Дара жол
Бойына әлденеше өнерді сыйғызған ініміз Жетес Жәмековтің өлеңін өзі жазған «Шалқардан ұшқан аққулар» атты тамаша әні бар.
Шалқардан ұшқан аққулар,
Қай жаққа қанат қақтыңдар?
Менде де аппақ арман бар,
Алысқа соны жалғаңдар, — деп басталатын әсем шығарма тыңдарманды баурап алады. Сонда алуан қиырда атамекен даңқын асқақтатып жүрген жерлестеріміздің тұрпаты көз алдымызға келері сөзсіз. Солардың бірі — медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақшолақов.
Ғалым туралы сөз еткенде халқымыздың «Тектіден текті туады…» деген ұлағатты пікірі ойға оралады. Арғы бабасын сұрасаң, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен, замана лебін дер кезінде ұғынып, Орынбор-Ташкент темір жолының құрылысына тікелей ұйытқы болған қайраткер, би Мырзағұл Шыманұлы. Шалқардың қалың жұрты ел тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде-ақ темір жол стансасындағы ашық алаңда баба мүсінін биік тұғырға орнатып, үлкен көшелердің біріне есімін берген-ді. Таяу жылдарда дүниеден озған өз әкесі Қуандық үлкен-кіші жамағат есінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, еш пендеге жамандық ойламаған, қолы ашық, жүрегі жұмсақ адам ретінде есте қалды. Ақтөбе облысының бірінші басшылығында өзге ұлт өкілдері бірінен соң бірі отырған сонау жылдардың бірінде облыстық партия конференциясында облатком төрағасы Кәдірбековтің жаңадан сайланбақшы облыстық партия комитетінің құрамына неліктен ұсынылмай тұрғанын игі жақсылар ортасында тайсалмай сұрап, қандасымыздың келешек тағдырына ара түскен, қайтадан өз қызметінде қалуына ықпал еткен делегат, Шалқар ауданындағы «Қызыл ту» ұжымшарының төрағасы осы Қуандық ағамыз еді.
Құнарлы өңірден бастау алған бұлақ тәрізді Серіктің осал болуға қақы бар ма?! Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын 1975 жылы бітіріп шыққан кейіпкеріміз сонан бері өсу, өрлеу үстінде келеді. Ол Мәскеу қаласында Ресей медицина ғылымдары академиясының академик Н.Н. Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында өткізген он бес жылға таяу уақытын тебірене еске алады. Даңқты ғалым институтты ашқанда өзімен бірге Ұлы Отан соғысына қатысқан, небір қиыншылықтарды басынан өткерген, өмірдің ащы-тұщысын сезінген дәрігерлерді жинақтаған екен. Сондай дәрігерлердің тәлім-тәрбиесін бойына сіңіріп өседі. Айтқан әңгімелерін, шыбын жанына сауға сұрап келген емделушілерге деген көзқарасын кейін өз шәкірттерінің арасында қалыптастыруды мұрат етті.
Серік Қуандықұлы ата-әжесінің, әке-анасының тәрбиесіне қанығып өскенін мақтан етеді. «Әрбір кеште әкем жұмыстан келгенде үйге патша кіріп келе жатқандай сезімде болатынбыз. Мейірімді де, қамқорлықты да, қаталдықты да бір сәтте күтіп, қаһарына ұшырап қалмаудан сақтанып та тұратынбыз», — дейді ол. Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының, Бүкіл дүниежүзілік дәрігерлер ассоциациясының шешімімен берілетін «Әлем дәрігері» атағының, 2008, 2009 жылдары «Алтын адам – Қазақстанда жыл адамы» атағының, Пирогов атындағы сыйлықтың иегері болған, «Парасат» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған ол ешқашан да көкірек керген емес. Алдына барған адамның тілек-өтінішін асықпай тыңдап, денсаулығын жан-жақты сараптаудан өткізеді. Ми, жұлын ауруларына кезіккен адамдарға екі мыңнан астам отаны сәтті жасауы — алғашқы сәттен жауапкершілікті сезінудің, өзіне өзі қатаң талап қоюдың нәтижесі.
Ғұлама ғалым Ибн Синаның: «Дәрігердің көзі – сұңқардың көзіндей қырағы, қолы – қыздың қолындай биязы, жүрегі – арыстанның жүрегіндей айбатты болу керек» деген сөзін Серік Қуандықұлы хирургтердің, соның ішінде нейрохирургтердің жұмысына берілген анықтама деп түсінеді. Адам ағзасының ең күрделі мүшесі миға операция жасау инемен құдық қазғандай ауыр екенін жадынан еш шығарған емес.
