Басты жаңалықтарТәуелсіздік — 30

Қалыпты тіршілікке қадам ретінде қабылдады

Тәуелсіздік шежіресі: 1993 жыл

1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты.

Жарлыққа сай, осы жылғы 15 қарашада сағат 8.00-ден бастап қазақ елінің аумағында ұлттық валюта — теңге айналысқа енгізілді.

Сондай-ақ 18 қарашадан бастап теңге ел аумағындағы бірден-бір заңды төлем құралына айналды.

 

Осыған байланысты Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін теңгеміз соңғы екі жылдың ішінде қалыптасқан 700 миллионнан астам АҚШ долларының сомасында өзіміздің алтын-валюта резервімізбен қамтамасыз етіліп отыр», — деп атап көрсетті.

Теңгенің айналысқа енуін ел ішінде мазасыздық, алаңдаушылық тудыруға «тиімді пайдалану» үшін түрлі қауесеттер таратқандар да болды. Үндеуде бұл жөнінде де айтылды: «Мен республиканың барлық азаматтарын тыныштық пен шыдамдылық сақтауға, ертеңгі күнге сенім артуға шақырамын. Қазірдің өзінде пайда бола бастаған қайдағы бір өсек-аяңдарға, ойдан шығарылған жел сөздерге ермеңіздер. Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарына жүктелер жауапкершіліктер де зор. Кейбір газеттер мен өздерін тәуелсізбіз деп санайтын телебағдарламалардың өсек-аяңдарды таратқанынан зиян келмесе, еш пайда болмайтыны белгілі. Бұл өздерінің жеке бастарының қамын немесе амбициялық мақсатын көздейтін жат пиғылдылар мен саяси қаскөйлер үшін ғана қолайлы», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қаулысымен біздің облыстың сол кездегі әкімі Шалбай Құлмаханов мемлекеттік комиссияның Ақтөбе облысында ұлттық валютаны енгізу жөніндегі өкілетті өкілі болып тағайындалды.

Халықтың қолындағы ескі ақшасын теңгеге айырбастауы үшін құрамында 20-дан астам адамы бар барлық ұжымдарда (мекемелер мен кәсіпорындарда) айырбастау комиссиялары құрылды. Құрамындағы еңбеккері 20 адамнан аз болған жағдайда немесе іссапарда жүрген кісілерге жергілікті әкімдіктер жанынан құрылған айырбастау комиссияларының қызметіне жүгіну ұсынылды. Зейнеткерлерге, жұмыс істемейтін адамдарға ақша айырбастау қызметі «Қазжинақбанкі» бөлімшелері, пошта бөлімшелері және зейнетақы қорының төлем орталықтары арқылы жүргізілді.

Облыста 500-ден астам ақша айырбастау пункті жұмыс істеген. Алмастыру 20 қарашаға дейін жүргізіліп, ал 25 қарашадан бастап жалақыны жас тәуелсіз мемлекеттің жаңа валютасымен беру жоспарланды.

18 қарашаға дейін Ақтөбе қаласында жұртшылыққа 16 миллион 937 мың теңге берілген. Осы күнге дейін барлығы 101, 1 мың адам өзіне тиесілі лимит шегінде ақша ауыстырып үлгерген. Оның 26,4 мыңы — облыс орталығындағы кәсіпорындардың жұмысшылары. Жалпы, сол кезде Ақтөбедегі кәсіпорындарда 33,4 мың адам жұмыс істеген екен.

Бұл өте-мөте қиын күндер болды: 18 қарашаға дейін облыс орталығындағы өнеркәсіп тауарлары дүкендері жабық тұрған. Ал азық-түлік дүкендерінің ашық тұрды деген аты ғана болмаса, тек нан, ішінара сүт өнімдерінен басқа ештеңе сатпаған. Жұрт құны кеткен ескі ақшаға көзіне түскенді сатып алып, жайма базарларды жағалап кетіпті. Өз кезегінде саудагерлер де бағаны шегіне жеткізе шарықтатып жіберген.

Дегенмен қарапайым халықтың көңілінде күдіктен гөрі үміт басым болды. Өтпелі кезеңнің өзгерістерінен шаршаған халық теңгенің енгізілуін қалыпты тіршілікке қарай жасалған маңызды қадамдардың бірі ретінде қабылдапты. Бұлай дейтініміз, жаңа валюта енгізілген күндердегі жұртшылықтың көңіл күйі, ой-толғанысы облыстық «Ақтөбе» газетінің бетінде берілген пікірлер топтамасында сақталып қалыпты: «Теңгеміздің енгізілуі еліміздің егемендігін таныта түсетін биік бір саты болды. Бұл жай ғана ақшаның ауысуы емес, бұл — өрлеуіміз, еңсемізді тіктеуіміз. Ұлттық валютамыздан Абылай ханның, Әбілқайыр ханның, Абайдың, Шоқанның, Құрманғазының, Сүйінбайдың, Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнелерін көріп, тек қана мемлекеттік тілдегі жазуды оқып, қуанышымызда шек жоқ. Бұл — ақсарбас атайтын күн… Ендігі тілек — теңгеміз халықтың қалыпты тіршілігіне қызмет етсін», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Шерәлі Бәйімбетов.

«Азық-түлік» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары А.Банокина: «Мен орыс ұлтынанмын. Бірақ россиялық саясатшылардың осы уақытқа дейін сом аймағын сақтауға уағдаласып келіп, аяқастынан айнығанын азаматтық дей алмаймын. Әрине, сом аймағының ортақ болғаны жақсы-ақ еді. Баяғыдан бері қалыптасып қалған дәстүрді аяқастынан бұзу әлі де талай қиындыққа душар етері сөзсіз. Бірақ қиын да болса, дербестік тәуір нәрсе ғой. Дербес те тәуелсіз Қазақстан Республикасы — біздің Отанымыз. Оның гүлденіп, өз тәуелсіз экономикасын құруын, ұлттық валютаның сіңісіп кетуін қалаймын. Сондықтан да республика Президентінің ақша саясатын толығымен құптаймын», — деп пікір білдірген.

Ал теңгемен сауда жүргізіле бастаған алғашқы күндердегі бағаларға келсек, сары майдың келісі — 15 теңге, еттің келісі — 12-16 теңге аралығында, қыс етік 40 теңгеге сатылған.

1997 жылдан бастап 15 қараша елімізде Ұлттық валюта — теңге күні болып жарияланды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button