Жаңалықтар

Сергей БАБИН, халықаралық байқаушы: Сайлау белсенді әрі ашық өтіп жатыр  

Ақтөбе қаласындағы Оқушылар сарайында орналасқан №77 сайлау учаскесіне ТМД Атқарушы комитетінен, яғни көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысынан халықаралық байқаушылар келіп, сайлаудың өту барысын бақылады.

Сергей Бабин бастаған халықаралық байқаушылар тобын біз Ақтөбе қаласының Әбілқайыр хан көшесі 50-үй мекен жайында орналасқан осы сайлау учаскесінде кезіктірдік.

— Халықаралық байқаушылар миссиясы аясында көрші Орынбор облысынан халықаралық бақылаушылар келді. Оның құрамында 4 адам бар, құрамында облыс үкіметі аппаратының өкілдері де қамтылды.

Менің өзім Орынбор облысы заң шығарушы  жиналысының депутатымын. Біз бірнеше учаскелерде болдық, бұл ретте сайлаудың мейлінше белсенді және ашық өтіп жатқанын байқадық. Сайлау барысында заңдылықтың сақталуы тұрғысынан толық талапқа сай болатындығына алғышарттар бар деп ойлаймын.

Әрине, барлық нәтижелер сайлау аяқталған соң белгілі болады. Қалай дегенде де сайлау қалыпты жағдайда өтуде. Әдетте қалыптасқандай, қарт адамдар ғана емес, жастар да дауыс беруге келуде. Ең бастысы, дауыс беру үшін барлық нормалар сақталған. Барлық қажетті ақпараттар ілінген, әр түрлі саяси күштердің бақылаушылары үшін жағдайлар жасалған.

Менің өзім заңгермін, оның үстіне сайлау бағытына маманданғанмын, сондықтан да бұл мәселені жете білемін деуге болады. Барлық ақпараттарды нақты жағдайлар бойынша алып отырмын. Бұл ретте бізге барлық мүмкіншіліктер беріліп отырғанын атап өткім келеді.

Сіздерде біздің сайлау жүйемізбен көп ұқсастықтар бар. Қандай да бір айқын айырмашылықтарды көріп тұрған жоқпын. Бірнеше жылдан бері біз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз.

2022 жылы бізде Мемлекеттік Думаға және заң шығарушы  жиналысқа сайлаулар өтеді және сіздерден де өкілдер бізге келеді. Мұндай байланыстар өзара қатынастарды қалыптастыру ғана емес, сондай-ақ заңдылықтардың сақталуы тұрғысынан да өте пайдалы.

Сіздерде түпкілікті нәтижелер, шамасы, дүйсенбіде емес, сәл кейінірек шығарылатын болар, сонда да дауыс қорытындысын шығаруға қатысатын боламыз,— деді С.Бабин.

№77 сайлау учаскесінің төрағасы Нұргүл Мұсабекованың айтуынша, аталған учаскеге 2129 сайлаушы тіркелген. Оның 16-сы үйден дауыс беруге өтініш білдірсе, 3 адамға есептен шығару туралы талон ұсынылған.

— Дауыс беру рәсімі басталған шақта, бірінші болып дауыс берушілердің қарасы көп болды. Бұрынғы сайлауларда дауыс беруге егде жастағы адамдар ерте келетін болса, бұл жолы жастардың саны басым. Саяси науқанда конституциялық құқықтарын пайдаланып, азаматтық ұстанымы үшін белсенділік танытқан жастардың бұл әрекетіне қуанасың. Дауыс беруге келіп жатқан сайлаушылардың легі толастар емес, — деді Н.Мұсабекова.

Өзге учаскелердегідей, мұнда да қарттар мен бірінші дауыс бергендерге, сайлауға алғаш қатысушыларға барынша құрмет көрсетілуде.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button