Жаңалықтар

Ақтөбеде коворкинг орталықтары ашылады

Ақтөбе қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Манас Ершеге, Аслан Жұмашев, Сұлтан Асанов және Мира Балтымовалар Өнер орталығы ұжымымен онлайн кездесу өткізді.

ZOOM форматында өткен онлайн кездесуге облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер де қатысты. Үміткерлер партияның сайлауалды жеті бағытына тоқталып, алдағы сайлауға қатысуға шақырды.

— Nur Otan партиясы мәдени және рухани құндылықтарды сақтауды қолдайды. Бүгінгі таңда қаламызда 90-нан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олар этносаралық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосуда. Бейбітшілік пен келісімді қолдау үшін Nur Otan партиясы 2025 жылға қарай этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бойынша этномәдени және діни бірлестіктердің қызметін қолдайды. Конфессияаралық және этникалық келіспеушіліктердің алдын алу жөніндегі жұмысын жалғастырады.  Қазақстандықтардың мұрасын танымал ету үшін ұлы тұлғалардың мерейтойларын өткізеді. Сонымен қатар жыл сайын 600 мың адамды қамтитын 50 мәдени ойын-сауық іс-шараларын өткізуге қолдау көрсетеді, — деді Мира Балтымова өз сөзінде.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген «Тарихы мен мәдениеті бай қала» бағыты бойынша қаламызда орналасқан мәдени орындардың құрылысын жаңарту қолға алынбақ. Соның ішінде  Жаңақоныс пен Пригородный елді мекендерінде орналасқан мәдениет үйлері қайта жаңартылмақ.

— Өнер адамдары үшін қаламызда мәдениет орталықтарының көп салынғаны дұрыс. Осы бағдарламада мәдени саланың бағыты болғаны үшін қуанамын. Себебі мәнеиет —  біздің басты құндылығымыз. Алдағы бес жыл ішінде Ясное, Кызылжар және Өрлеу тұрғын массивтерінің кітапханасы бар мәдениет үйлерінің құрылысының жандануына Nur Otan партиясы қолдау көрсететін болады. 2021-2025 жылдарда 118 орындық кітапхана жүйесі жанында 6 коворкинг орталығы ашылады. Өнер орталығы ұжымының көбісі жастар екенін аңғарып отырмын. Сондықтан біздің партияның жастарды қолдайтынын айтып өткім келеді. Жастардың жұмысқа орналасуы үшін, сондай-ақ кәсіп бастап, үй алуына да жағдай жасалады, — деді Аслан Жұмашев.

Кездесу соңында Өнер орталығының ұжымы кандидаттардың келер жылдағы концерттерді өткізуге қолдау танытуын сұрады. Сонымен қатар қаламыздың одан әрі жандануы үшін үлес қосатындарын жеткізіп, алдағы сайлауға сәттілік тіледі.

Nur Otan партиясы Ақтөбе облысы Ақтөбе қалалық сайлау қоры қаражатынан төленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button