Экономика

2022 жыл: Ақтөбенің экономикалық әлеуеті қандай болды?

Кез келген мемлекеттің, соның ішінде облыстың тыныс-тіршілігінің күретамыры — экономика. Нарық заманында ішкі жалпы өнімнің тартылған инвестицияның көлемі сол жердің мүмкіндігін көрсетеді. Осы ретте Барыс жылында Ақтөбенің экономикалық әлеуеті қалай өрілгенін бағамдап көрсек…

30 кәсіпорынмен толықты

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы инвестиция және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, биыл өңірде әртүрлі деңгейдегі 30 кәсіпорын іске қосылған. Бұл, былтырғымен салыстырғанда, 7 өндіріс орнына көп.

— Әрине, 2022 жылы ашылған 30 нысанның бәрін ірі зауыт-фабрика деуге келмейді. Дей тұрғанмен, өткен жылға қарағанда, даму көрсеткіші жоғары. Айталық, биыл «ТехноСкаут» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі экологиялық жағынан тиімді қалташаларды (пакет) шығаратын зауытты пайдалануға берді. Өндіріс орны жылына 6 мың тоннаға тауар шығарады. Ал «Akva Max» серіктестігі құтыдағы су шығаратын зауыт ашты. Жобаның қуаттылығы — сағатына 5 мың бөтелке. Сол сияқты «Ақшатау.kz» компаниясы пробиотикалық өнім өндіретін «Maxillin» зауытын іске қосты. Сонымен қатар тізімде «Айс-плюс» компаниясының тәулігіне 25 тоннаға дейін сүзбе шығара алатын цехы, фермалар, базар мен сауда үйлері бар. Бұлардың барлығы — өңірді индустриялық-инновациялық жағынан дамытатын компаниялар, — деді Нұртуған Оралбаев.

Солардың бірі — құрамында пайдалы тағам қоспалары бар өнім өндіретін «Maxillin» зауыты. Биылғы маусым айында ашылған кәсіпорынның басқалардан басты ерекшелігі — экспортқа ден қойғандығы.

— Былтыр досым екеуміз осы істі қолға алып, зауыттың базасын біртіндеп қалыптастырдық. Дайындық жұмыстарына бір жыл кетті. Ал жаз мезгілінде кәсіпорын өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда 25 адам еңбек етіп жатыр. Олардың орташа еңбекақысы — 220 мың теңге.

Ішкі нарықтан бөлек, айранды Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдеріне саудалаймыз. Өзге де мемлекеттерге сату жоспарда бар, қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жалпы, зауыт күніне 5 тонна (шамамен 10 мың құты) сүт өнімдерін шығаруға қауқарлы. Осы бизнесті жүргізуге 1,5 миллион доллар инвестиция салынды, — дейді кәсіпорын директоры Нұржан Әлібаев.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілінен білгеніміздей, алдағы жылға да жоспарланған жобалар аз емес. Мәселен, 2023 жылы өндірісті өлке — Хромтау ауданында бірнеше зауыт ашылмақ. «Мұнайхим ЛТД» серіктестігі мұнай-химиялық реагенттер шығаратын, ал «Мұнай қондырғыларының қазақстандық зауыты» серіктестігі жылжымалы бұрғылау қондырғыларды өндіретін зауыттарды іске қоспақ. Сондай-ақ есік-терезе шығаратын өндіріс орны да өз ісін бастамақ.

АЙТПАҚШЫ…

«Ақтөбе облысы — ел үшін экономикалық және стратегиялық маңызы зор Қазақстандағы ең ірі өңір. Аймақ  хром, титан, никель қоры бойынша дүниежүзінде көшбасшы. Оның аумағында көмірсутегінің болжамды қорының 30 пайызы шоғырланған, өнеркәсіптік мұнай қоры республика бойынша үшінші орында. Біз таза, инновациялық және әртараптандырылған экономикалық модель ұстанып келеміз. Біздің міндетіміз — инвесторларды тарту және жан-жақты кешенді қолдау», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Алыс-берістің ахуалы

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің жақсы дамығаны белгілі. Облыстың атын асқақтатып жүрген ірі кәсіпорындар да аз емес. Бұлар айналып келгенде өңір экономикасына да оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиевтің айтуынша, Барыс жылында жергілікті импорт пен экспорт көрсеткіштері де артқан.

— Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің облыс бойынша биылғы 12 айдағы мәліметі келер жылы бір-ақ шығады. Бірақ алыс-беріс жағынан қазірдің өзінде жақсы көрсеткіштердің барын біліп отырмыз. Айталық, 2022 жылғы 9 айда барлығы 147,1 миллион АҚШ долларына жергілікті өнімдеріміз өзге елдерге жөнелтілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 144,7 пайызға жоғары. Ал экспортқа келсек, сырттан 52,8 миллион АҚШ долларына азық-түлік әкелінген. Өсім, 2021 жылдың 9 айындағы көрсеткіштермен салыстырсақ, 120,1 пайызға көп, — дейді ол.

Облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаратын 20-дан астам кәсіпорын бар. Ресей, АҚШ, Қытай, Германия, Израиль, Иран, Өзбекстан, т.б. мемлекеттерге ет, балық, сүт, ұн және макарон өнімдері, шұжық, сондай-ақ сары май, күнбағыс майы, жұмыртқа, көкөністер (қызанақ пен қияр) саудаланады.

Игілікке бастайтын инвестициялар

Ақтөбенің экономикасына осы желтоқсан айының 6-сы күні Астана қаласында өткен «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестициялық форумы да оң әсер етері анық. Үкімет мүшелері, ұлттық компаниялар, қаржы институттарының өкілдері, ірі шетелдік және отандық инвесторлар, сарапшылар қатысқан шарада әуелі өңірдегі бизнесті жүргізудегі артықшылықтар, инвестицияларды салу үшін перспективалы салалар мен жобалар таныстырылды. Мақсат — Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетін көрсету, осы саладағы имиджін ілгерілету, сондай-ақ өңірдің экономикасын дамыту.

Форум аясында біздегі инвестициялық мүмкіндіктер паш етілген көшпелі көрме ұйымдастырылды. 5 блоктан тұратын көрмеде «Химиялық өнеркәсіп» блогында «EASY» компаниясы өз өнімдерін көрсетсе, «Металлургия және машина құрастыру» блогында шара қонақтары «ERG Recycling», «Қазақстанның мұнай жабдықтары зауыты», «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты», «Bigness» ЖШС ұжымдарының жұмысымен танысты. «Құрылыс индустриясы» блогында «Фотон» Ақтөбе құрылыс материалдары зауыты және «Қазтермогрупп», «Зерде Керамика Ақтөбе» ұжымы өз мүмкіндіктерін көрсетті. Қатысушылардың назарын ерекше аударған тамақ және агроөнеркәсіптік кешендерінде жұмыс істеп жатқандар болды. Олар — «Айс-плюс» ЖШС, «Рамазан»,  «АҚМЭЗ», «Рокос Агро» ұжымдары. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпті дамытып жүрген «А-Textile» ЖШС, «ПК Глобал-арнайы киімдер», т.б. бар. Артынша «Ақтөбе облысының инвестициялық перспективалары», «Ақтөбе облысының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі драйверлері» тақырыптарында пленарлық отырыс өткізілді.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Өңірлік кәсіпкерлер палатасынан білгеніміздей, 1 желтоқсандағы дерек бойынша облыста 81017 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген.

— Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында саяси және экономикалық реформалар ең алдымен әрбір қазақстандықтың табысын арттыруға, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатынын атап өтті. Мұны мемлекет пен бизнестің бірігуінсіз орындау мүмкін емес. Біз көріп отырған жаһандық экономикалық толқулар мен трансформациялық өзгерістер дәуірінде сенімді әріптес болу маңызды және біздің мемлекетіміз, оның ішінде Ақтөбе облысы осындай серіктес ретінде әрекет етуге әзір және ашық. Біз «ашық есік» саясатына басымдық береміз, инвесторлар алдындағы өз міндеттемелерімізді толық көлемде орындауға дайынбыз, — деп атап өтті форум барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов. 

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан: «Келісімшарттар бойынша жыл сайынғы инвестициялар көлемі соңғы 3 жылда 50 пайызға, 147 миллиард теңгеден 216 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Бұдан басқа өңірде 77-ге жуық қатты пайдалы қазбаларға толы бос кен орны бар. Олардың қатарына алтын, никель-кобальт, титан-цирконий, хромит, марганец, фосфорит, кир, битум, асбест, дала шпаты, тальк, кварц және көмір сияқты кен орындары жатады. Министрлік елге инвестиция тарту мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне түзетулерді дайындады. Бұл түзетулердің мақсаты — жер қойнауын пайдалану құқығын алу тәртібін жеңілдету және ауқымды геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті жеткізу. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — деді. Яғни облыс металлургия, химия, мұнай-газ салалары, жалпы жер қойнауындағы байлық жағынан республика бойынша жетекші орынға ие. Өңірдің хром кен орындарының қоры бойынша әлемде 2-орынды, көмірсутек шикізаты мен мыс кен орындарының қорлары бойынша Қазақстан 3-орынды алатыны айтылды. Қазірдің өзінде өнеркәсіп — жалпы аймақтық өнімнің 40 пайыздан астамын құрайтын экономиканың негізгі драйвері.

Форум аясында облыс әкімдігі мен Германия, Литва, Түркия мемлекеттерінің ірі инвесторлары арасында жалпы сомасы 2,7 трлн теңге болатын меморандумға қол қойылды.  Жобалардың қатарында мұнай-химия кешені, қант зауыты, теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт, рельс дәнекерлеу кәсіпорны, медициналық жабдықтар шығаратын зауыт, т.б. бар.  Аталған келісімдердің жемісін, бұйыртса, алдағы жылдары көретін боламыз.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button