Жаңалықтар

Nur Otan: туризм, кәсіпкерлік және коммуналдық салалары дамиды

Облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Қайрат Сабыр, Күлшат Масалимова, Асқар Қыстаубаев «Керуен сити» сауда, ойын-сауық орталығында тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Біздің партияның бесжылдық бағдарламасында негізгі жеті басымдық көрсетілген. Оның ішінде әлеуметтік, өнеркәсіп, кәсіпкерлік салалары түгел қамтылған. Сондай-ақ бағдарламаның тағы бір ерекшелігі — жоспарланған бағыттардың барлығы бюджетте қарастырылған, олардың шешілетін жолдары да көрсетілген. Ал партия тарапынан ұсынылып отырған үміткерлердің дені — тәжірибелі, іскер, жан-жақты азаматтар.

Бағдарламаға келсек, мәселен, медицина саласы бойынша алдағы бес жылға қойылған басты міндет — облыста  медициналық қызмет сапасын арттыру. Ол үшін 2023 жылға дейін облыста медицина саласы қызметкерлерінің орташа жалақысын көтеру және 2025 жылға дейін емханаларда 20 минуттық және дәрігерлік амбулаторияларда 10 минуттық қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті қойып отыр. Сондай-ақ сапалы кадрлар дайындау, олардың біліктілін арттыру да партияның назарында, — деген Қайрат Сабыр тұрғындарға бағдарлама аясында өңірде медицина саласы бойынша қандай іс-шаралар жүргізілетінін айтып берді.

Ал үміткер Күлшат Масалимованың айтуынша, биылғы жылдан бастап облыста пандемия есебінен зардап шеккен өндіріс орындарын, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жергілікті бағдарлама қабылданады. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жыл сайын кәсіпкерлік саласында кемінде 200 жаңа жобаға қаржылық қолдау көрсетіліп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жыл сайын кемінде бір мың жобаға шағын несие беріледі.

Алдағы жылдары өңірімізде туризмді дамыту қолға алынбақ. Мәселен, 2024 жылы Мәртөк ауданында орналасқан «Зәру» шипажайы аумағын кеңейтіп, оның жанынан демалыс орны салынады. Бұл емделетін адамдардың санын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, облыста туризм саласын дамыту үшін қонақүйлер кешенін, кемпингтерді көбейту керек. Сонымен қатар шағын және орта бизнес нысандарын ашу өңірде жаңа жұмыс орындарының көбеюіне ықпал етеді, — дейді ол.

Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында үміткер Асқар Қыстаубаев алдағы бес жыл ішінде облыс тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін су, жылумен жабдықтау, көшелер мен аулаларды абаттандыру мәселелері шешілетіндігін жеткізді.

Келер жылы Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласында қуаты 3 мың текше метр болатын биотазартқыш ғимаратын қайта жаңарту жоспарлануда. Сондай-ақ алдымызда, атап айтсақ, 2022 жылы Ақтөбе қаласындағы Елек су тартқыштарының сол жақ және оң жақ жағалауларын кеңейту, 2025 жылы Ақтөбе қаласында кәріз-тазарту құралдарын тәулігіне 75-тен 105 мың текше метрге дейін жаңғырту, 20 мың жеке тұрғын үйге 2,5 мың шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу және жүргізу міндеті тұр, — деген ол партияның бастамасы бойынша алдағы бес жыл ішінде жыл сайын кемінде 7 көппәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, жыл сайын 150 аула абаттандырылатынын жеткізді. Сонымен қатар алдағы жылдары өңірде коммуналдық қызметтер тарифтеріндегі өзгерістер қоғамдық талқылауда қаралатындығын айтты.

Сауда орталығында үміткерлер тұрғындарға Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы көрсетілген үгіт-насихат парақшаларын үлестіріп, олардың тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді.

Тұрғындар партияның бағдарламасында айтылған басымдықтарға байланысты өз ойларын айтып, үміткерлерге сайлауда сәттілік тіледі.

 Данагүл ҚАЗИХАН,

(Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық

сайлау қорынан төленді).

Басқа жаңалықтар

Back to top button