Басты жаңалықтар

Депутаттар журналистермен кездесті

Облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғыманов бастаған жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың бір топ депутаттары Баспасөз үйінде  «Ақтөбе Медиа» холдингіне қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистерімен кездесті.

Кездесуді ашқан «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин қонақтарға облыстық басылымдардың қазіргі уақыттағы қызметі, қалам иелерінің бағыт-бағдары жөнінде айтып берді.

— Бүгін — Алғыс айту күні. Біздер, бір топ депутаттар болып өзіміздің ыстық ықыласымызды, пейілімізді арнау үшін бүгінгі кездесуімізді сіздерден бастағалы отырмыз. Сіздер билік пен халық арасындағы алтын көпір қызметін атқарып отырған баспасөз өкілдері ретінде күнделікті оқиғалар мен құбылыстарды оқырмандарға уақытында және дұрыс жеткізу жолында аянбай қызмет етіп келе жатырсыздар. Сол үшін де журналистерге алғыс айтқымыз келеді, — деген Амангелді Нұғыманов биыл жаңадан сайланған депутаттар корпусының жұмыс жоспарлары жөніндей ой бөлісті.

Депутаттар — облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, «Атамекен» Ақтөбе кәсіпкерлік палатасының басшысы Сұлупан Шынтасова, облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер және әдеп, заңдылық, құқық тәртібі, жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, облыстық кәсіподақтар орталығының жетекшісі Алтынбек Әмірғалиев, облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік, сауда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және цифрландыру жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов және облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер, экология және табиғат пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, «Ақтөбе, тыныс ал!» еріктілер қозғалысының ұйымдастырушысы Евгений Лазарчук қоғамдағы күн тәртібінде тұрған мәселелер жөнінде өздерінің ұстанымдарын білдіріп, оларды шешу жолдарына тоқталды.

Басқосуда мәслихат жұмысы мен депутаттар қызметін баспасөзде жан-жақты көрсету жайы, сол арқылы сайланбалы органның тыныс-тіршілігіндегі жариялылықты қамтамасыз ету мәселесі сөз болды. Алдағы уақытта облыстық мәслихат пен «Ақтөбе Медиа» ЖШС арасында белгілі бір мерзімге ынтымақтастық туралы меморандумға отыру туралы келісім жасалды.

Қонақтар «Ақтөбе Медиа» ЖШС мұражайында болып, облыстық газеттердің тарихымен, алдыңғы буын журналистер өкілдері өмірбаяндарымен танысты.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button