Спорт

«Ақтөбе» қара үзіп шықты

 

Премьер-лига

 5 мамырда өткен 9-турдан соң «Ақтөбе» алға қара үзіп шықты. «Шахтер» алғашқы үштікке ілікті. «Жетісу» мен «Ақжайық» көш соңына түсіп қалды.

Енді ретімен баяндайық.

9-турда жерлестеріміз өз алаңымызда Қостанайдың «Тобылын» қабылдады.

Ойынның 52 пайызында доп қонақтардың иелігінде болғанының өзі-ақ жерлестерімізге табыс оңай келмегенін аңғартып тұрған жоқ па?! Рас, қақпаға доп бағыштауда, тіпті тура нысанаға алуда қонақтардан ілгері болдық. Бұрыштама доп соғуды көбірек орындағанымыз да (6-3) біраз жайдан хабар берсе керек.

Сол бұрыштама доптардың үшеуі ойынның алғашқы үш минутында-ақ соғылды. Нәтижесіз аяқталды.  Қонақтар оған жауап ретінде алыстан екі соққы жолдады. Ол да нәтижесіз болды. Ал 11-минутта біздің Марат Бикмаев абайсызда жарақат алып қалды да, оның орнына Сергей Ковальчук шықты. Осының салдары ма, әлде, реті солай болды ма, әйтеуір, осыдан соң қонақтар біздің қақпаны торуылдауға көшкендей көрінді. Бірақ тұмсық батыра алмады. Осылайша тұтас тайм бойы екі команда алма-кезек шабуылға шығумен ғана жүрді. Ал гол 38-минуттың есебіне жазылды. Марат Хайруллин допты тым ілгері шығып кеткен қақпашы Александр Петуховтың төбесінен асыра тастай салды, гол боларлық сәт еді-ақ, бірақ доп маңдайшаға тиіп, кері серпілді, кері серпіліп түскен допқа тағы да Марат бірінші болып жетіп, баспен соқты да, қақпа торына сүңгітіп жіберді: 1:0. Осы гол арқылы Марат «Тобылдың» қақпасына ең көп доп (4 доп) соққан өзінен бұрынғы екі ақтөбелікті — Самат Смақов пен Дмитрий Юристі қуып жетті. Екінші таймда қонақтар қақпашысы осы Марат тура «тоғыздыққа» аттандырған және бір допты жанкештілікпен қағып үлгерді.

Қостанайлықтар екінші таймда шабуылды үдете түсуге тырысты, әсіресе, соңғы минуттарда қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ есеп өзгерген жоқ.

Осылайша «Ақтөбе» өз алаңымызда үшінші рет жеңіске жетті.

Ал «Тобыл» сырт алаңдағы төрт кездесудің барлығында да жеңіліс тапты.

«Ақтөбе»»-«Тобыл» — 1:0.

Гол авторы: Марат Хайруллин, 38-минут.  

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Андрей Сидельников, Петр Бадло (капитан), Алексей Мулдаров, Юрий Логвиненко Тимур Кападзе, Александр Гейнрих (Сергей Гридин, 83-минут),

Марат Хайруллин, Андрей Харабара, Роберт Примус, Евгений Дяденко (Дмитрий Мирошниченко, 76-минут), Марат Бикмаев (Сергей Ковальчук, 13-минут).

«Ақтөбе» командасында 65-минутта Александр Гейнрих ескерту қағазын алды.

«Тараз» командасының футболшыларына 2 ескерту қағазы көрсетілді.

Бұл ойын «Ақтөбе» мен «Тобылдың» арасындағы 40-шы кездесу еді. «Ақтөбе» осымен 15 рет жеңіске жетті, 13 жеңіс — «Тобылдың» еншісінде, 12 кездесу тең есептермен аяқталды. Доп айырмашылығы: 48-40.

Айтпақшы, осы кездесуден бұрын «Тобылдың» бас бапкері Сергей Масленов Ақтөбеден жеңіліспен қайтатын болса, қызметінен өз еркімен кететінін аяқ астынан мәлімдеген болатын. Неге олай айтты екен? Енді қайтер екен?

