Басты жаңалықтарӘлеумет

Жылыжайдың «наны» — дастарқанның сәні

Қыстың қақ ортасы делінетін дәл қазіргідей уақыттарды жұрт тылсым маусым деп атайды. Кейбір тапшы тауарлардың бағасы қырық құбылады. Өйткені, жаздағыдай емес, адамға керекті нәрсенің бәрі бұл мезгілде табыла бермеуі мүмкін. Әсіресе, адамның арқауы — азық-түліктердің де мәзірі азаяды. Ел жаздағыдай бақша өнімдерін аңсайды. Қауын мен қарбызды қалағанымен қыста қол жетпейді. Ал бұдан бірер  жыл бұрын қияр мен қызанақ та сондай-тұғын.

Бірақ соңғы жылдары Ақтөбе қаласында ірі жылыжайлар көбейіп, тұтынушыларға жеткілікті ұсынып отыр. Себебі осы екеуінсіз астың да дәмі, дастарқанның да сәні кірмейді. Айтпақшы, бұл екі өнім дүкендердегі сөренің де «сәні» екен. Олай дейтініміз, қазір қияр қымбат, қызанақ құнды тауарға айналды. Соған қарамастан, тұрғындар жаздағы бағасынан екі есе көп ақша төлеп, сатып алып жатыр. Облыс халқы айына 10-12 тонна қияр мен қызанақ тұтынады екен.

Тұздалған қияр мен қызанақ әркімнің ұрасынан табылуы мүмкін. Алайда көпшілік сүйсініп жейтін салаттар сабағынан жаңа үзілген бақша өнімдерінен дайындалады. Сонымен қазір қияр мен қызанақтың бағасы сорттарына қарай 400 теңгеден басталып, 1000 теңгеге дейін барады.

Бұдан үш жыл бұрын қаламызда үлкен жылыжайлар ашылып, сол кездің өзінде-ақ облысты қияр және қызанақпен 85 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған болатын. Бүгінгі күні бұл жоспар 100 пайызға орындалды. Олай дейтініміз, бұл екі түрлі бақша өнімдеріне деген тапшылық жоқ. Кез келген дүкендерден табасың. Қала түгілі ауылдың өзінде «дефицит» емес. Ақтөбенің ірі жылыжайлары халықтың бұл сұранысын қанағаттандырып отыр. Ал бағасына келсек…

Ақтөбе қаласында қияр мен қызанақ өсіріп, табысын еселеп отырған 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен 5 ірі шаруа қожалығы бар. Жалпылама айтсақ, олардың жылдық қуаттылығы — 16 042 мың тонна өнім. 23,1 гектар жерге қызанақ, 5,5  гектарға қияр егілген. Бүгінгі таңда 2 647,0 тонна қияр, 8 431,9 тонна қызанақ жиналған. Бір жылда аталған екі өнімнің 4 855,1 тоннасы Ресей Федерациясының қалаларына экспортталады екен. Бірақ олар алдымен ішкі нарықты қамтиды. Бұл ірі жылыжайлар өндірістік технологиялармен қамтылған, күн сәулесін беретін заманауи жабдықтары бар. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Үкіметтен мұндай ірі жылыжайларға 25 пайыз инвестициялық субсидия төленеді. Ақтөбе қаласында орналасқан жылыжайлардың технологиясы Голландиядан әкелінеді. Сондай-ақ испандық технологияны пайдаланып отырғандар да бар.

— «Green Capital Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күніне 18 тонна қияр мен қызанақ жинап, 10 тоннасын қала дүкендері мен базарларына шығарады. Осы жиналған өнімнің 30 пайызы ғана сыртқа сатылады. Бірақ кей кездерде өнім жиналып тұрып қалса, ең төменгі бағамен сатыла береді. Себебі шығынға ұшырамау керек. Жылыжайдың төлемдері көп. Жұмысшыларға төлейтін жалақысы, су мен жылудың ай сайынғы ақшасын айыру қыста оңай болмайды. Сол себепті баға қымбат болады. Ал жазда бұрынғы орнына қайта келеді, — дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының

орынбасары Нұрсұлтан Исембайұлы.

Жылыжайлардың таразысымен есептесек, бір келі қызанақ шығару үшін 560 теңге жұмсалады екен.  Осындай теңгеге өсірілген қызанақтың келісі 800-900 теңгеден сатылуы заңды да. Әйтпесе пайдасыз іске ешкім бармас. Оның ар жағында қаншама адамның жұмысы тұр.

