Ұстаздар әулеті
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп, хакім Абай атамыз бекер айтпаса керек. Бүгінде саналы ғұмырын білім беру ісіне арнап, ата жолын жалғаған ырғыздық Нұрмановтар отбасын жұрт ұстаздар әулеті деп таниды.
Әке жолын қуған ұл
Әулеттің отағасы Меңдібай Нұрманов — қатардағы ұстаздан мектеп директорлығына дейін көтеріліп, өмірінің көп жылын білім беру саласына арнаған жан. Абыроймен жұмыс жасап, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ол әке жолын жалғастырғанына риза. Олай дейтініміз, Меңдібай ағаның әкесі Жұмабай Нұрманов та саналы ғұмырын ұстаздық жолына арнапты.
— Әкем Жұмабай Нұрманов — 20 жылға жуық педагог болған кісі. Сонау 1936-1939 жылдары Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің директоры, кейін Иосиф Сталин атындағы орта мектептің директоры болды. 1942 жылдан бастап әскери бөлімде хатшы қызметін атқарды. Ал соғыстан кейінгі жылдары аудандық партия комитетінде хатшының көмекшісі болды. Әкеміз өте сауатты, ұқыпты, өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын. Анам Сақыш Нұрманова да өмір бойы ұстаз болып еңбек етті. Ырғыз өңірінде Кеңес үкіметі кезінде үш адам «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алса, соның бірі менің анам еді. Ол кісі қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді, — дейді ол.
Меңдібай Нұрмановтың ұстаздық жолды таңдауына ата-анасының ақыл-кеңесі, көпке үлгі болған еңбек жолдары әсер еткен. 1969 жылы орта мектепті бітірген ол Ақтөбе педагогикалық институтының орыс тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түседі. Кейін оқуын аяқтап, әскери борышын өтеп келген соң, туған жері — Нұрадағы Т.Жүргенов атындағы орта мектепке жұмысқа орналасады. Бұл мектепте 1995 жылға дейін ұстаздық етеді. Ал 1995 жылдан 2014 жылға дейін Белшер негізгі мектебінде басшылық қызмет атқарады.
— Мен мектепте басшылық еткен жылдары заманның қиын кезі еді. Ол кездері біз төрт-бес ай бойы жалақысыз жүретінбіз. Соған қарамастан ұстаздық жолды тастап кетпедік. Қанша қиындық болса да, мектептің жұмысын жолға қойып, кадр мәселесін шешуді басты мақсат еттік. Ол кезде біздің мектебімізде пән мұғалімдері жетіспейтін. Қазір еске түсірсем, 1995-2000 жылдары Белшер негізгі мектебінде 80-нен астам бала оқыпты. Бала саны аз болғанымен, білім сапасы, мұғалімдердің біліктілігі жоғары болды. Ол кезеңде электронды ақпарат алу мүмкіндігі болмады. Соған қарамастан мұғалімдер сабаққа үлкен ізденіспен келіп, өз жұмыстарын аса жауапкершілікпен атқаратын. Талабы қатал ұстаздар шәкіртінің де оқуға деген ынтасын оятып, оқушылардың жан-жақты болып шығуына барын салатын. Мұғалімдермен қатар жоғары сынып оқушылары қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, күн сайын мектепте оқу-тәрбие жұмысы «қайнап» жататын, — дейді Меңдібай аға.
Оның айтуынша, шәкірт тәрбиелеп, олардың үлкен азамат болып қалыптасуына куә болу — әр ұстаз үшін зор бақыт. Бүгінде Меңдібай Нұрмановтың шәкірттері еліміздің әр өңірінде өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етуде. Шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ұстаздардың да жан-жақты өсуіне, жоғары жетістікке жетуіне қамқорлық жасаған оған бүгінде әріптестері дән риза.
