Спорт

Азияда ең үздік!

Каратэ

Ақтөбелік спортшы Нұрқанат Әжіқанов Азия чемпионы атанды.

Нақтырақ айтар болсақ, 21-23 шілде күндерінде Малайзияның Малакка қаласында Бүкіләлемдік каратэ федерациясының (WKF)ұйымдастыруымен каратэден XIX Азия чемпионаты өтті. Оған алып құрлықтың 31 елінен 400-ден астам спортшы қатысты.

Қазақстан құрамасының сапында жарысқа 19 адам барды.Ең қуаныштысы, осы спортшыларымыздың жартысы жүлдеге қол жеткізіп, жарыс қорытындысында біздің құрама жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді.

Ұлттық құрама Азия чемпионатында 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Қазақстаннан шыққан үш чемпионның бірі — ақтөбелік Нұрқанат Әжіқанов. Ол 75 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, барлық қарсыластарын жеңіп шықты. Нұрқанат бұған дейін 2017 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, ал 2021 жылы Дубайда өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған еді.

Ұлттық құрама сапынан сондай-ақ Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева мен Қайсар Алпысбай чемпион атанды. Ал Дидар Әмірәлі, Мөлдір Жаңбырбай және Гүлмира Үсенова күміс алды. Тағы бір күміс — ең соңғы күні өткен командалық жарыстың нәтижесінде келген жүлде. Жоламан Биғабыл, Лия Қошқарбаева, Абылай Төлтай, Данияр Юлдашев — қола жүлде иегерлері.

Біздің спортшыларымыздан кейінгі жалпыкомандалық екінші орынды — Жапония, ал үшінші орынды Иран құрамасы иеленді. Айта кетейік, каратэден ұлттық құрама Азия чемпионатында жалпыкомандалық есепте алғаш рет алға шығып отыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button