Кәсіптің көркі — көгілдір отын

Облыс халқын тек өзіміздің жылыжайлар ғана қамтып отыр деуге болмайды. Оңтүстіктен сатып алып, тасымалдап, осыны кәсіп қылып отырғандар да жетерлік. Қалай болғанда да қыс болсын, жаз болсын, облыстың базарлары бос болмауы керек.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы да жылыжайларды көбейту. Өңір басшысы әрбір аудан кем дегенде екі жылыжайдан салу керектігін айтқан болатын. Қазір бұл іс аяқсыз қалмай, ауыл кәсіпкерлері жылыжай сала бастады. Ондайды фермерлік жылыжай деп атайды. Бұл жылыжайларға үкімет субсидия бермейді, бірақ минералды тыңайтқышқа 50 пайызға дейін төленеді. Әрине, бұлар өз аудандарын түгел қамтымайды, дегенмен облыс орталығына да сатуға жіберіп отырады.

Мәртөк ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Әлібек Әнесов екі жыл бұрын жылыжай жұмысын қолға алды. Үкіметтен 6 пайыздық жеңілдікпен несие алған ол жылыжайын оңтүстіктің әдісімен салған. Сол жақтан адамдар әкеліп, аумағы 3 гектар жердің 1 гектарына шағын жылыжай салдырды. Соның өзіне 60 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бірінші жылғы өнімі — 30 тонна. Алғашқы тұтынушылары, әрине, ауыл тұрғындары. Дегенмен өнімді көбіне облыс орталығындағы ірі дүкендерге тапсырған.

Жылыжайға арнайы құнарлы топырақ әкеліп, желтоқсан айына дейін тыңайтып аламыз. Ақпан айында егуді бастаймыз. Бірінші жылы өніміміз ойдағыдай болды. Бірақ тәжірибеміз аз еді. Әзірге 10 адам жұмыс істейді. Әрқайсысына күніне 3 мың теңгеден төлеймін. Жыл сайын жылыжайдың аумағын кеңейтіп, тағы бір жылыжай салуды жоспарлап отырмын. Менің бұл жұмысыма жергілікті әкімшілік қолдау білдіріп отыр. Екінші жылыжай салуға жер сұрадым. Біз секілді тың кәсіпке бет бұрғандарға көмектің үлкені — егін салатын жер, — дейді кәсіпкер Әлібек Әнесов.

Жылыжай салу үшін жермен бірге көгілдір отынның керектігіне көз жетті. Газ болмаса, қыста жылыжайды жылыту мүмкін емес. Ырғыз ауданындағы Қызылжар ауылдық округінің орталығы Құрылыс ауылының тұрғыны Ботагөз Сәдірханова ауылда көгілдір отын болмағандықтан қыста қияр шығара алмай отыр. Бірінші жазда ғана қиярдан 10 тонна өнім алғаны болмаса, жылыжай жұмысы қазір тоқтап тұр.

Екі жыл бұрын жолдасым «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы арнайы кәсіпкерлік курсын оқып, жобаны қорғап, 6 миллион теңге несие алғанбыз. Үйіміздің қасынан аумағы 8 сотық жылыжай салдық. Жылыжайға жылу жүйесі жүргізіліп, қысқа дайын тұр. Бірақ оны жылытатын көмір керек. Көмірдің тоннасы ауылда 27-28 мың теңгеге келеді. Жылыжайдың іші кем дегенде 25-35 градуста жылы болуы керек. Ал көмірмен жылытсақ, өз-өзін ақтамайды. Егер көгілдір отын келсе, қыста егуге қолайлы әрі арзанға түсер еді. Қиярдың «Атамекен» және «Мамлюк» деген екі түрін ектім. Былтыр ауылда судан тапшылық болды. Сол себепті көп өнім ала алмадым. Жапырақтарын қиып, жаңартып отырамын. Сол кезде көбірек суғарған дұрыс. Жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылатындықтан, су көп керек, — дейді Ботагөз Сәдірханова.

Оның айтуынша, қай істе де пайда бар. Алайда қыстың ішінде қиярды гүлдету оңай болмайды. «Қиярға жылы жер керек. Ал қызанаққа қоңыр салқын температура болса жарайды. Алдағы уақытта қызанақты көбейтетін шығармын» деген ол аудан орталығынан тағы бір жылыжай салуды көздейді. Өйткені газы бар жердің бәрі кәсіпке қолайлы.

Міне, қалада да, ауылда да қияр мен қызанақтың қыста қымбат болу себебі осындай. Кәсіпкерлер үшін пайдасы болғанымен, шығыны да шаш етектен. Бірақ бұл уақытша ғана. Бір айдан кейін жылыжайлардың өнімі жаппай түйнек салмақ. Сол кезде бағасы түсуі әбден мүмкін. Қалай айтсақ та, осы екі бақша өніміне сұраныс тоқтамасы анық. Өйткені жылыжайдың «наны», дастарқанның сәні — қияр мен қызанақ — ас мәзірінен түспейтін өнімдер. Ал бұлар әлеуметтік маңызы бар 19 тағам түріне жатпайтын болғандықтан, оның бағасын бақылау, шектеу қою кәсіпкерлерге қиянат болар еді.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button