Жаңалықтар

Мешіттер марафонға қатысты

Қайырымдылық

Жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Тайқазан» жобасы аясында «ҚМДБ – қайырымдылық жаршысы» атты марафон өтті. Аталған іс-шараны Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастауымен барлық республика имамдары бір уақытта өткізді.

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбаев бастаған дін қызметкерлері де республикалық қайырымдылық марафонын бірауыздан қолдап, белсенді түрде атсалысты.

Ғасырдан астам тарихы бар ғибадатханада игілікті іске күнілгері тиісті әзірлік қолға алынды. Марафон барысында көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедек жандар мен зейнеткерлерге арнайы дайындалған  азық-түлік қоржыны таратылды. Жалпы, аз қамтылған 50 ақтөбелік отбасыға 500 келі азық-түлік үлестіріліп, 250 000 теңге көлемінде қаржы жұмсалды.

Облыс орталығындағы «Бақытжан», «Досжан Хазірет», «Қабақ баба» және «Қайырқожа» мешіттері де республикалық қайырымдылық марафонынан шет қалмай, сауапты іске өзіндік үлестерін қосты. Ақтөбе қаласы бойынша 5 мешіт барлығы 100 отбасына 490 000 теңге көлемінде 1 104 келі құрайтын азық-түлік қоржынын таратты.

«ҚМДБ — қайырымдылық жаршысы» марафонының соңында зейнеткер Тілләхан әже ізгі шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Ақ тілек қабыл болып, сауапты іске атсалысқан барша жомарт жерлестерімізге Алланың нұры жаусын!

Г.ТӨРЕДИНҚЫЗЫ,

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің

баспасөз хатшысы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button