Егер елімізде медицинаның аса күрделі саласы нейрохирургия өте жақсы қарқынмен дамып, әлем ғалымдарының назарын аударып отырса, сөз жоқ, Серік Ақшолақов бастаған ақ желеңді жандар шоғырының ынтымақтаса қимылдауының жемісі. Өз міндетін адал атқара жүріп, кейіпкеріміз жоғарыда айтып кеткен Н.Н. Буденко атындағы институтта кандидаттық, докторлық диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Ғалым, ұстаз ретінде 20 клиникалық ординаторды даярлап, шығарды, 20 кандидаттық және 2 докторлық диссертацияларға жетекшілік етті.
Профессор Серік Ақшолақовтың бір арманы – Қазақстанда осы замандық нейрохирургия орталығын ашу болды. Осы мақсатпен 2000 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атына хат жазды. Екі жылдан кейін «Нейрохирургия» бағдарламасын жасап, бекіттіруге ұйытқы болды. Бұл кезеңде қырыққа тарта нейрохирург Германияда, Израильде, АҚШ-та оқып, әлемдік озық медицина тәлімдеріне қанығып келген-ді. Елбасының тікелей қамқорлығы нәтижесінде Астана қаласында жалпы құны жеті миллиард теңгеден асатын «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының» осы замандық талаптарға толық жауап беретін ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Ақшолақов басқаратын бірегей медициналық кешен төрт жылдан бері жүйелі жұмыс істеуде. 160 төсек-орынға есептелген жеті клиникалық бөлімшеде, сондай-ақ микрохирургиялық және эндоскопиялық техникаларды қолданып ота жасайтын бес блокта бүкіл технология бар. Медициналық нысанның басты артықшылықтарының бірі – осы блоктар. Арнайлы ламинарлық ағын ота залдарын тәулік бойы зарарсыздандырып отырады. Орталықта жылына төрт мыңға жуық адам емделетін болса соның екі мыңдайына ота жасалады. Әлемнің бірде-бір елінде мемлекет халқын 100 пайыз тегін емдейтін дәл осындай әлемдік стандартқа лайықталған нейрохирургиялық орталық жоқ.
— Қазақша жалпақ тілмен айтқанда, операция кезінде біз науқаспен
бірге өліп-тірілеміз. Ешбір хирург, ол нағыз дәрігер болса, науқас жаннан бөлек тұра алмайды. Бірақ біз бүгін қан көрдік деп ертең жатып қалсақ, басқа науқастарға кім қарайды? – дейді Серік Қуандықұлы.
Үлкен операциялардан қажып, қалжырап шыққанда спортпен шұғылдануды машық еткен. Немерелерімен қарым-қатынастан көп энергия алатынын да жасырмайды. Әлдеқалай Ақтөбе жаққа сапардың сәті түссе немесе жылдық еңбек демалысында құстай ұшып Шалқар жаққа барудан, іні-келіні Қайрат пен Ләззаттың қолындағы жасы 85-тен асқан анасы Сағынай мен апасы Жұмагүлге сәлем беруден жаңылған емес. Қашан, қайда көрсек те қарапайым, қазақуар қалпы. Қара сөзге шебер, халқымыздың тағылымы мол салт-дәстүрлерін жақсы меңгерген. Бірде әкесінің көзі тірісінде үлкен дастарқанда алдына бас тартылады, бұл ұстаудан қашқалақтайды. Қожайын қайта ұсына бергенде:
— Мен адамның басы болмаса, малдың басын ұстамаушы едім, —
дегенде жанында отырғандар күліп жіберіпті.
С.Ақшолақов – 2004 жылы қайтадан ашылып, үш тілде – қазақша, орысша және ағылшынша шығарылып келе жатқан «Қазақстан нейрохирургиясы және неврологиясы» журналының бас редакторы. Ол «Ми жарақаты» және «Клиникалық неврология» атты үлкен монографиялық жинақтарды шығаруға атсалысты. Таяуда Шалқар ауданының әкімдігі мен аудандық мәслихаттың шешімімен берілген «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағын өмірдегі үлкен сыйдың бірі ретінде қабылдады.
Серік туралы айтқанда жары, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Баянды ауызға алмау — күпірлік. Бір кезде Ақтөбе облысының Темір, Шалқар, Қарабұтақ аудандарын, облыстық қаржы басқармасын басқарған сұңғыла саясаткер Төлеу Алдияровтың қызы — кейіпкеріміздің әлемдік аренада танымал болуына өлшеусіз үлес қосқан, тамаша жан, үлгілі отбасының кемел бәйбішесі, немерелердің асыл әжесі.
Атамекен мерейін асқақтатқан азамат турасында 60 жасқа толу тойы қарсаңында осылайша сыр шерттік.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
журналист.