Жаңалықтар

МӘМС: кәсіпкерлер қызметкерлер тізімін өзектендіруі керек

Шағын және орта бизнес субъектілері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесін алуы үшін қызметкерлер тізімін өзектендіруі керек.

25 қаңтарға дейін шағын және орта бизнес кәсіпкерлері жеңілдік санатына жататын өз қызметкерлерінің деректерін (ЖСН) msb.fms.kz сілтемесі бойынша, «Saqtandyry» ақпараттық жүйесіне енгізулері керек. Егер уақытында енгізілмесе, қызметкерлер сақтандыру мәртебесінің болмауына байланысты МӘМС жүйесінде медициналық көмекті ала алмайды. Соңғы деректер бойынша барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің 35%-ы, яғни 378 мың кәсіпкердің 132 мыңнан астамы- ақпараттық жүйеде өз деректерін әлі өзектендірмеген.

Бұл процедураны шағын және орта бизнес өкілдері тұрақты түрде әр айдың 25-не дейін жүргізуі керек.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр  қарашада ҚР Үкіметінің  №721 Қаулысы шықты. Аталған  құжатқа сәйкес жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері жалдамалы қызметкерлер үшін аударымдарды төлеуден 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін босатылды.

Пандемия кезінде «нөлдік мөлшерлемені» қолданған шағын және орта бизнес тізіміне сауда, көлік және техникалық қызмет көрсету, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана-қонақ үй ісі, ойын-сауық саласы, бағдарламалық қамтамасыз ету, фитнес және т.б. субъектілер кірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button