Жаңалықтар

Жеке үйде газ баллоны жарылды

Төтенше жағдай

Мұғалжар ауданында жеке үйде газ баллоны жарылып, 11 жасар бала көз жұмды.

Ағымдағы жылдың 24 ақпаны күні сағат 23.51-де облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметіне Мұғалжар ауданының Мұғалжар ауылындағы Зауыт көшесі бойында орналасқан бір қабатты үйде газ баллоны жарылып, өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

Мұғалжар ауданы өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел жәрдем бригадасынан 13 адам мен 4 бірлік техника оқиға орнына дереу жетті. Өрт жалпы 80 шаршы метр жерді шарпыған. Жарылыс салдарынан үйдің қабырғалары құлаған. Айта кету керек, өрт болған жерге Ембі қаласының өрт сөндіру бекетінен де арнайы бригада шықты. Оқиға орнына дейінгі қашықтық — 37 шақырым.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға кезінде 2010 жылы туған бала қайтыс болды. 1968 жылы туған үй иесі мен 1998 жылғы азаматтың денесін  түрлі дәрежеде күйік шалып, олар жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілген.

Бұл жағдайға байланысты облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың басшылығымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел комиссия құрылды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері облыс аумағында 86 өрт (2020 жылдың сәйкес кезеңінде 58 жағдай) тіркелген. Атап айтсақ, тұрғын үй секторында — 40, көлікте —31, басқа да объектілерде 15 өрт оқиғасы тіркеліпті. Мамандардың айтуынша, ең көп өрт оқиғасы отты абайсыз пайдалану және электр жабдығын пайдалану қағидаларын бұзу себебінен болған.  Өрт салдарынан 4 адам қайтыс болып, 8 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Бұл жағдайлардың негізгі себептері — газ баллондарын дұрыс пайдаланбау. Өрт қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған газ баллондары тұрғын үйлердің сыртында орналасуы керек, — дейді департамент мамандары.

Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Мамандар өрт шыққан жағдайда дереу «101», «112» нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button