Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді
Банктегілер бопсалауға құқылы ма?
— Осыдан төрт жыл бұрын «Альянс» банкінен 165 000 тенге несие алған едім. Бір жарым жыл уақытылы төлеп тұрдым. Содан жұмысымнан қысқарып қалып, тұрақты табысым болмай, төлей алмадым. Қалған қарызымды енді жұмысқа орналасып, төлейін десем, банктегілер «өсімі көбейіп кетті, енді алғашында 100 000 теңге төлейсің, сосын көреміз, тез құтылуың керек» деп отыр. Жұмыс орныма телефон соғып, қайта-қайта бастығыма банкке қарыз екенімді айтып, мені жұмыстан босатуды сұрайды. Мен жалғыз басты анамын, жалдамалы бір бөлмеде тұрамын.
«Жұмыс орнымның да, менің де мазамызды алмаңыздар, қайта кесте жасап берсеңіздер, біртіндеп төлеуден қашпаймын» десем, көнбейді. «Жұмыстан босаттырамыз» деп қорқытады. Мен қарызымды жаңа кесте арқылы төлеуіме болады ма? Олардың әрекеттері заңды ма?
Алмагүл Қасабекова,
Ақтөбе қаласы.
— Әрине, атқаратын жұмысыңыз бен банкпен несиелік қарым-қатынастарыңыздың арасында ешқандай байланыс жоқ. Бәрі де бастапқыда несие рәсімдеу кезінде жасасқан шарттарыңыздың жай-жапсарына орайлас шешілуі міндетті. Онда қарызды өтеу кестесін бұзып алған жағдайдағы қам-қарекеттеріңіздің қалай түзілетіні көрсетілуге тиісті. Келісімге келе алмай, дау көтерілсе, сондай-ақ банк тарапынан сізге заңсыз қысым көрсетіліп, еңбек ету құқығыңызға қол сұғылған болса, прокуратураға шағымдануыңызға, сот төрелігіне жүгінуіңізге болады.
Дүкенді сатып алу шарты бұзылуы мүмкін бе?
— Банк менің біреуден дүкенді іргесіндегі жер телімімен қоса нотариатта рәсімделген сатып алу шартымды жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз түсіріп отыр. Себебі дүкенді маған сатушыдан банктің пайдасына бірнеше миллион теңге қарыз өндіру туралы сот шешімі және оның орындалуын қамтамасыз ету мақсатында осы жылжымайтын мүлікке тыйым салу жөніндегі сот орындаушысының қаулысы бар болып шықты. Дүкенді сатып алу шартын рәсімдер сәтінде мен бұл туралы білген жоқпын. Рас, мәміле жасалғанда дүкен оның алған несиесі үшін банкте кепілде тұрды. Бірақ басқа ауыртпалығы болған жоқ. Дүкенді сатып алу-сату шартының 7-тармағында осы жылжымайтын мүлікке үшінші тараптың, яғни, кепіл ұстаушы банктің құқығы мен талабы туындаған жағдайда оны орындау сатушыға жүктелетіні көрсетілді. Нотариус біздің шартымызды кепіл ұстаушының жазбаша келісімінің негізінде рәсімдеді. Енді дүкен сатушы – борышкерде банк несиесін қайтаратын басқа қаражат қалмағанын және сот орындаушысының дүкенді сатуға тыйым салу жөнінде қаулы қабылдағанын көлденең тартқан талапкердің сатып алу-сату шартын бұзу туралы талабы сотта қанағаттандырылуы мүмкін бе?
Құндыз Ералықызы.
— ҚР Азаматтық кодексінің 158-бабының 3-тармағына орай егер мәмілеге қатысушылардың бірі (яғни, борышкер) үшінші тұлғаның (бұл орайда банктің) алдындағы міндеттемесінен немесе жауапкершілігінен жалтару үшін мәміле жасаса, ал басқа қатысушы, яғни сатып алушы — сіз бұл жайында білсеңіз немесе білуге тиісті болсаңыз, мүдделі тұлға (банк) мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы. Азаматтық істің қаралуы барысында сіздің сотқа жылжымайтын мүлікті (дүкеніңізді) тыйым салудан босату, сот орындаушысының қаулысын бұзу жөнінде арыз жазғаныңыз дұрыс. Ал талапкер өкілінен сату және сатып алу шарты рәсімделер кезде сіздің сот шешімі мен сот орындаушысының қаулысы туралы білгеніңізді немесе білуіңіз мүмкін болғанын дәлелдеуін, сондай-ақ дүкен сатушы борышкердің аталған мәмілені банк алдындағы міндеттемесінен жалтару үшін жасағанынан бейхабарлығыңызды жоққа шығаруын табанды түрде талап етіңіз. Ондай дәлелдер ұсына алмаса, сотта сіздің мерейіңіз үстем болып шығуы ықтимал.
Қызметке тұруға кедергі бола ма?
— Туған ағам қылмысты болып, бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Оның осы жағдайы менің мемлекеттік қызметке тұруыма кедергі бола ма?
Таңатар Табынұлы.
— Жақын туыстарыңыздың сотты болуы сіздің мемлекеттік қызметке орналасуыңызға кедергі бола алмайды. Бірақ тиісті құжаттарға жалған ақпарат келтіріп, бұл туралы жасыруыңыз қызметке қабылданбауыңызға себеп болады.
Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:
8 (7132) 51-04-13; 8-701-586-11-10; 8-771-187-47-31;
8-707-892-55-14; 8-700-961-31-20
E-mail: sultan.ns@mail.ru
Қайырлы күн! Мен мектепте мұғалімдік қызмет атқарамын. 2000-2012 жылдар аралығында орыс класындағы қазақ тілі пәнінен сабақ бердім. Осы уақыттарда жалақыма тілді үйреткенім үшін қосымша 15% төлену керек еді (29.12.2007 жылғы №1400 қаулы – 25%). Маған төленбеді. Енді менің талап етуім заңды ма? (Егер заңды болса маған 29.12.2007 жылғы №1400 қаулыға дейінгі қаулыны тауып бере аласыз ба? қызмет орныма дәлелдеуім үшін) көп рахмет!