Жаңалықтар

Негізсіз талаптар жойылды

Кәсіпкерлік

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің қиын жағдайдан шығып, кепіл мүлкін барынша сақтауға көмектеседі.

«Жаңа-Тұрмыс» шаруа қожалығы басшысының «Атамекен» өңірлік палатасына «Үміт» кредиттік серіктестігімен шарттық қарым-қатынастар шеңберінде және Аграрлық кредиттік корпорация филиалына қатысты туындаған дауды реттеу жөніндегі өтініші  кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің облыстық прокуратурамен бірлескен отырысында көтеріліп, нақты шешім шығарылды. Сондай-ақ кеңесте мұғалжарлық кәсіпкер Наурызбек Сарбасовтың газдандыру саласына қатысты айтқан мәселесі де қаралды.

Кәсіпкердің айтуынша, жыл сайын жылыту маусымы басталатын уақытқа дейін «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының қызметкерлері сигнализаторлар мен газ қондырғыларының төлқұжаттарын, сондай-ақ апаттарды оқшаулау және жою бойынша өзара іс-қимыл жоспарларын сұрататын көрінеді. Аталған шағымға байланысты кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар аудандық прокуратурасымен бірлесіп кәсіпкерлік субъектілерінің жыл сайынғы негізсіз талаптары мен сұраныстарына талдау жүргізді.

Талдау нәтижелері бойынша құқықбұзушылықтар да анықталыпты.

— Әрине, газдандыру мәселесі өте ұқыптылықты қажет етеді. Оны жақсы түсінеміз. Бірақ жыл сайын негізсіз сұралатын құжаттарды алып тастау қажет деген ұсыныс айтып жүгінген болатынмын. Нәтижесінде аталған құжаттарды жыл сайын талап етпейтін болды. Әрбір кәсіпкердің өтініші мен шағымын жеке қарап, құқықтарының қорғалуы жолында еңбек етіп жүрген палата қызметкерлеріне рақметімді айтамын, — деген жеке кәсіпкер Наурызбек Сарбасов алдағы уақытта барлық құжаттарды электронды нұсқада тапсыруға мүмкіндік қарастырылуын сұрады.

— Мысалы, мен Ембі қаласында тұрамын. Ал аудан орталығы – Қандыағаш қаласы. Біз барлық құжаттарды жіберу үшін аудан орталығына келуіміз керек. Осы мәселені электронды түрде жіберу мүмкіндігі қарастырылса, кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы болар еді, —  деп өз өтінішін айтты ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button