Басты жаңалықтарМерекеТәуелсіздік — 30

«Қазақ еліне мың тағзым!»

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы ғимаратында өткен Алғыс айту күніне арналған салтанатты шара осылай аталды. «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» марафонына ұласқан басқосу ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Оған атқарушы билік пен өзге ұлт өкілдері,  т.б. қатысты. «Алғыс айту — парызым!» атты көшпелі сурет көрмесімен ашылған салтанатты шараны әнші Аймұрат Мәжікбаев пен «Дэш» ансамблінің мүшесі Беджа Калмыков «Бірлігіміз жарасқан, көз тимесін еліме» әнімен жалғады. Одан соң сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Алғыс айту күні — қыстың ызғарлы суығынан кейін қардың көбесі сөгілетін, жер жіпсіп, көктемнің шуақты сәулесі төгілетін алғашқы белгілерімен қатар келген мереке. Бес жылдан асып барады, осы күннің шынайы болмысы ашылып, шынымен де халықтық мерекеге айналып келе жатыр.

Тағдыр тауқыметімен келіп біздің елді мекен еткен түрлі этнос өкілдері қазақ жерін өз Отанына балап, болашағын осы елмен байланыстырады. Ауызбіршілік көрсетіп, ұлтымыздың дінін, тілін құрметтейді. Қазіргі жастар арасында өз ана тілімен қатар мемлекеттік тіл — қазақ тілін еркін меңгерген әртүрлі ұлт өкілдері күннен-күнге көбеюде. Ортақ мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, оны ұдайы дәріптеп жүр. Сондықтан да бұл мейрам барлық қазақстандықтар үшін сыйластықтың, мейірімділік пен жанашырлықтың өзегіне айналған. Еліміздегі тыныштық пен үндестіктің, өзара сенімділік пен құрметтің орнығуына негіз болған күн. Көршімен тату болу — халқымыздың ерекше қастерлейтін дәстүрі. «Көрші хақысы — тәңір ақысы» деген халық даналығы әрдайым жадымызда. Бұл күні жақын жандарға алғыс айтумен қатар, сын сағатта алғы шепте болған біздің дәрігерлерімізге, ұстаздарымызға, полиция қызметкерлеріне, барлық еріктілерге де алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықтар болмасын, біздің елден ынтымақ пен береке кетпеген. Сол құндылықтар — біздің басты байлығымыз. Бұның қадірін білу бүгінгіге де, келесі ұрпаққа да парыз.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы мерейлі жылда жалпыұлттық деңгейде қайырымдылық істер марафоны жарияланды. Осы орайда біздің облыста да меценат, қайырымды жандардың аз еместігін білеміз. Олардың арасында түрлі этнос өкілдері де бар.

Баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Еліміз аман болып, халқымызды осындай береке-бірлігінен айырмасын! Мереке құтты болсын! — дей келе, «Қайырымдылық керуені: 30 игі іс» қайырымдылық марафонын бастап берді. Артынша этномәдени бірлестіктер төрағалары атынан «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері Съезгүл Қалиеваға 100 мың теңгенің сертификатын, «Динар-Электромаш» ЖШС атынан әртүрлі ұлттың 18 баласын бауырына басқан Жетесовтер отбасына 350 мың теңгенің сертификатын, Ақтөбе қаласындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі жастар қанатының атынан көпбалалы ана Айсұлу Күздібаеваға үйіне күрделі жөндеу жұмыстары мен үй жиһаздарын сатып алуға 2 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен қатар қайырымдылыққа бағытталған іс-шараларға қосқан зор үлесі үшін Ақтөбе қаласындағы «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Бабек-Құрылыс» ЖШС басшысы Рахиб Азизовті, ассамблея мүшесі Анатолий Симоновты, ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишнякті, «Қайырымды жандар» волонтерлік тобының мүшесі Жеңіс Нұржігітті және көпбалалы Жетесовтер әулетін Алғыс хатпен марапаттады.

Ал қазақ жеріне қоныс аударып, Ақтөбе өңірін мекендеген этнос өкілдері атынан «Кәрістер қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің мүшесі Виссарион Ким алғысын айтса, іле-шала түрлі ұлт өкілдері қосыла «Алға, Қазақстан!», «Достық» әндерін әуелетті.

Салтанатты шара барысында үлкен экран арқылы атамекеніне оралған қандастарымыздың қазіргі тұрмыс-тіршілігі туралы бейнематериал ұсынылды. Солардың бірі Мәртөк ауданының тұрғындары Амантурлиевтер отбасы жиналғандар алдында сөз сөйлеп, шексіз ризашылығын иіліп тұрып білдірді. Сондай-ақ алыс-жақын мемлекеттерге қоныс аударған жерлестеріміздің жүрекжарды тілектері жазылған бейнеүзік көрсетілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button