Меңдібай Нұрмановтың зайыбы Сәбила Диханова да ұзақ жылдар бойы мұғалім болып қызмет еткен. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген ол 20 жыл Т.Жүргенов атындағы орта мектепте, 18 жыл Белшер негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Өз қызметінде «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атанған.
Ұрпақ сабақтастығы
Бүгінде Меңдібай, Сәбила Нұрмановтар — 4 бала тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған ұрпағының қызығын көріп отырған бақытты жандар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», — демекші, олардың балалары да ұстаздық жолды таңдаған. Үлкен ұлы Ермек бүгінде Белшер негізгі мектебінде тарих пәнінен сабақ берсе, екінші ұлы Ғайса Ақтөбе гуманитарлық колледжінде тарих және құқық пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарады. Сондай-ақ қыздары Әнел мен Ақнұр да мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ең қызығы, Меңдібай ағаның келіндері де ұстаздық жолды таңдаған. Үлкен келіні Гүлдина бүгінде Белшер негізгі мектебін басқарса, кіші келіні Эльмира хореорафиядан дәріс береді. Міне, ұстаз ұлағаты, ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек. Бір әулеттің түгел дерлік ұл-қыздары ұстаз болуды қалапты.
— Кейде ортамыз толып, бала-шағаның басы қосылса, немерелеріме кіл ұстаздар әулеті екенімізді айтып отырамын. Адамның ғұмыры қанша жыл өмір сүргенімен емес, бойындағы абзал қасиеттерімен, үлгі-өнегесімен, ұрпағының абырой-жетістігімен таразыланады. Сондықтан немерелеріме ата жолын қуса, болашағы жарқын, жолдары ашық болатынын әрдайым ескертіп отырамын, — дейді ұлағатты ұстаз.
Бүгінгі күні Меңдібай ағаның үлкен немересі Жібек Ақтөбе қаласындағы облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатында оқиды. Болашақта ол да ата-әжесінің жолын қуып ұстаз болуды армандайды.
Мерейлі шақ
Нұрмановтар отбасы — Ырғызға ғана емес, облыс халқына танылып үлгерген әулет. Олай дейтініміз, бұл отбасы 2018 жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде іріктеуден өткен 27 отбасының арасында І орынды жеңіп алды. Сол байқауда Меңдібай Нұрманов облыс әкімінің қолынан арнайы диплом мен сыйлыққа ие болды. Ал аталған байқауда республикалық кезеңге Ақтөбе қаласынан қатысқан Айтбаевтар отбасы жолдама алған болатын.
— Сол жылы «Мерейлі отбасы» байқауына әулетіміз болып қатысып, үлкен қуанышқа кенелдік. Облыста біз сияқты әулетімен бір мамандықты таңдаған отбасылар аз емес екенін көрдік. Дегенмен олардың арасында үш буын ұстаздық жолды таңдағандар болмады. Қазақ әке жолын ардақтайтын, ана жолын қадірлейтін халық қой. Қаймағы бұзылмаған, алыс ауылдан барған бізге халық риза болып, қошеметін жаудырды. Осылайша байқауда облыс әкімінің қолынан арнайы марапат алып қайттық, — дейді Меңдібай аға.
Көпке үлгі болған Нұрмановтар отбасы бүгінде Нұра ауылдық округіне қарасты Белшер ауылында тұрады. Қазір мұнда 40-тан астам түтін бар. Ауылда Белшер негізгі мектебі, клуб, дәрігерлік амбулатория мен кітапхана жұмыс істейді. Үш жыл бұрын ауылға ауызсу құбыры тартылған.
Саналы ғұмырын болашақ ұрпақты тәрбиелеу жолына арнаған Меңдібай Нұрмановты бүгінде ауылдастары ардагер ұстаз, ауылдың үлкені деп сыйлайды. Биыл ұлағатты ұстаз мерейлі 70 жасқа толады. Балалары мен ел-қауымның ортасында бақытты ғұмыр кешіп жүрген ұлағатты ұстазға біз де амандық, деніне саулық тілейміз.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ырғыз ауданы.