Жаңалықтар

Әлеуметтік осал топтарға жылына кемінде 500 пәтер беріледі

Бұл туралы Nur Otan партиясынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер — Ербол Данағұлов, Сұлупан Шынтасова, Күлшат Масалимова «Есіктен есікке» акциясы кезінде сайлаушыларға айтып берді.

«Есіктен есікке» акциясы аясында облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Ербол Данағұлов, Сұлупан Шынтасова, Күлшат Масалимова  көпбалалы ана Тоты Меделбаеваның шаңырағына барды. Бес баланың анасы таяуда ғана баспаналы болған. Ол пәтерге мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізген.

Үміткер Ербол Данағұлов көпбалалы анаға партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында қолға алынған игі істерді таныстырды.

Nur Otan партиясы тұрғын үй алу мүмкіндігін арттыру мақсатында кешенді шараларды қолданады. Облыста мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары тиімді іске асырылып жатқанын көпшілік біледі. Алдағы бес жылда облыста 3,9 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 31 мың пәтер салынады. Жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарына кемінде 500 пәтер, сондай-ақ 2021-2025 жылдары жеке тұрғын үй құрылысы үшін 23 мың жер учаскесін беру жоспарлануда. Осылайша алдағы бес жылда облыстың барлық ауданында шамамен 28 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғын үй кезегін 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Біз сізді 10 қаңтар күні болатын сайлауға қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамыз. Партия алға қойған бар міндетті орындайды, — деді Ербол Данағұлов.

Өз кезегінде көпбалалы ана Тоты Меделбаева сайлау күні өз таңдауын жасауға міндетті түрде баратынын айтты.

Акция аясында үміткерлер «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы бірнеше отбасыға барып, оларға партия бағдарламасындағы басымдықтарды түсіндірді. Мәселен, кездесу кезінде қала тұрғыны Бауыржан Кәденов жастарды жұмысқа орналастыру, жаңадан кәсіп ашу мәселесін көтерді.

Бағдарламаның басты мақсаты — жастарды еңбекке орналастыру. Nur Otan партиясы жыл сайын кемінде 8 мың жасты жұмыспен қамтиды. Өз ісін ашуға және бизнес жүргізуге облыс әкімінің 20-дан астам гранты бөлінеді. Жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру үшін ірі компаниялармен арада келісімшарт жасалады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық 3,3 пайыздан 3 пайызға дейін төмендейді, — деді Сұлупан Шынтасова.

Үміткерлер сондай-ақ Мусиндер отбасына барды. Қазір бұл отбасы 16 бала тәрбиелеп отыр. Үміткерлермен кездесуде отбасы мүшелері Nur Otan партиясын қолдап, дауыс беретіндерін жеткізді.

Біз тұрақтылықты қолдаймыз. Сөз емес, іспен дәлелдеген, нәтижелі көрсеткіші бар партия үшін дауыс береміз, — деді Светлана Мусина.

«Есіктен есікке» акция аясында үміткерлер Жиеналиндер шаңырағында да болды. Он баланың анасы Мира Жиеналина үйде тігін тігеді, ал отағасы — қарапайым жұмысшы.

Көпбалалы отбасына партияның басым бағыттарын түсіндірген Ербол Данағұлов алдағы бес жылда өңірде 16 мектеп салынып, апатты, үш ауысымды мектептер мәселесі шешілетіндігін, 2025 жылға дейін партия емханаларға 20 минуттық және дәрігерлік амбулаторияларға 10 минуттық қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті қойылғанын жеткізді.

Алдағы жылдары облыста 15 денсаулық сақтау нысаны салынады. Оның ішінде балалар инфекциялық корпусы, облыстық инфекциялық ауруханасы, облыстық қан орталығы бар. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 28 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіледі, — деді Е.Данағұлов.

(Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық

сайлау қорынан төленді). 

Басқа жаңалықтар

Back to top button