыққаннан кейін  жуынып-шайынып алатын себізгі де бола бермейді, соның қырсығынан саңырауқұлақты жұқтырып алады. Жасөспірімдер оған көп мән бермейді, уақытты оздырып барып, дәрігерге барады немесе ем-домды тиіп-қашты қабылдайды. Әйтпесе, бұл ауру емге көнеді, тек емдеудің толық курсынан өтуі тиіс. Кез келген адам өз жеке басының ғана емес, айналасындағылардың да денсаулығына жауапкершілікпен қарауға міндетті. Мысалы, күнделікті өмірде көп кездесетін күбірткеге де көп мән беріп жатпайды,  саусақтағы тырнақтың көбесі ipіңдeп тұрса да жүре береді. Бұл көбінесе жарақаттан, терінің бүлінген жеріне зиянды заттар мен бактериялардың түсуінен пайда болады, солқылдап ауырады. Күбірткеге тepi немесе ұлпалар, тіпті сүйек пен буын да шалдығады. Сондай-ақ адам аяқтарының не қолдарының тырнақтарын  алып отырғанда, етін жарақаттап алуы мүмкін. Егер оған микроб түссе, ол да іріңдеп мазаны алады. Егер ауыр түрі болса, адамның қызуы көтеріліп, тоңып, қалтырайды, басы ауырады. Саусақ ipіңдегенде  тамырды қуалайды, қолтық бeзi шошиды. Ал  ол организмге жайылса, адам өмipiнe қayiп  төнеді. Сондықтан жұмыс істегенде қауіпсіздік ережелерін ескермесе болмайды. Қолдың терісі сыдырылғанда, пышақ кескенде, дереу йод не бриллиант көгін жағып, таза дәкемен байлап қою керек. Күбіртке шыққанда, күн сайын саусақты 10-15 минут жылы суға малып, дәрі жағып, жылы орап таңып, дәрігерге көріну кepeк.

— Спорт клубтарына барып санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізесіздер ме?

— Әрине, біздің дәрігерлер белгілі жоспар бойынша  Ақтөбе қаласындағы мектептерге барып, лекциялар оқып, осындай жұқпалы аурулар туралы түсірілген бейнероликтерді көрсетіп тұрады. Бірақ жекеменшік мекемелерге кіру оңай емес, оған арнайы рұқсат керек. Әрі өздері қызығушылық танытып жатса ғана бара аламыз.

— Халыққа осы ретте қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

— Спорт клубтарына баратындар санитарлық нормалары сақталған жерде ғана жаттығуларын жасаса деймін. Денсаулықтан қымбат ешнәрсе жоқ.

Ересек адамдарға қарағанда жастар жағы көп қателесіп жатады. Жыныстық жолмен жұғатын ауруларға мән бермейді.  Дәріханаларға барып дәрілерді сұрап алып, өз бетінше емделгісі келеді. Атамыз қазақ: «Ауруын жасырған өледі» дейді, біздің диспансерге әбден ауруын асқындырып алғаннан соң барып келеді. Дер кезінде келсе, ауруынан тезірек айығады әрі өзгелерге жұқтырмайды. Бізде емделу тегін, тек өзінің ауру жұқтырғанын сезген адам уақыт оздырмай келсе болғаны. Мерез асқынып кетсе, өмірін қор етеді. Сол аурумен ауыратынын адамдар өте кеш біліп жатады, жалған ұят не керек, денесіне әлдеқандай жара шықса, өзгерістер болса, сақтық үшін дәрігерге қаралғаны дұрыс емес пе? Қазір вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар көп, олар медициналық тексеруден көбіне жекеменшік емханалардан өтеді де, кейде сырқаттары білінбей қалып жатады. Бұрын медициналық  тексеруден өткенде  біздің диспансердің дерматологтары қатысатын. Ол ауруларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін, қазір сырқаттардың санын дер кезінде  анықтау қиын. Жұқпалы деген сөздің өзі бұл ауруларға жіті мән беру қажеттігін көрсетеді.  Сондықтан диспансерге келіп қаралудан қашудың қажеті шамалы, пациент туралы мәлімет таратылмайды, құпиялық сақталады.

— Диспансер заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған ба? Сырқаттарды емдеуде жаңа әдіс-тәсілдер қолдану жағы қалай?

— Бізде емдеуде  криотерапия және лазерлік терапия сияқты қосымша әдістер қолданылады. Криотерапия дегеніміз салқынмен емдеу, физиотерапевтік ем, косметологияда төңкеріс әкелген жаңалық. Ал тері ауруларында,  мысалы, сұйық азотты криотерапия арқылы табандағы сүйелдерді, басқа да бөрткендерді емдеуге болады. Ол денедегі зат алмасу процестерін реттейді, жүйке жүйесін нығайтады. «Лахта-Милон» лазерлік хирургиялық  құралы бар. Жүздеген сараптама жасайтын зертханалық талдау жасауға арналған микроскоп құралының пайдасы зор.

Сондай-ақ дерматоскоп пен жартылай автоматтандырылған микропланшетті анализатор сияқты құралдар бар. Дерматоскоп тері ауруларын айқын көруге, терінің қатерлі ісіктерін  ерте анықтауға және оны басқалардан ажырата білуге мүмкіндік береді. Ал анализатор иммуноферментті зерттеу жасайды. Бұл микропроцессормен басқарылатын фотометриялық жүйе, ол анализдерді санап, есептейді және жұқпалы аурулардың тесттерін, ісік ауруларының маркерлерін, қан ауруларын, эндокринді бездердің қызметінің бұзылуларын анықтауға көмектеседі. Биотрон деген құрал түрлі-түсті жарық арқылы емдейді, оған қоса тағайындалған кең спектрлі дәрі-дәрмектер, диета арқылы жараның тез жазылуына жағдай туғызады.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button