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Восток»-«Ордабасы» — 2:1

(Азат Нұрғалиев, 14-минут (0:1); Сергей Костюк, 31-минут (1:1); Папа Ньянг, 71-минут (2:1).

«Шахтер»-«Қайрат» — 2:1

(Андрей Финонченко, 56-минут (1:0); Сергей Хижниченко, 67-минут (2:0); Тимур Байжанов, 84-минут (2:1).

«Ертіс»-«Тараз» — 1:0

(Игорь Юрин, 54-минут (1:0).

«Жетісу»-«Атырау» — 0:1

(Бейбіт Тәтішев, 90-минут (0:1).

«Ақжайық»-«Астана» — 2:2

(Павел Черны, 31-минут (1:0); Ұлан Қонысбаев, 49-минут (1:1); Игорь Зенькович, 56-минут (2:1); Дамир Кояшевич, 86-минут (2:2).

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе           9     6          3          0          13-4    21 

2 Астана           9     5          2          2          15-11  17

3 Шахтер         9     4          1          4          11-13  13

4 Атырау       9          3          4          2          4-7      13

5 Қайрат        9          3          3          3          13-11  12

6 Ертіс           9          3          3          3          8-7      12

7 Тараз          9          3          3          3          10-10  12

8 Ордабасы     9     2          4          3          7-9      10

9 Восток        9          2          3          4          5-8      9

10 Тобыл           9     1          3          5          11-13  6

11 Жетісу*   9         1          5          3          7-12    5

12 Ақжайық*          9          2          4          3          14-13  4

 

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

*Ойыншылар мен бапкерлердің жалақысын кешіктіргені үшін «Ақжайықтан» — 6 ұпай, «Жетісудан» 3 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 

9-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 13 доп соғылды, бұл көрсеткіш чемпионат басталғалы екінші рет қайталанып отыр, 3-турда да дәл осылай 13 доп соғылған болатын. Ал бұл турда алаң иелері  8 гол, қонақтар 5 гол соқты. Орта есеппен әр кездесуде 2,16 доп соғылды.  

Екіншіден, алаң иелері 4 кездесуде жеңіп, қонақтар 1 кездесуде ғана ұтты, 1 кездесу тең нәтижемен қорытындыланды. Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. Чемпионат басталғалы 1:0 есебі он үшінші рет, 2:1 есебі сегізінші рет, 2:2 есебі екінші реттен қайталанды.

Үшіншіден, бұл турда ойыншыларға 24 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 10, қонақтар — 14). «Востоктың» жартылай қорғаушысы Вальтер Мур ойынның 76-минутында екінші рет ескерту қағазын алғаннан кейін жасыл алаңнан қуылды.

Футболшылары ескерту алмаған жалғыз команда — «Тараз».

Төртіншіден, «Ақтөбе» чемпионат басталғалы ұтылыссыз ойнап келе жатқан жалғыз команда, бұл жолы жеңіске ие болды.

Бесіншіден, чемпионат басталғалы 25 рет алаң иелері жеңіп, 19 кездесу тең есеппен аяқталды, 10 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 118 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,18 доп енді.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық») — 6 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 4;

Мануэль Курто («Тараз») — 4.

3 доптан соққан жеті футболшының бірі — біздің Марат Хайруллин.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 3 доп;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 2;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 1;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы)— 1.

 

*   *   *

11 мамырда, жексенбіде «Ақтөбе» сырт алаңда Алматының «Қайрат» командасымен кездеседі.

Өткен жылы «Қайратпен» өз алаңымызда тең ойнап (1:1), Алматыда 3:0 есебімен жеңіске жеткенбіз.

Қалған кездесулер:

«Атырау» — «Астана»

«Ордабасы» — «Шахтер»

«Тобыл» — «Ертіс»

«Тараз» — «Жетісу»

«Восток» — «Ақжайық».

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button