Мереке

Жыл иелерінен жылы лебіздер

Тынымсыз тышқан жылы тарих қойнауына еніп, салмақты сиыр жылы босағамыздан аттағалы тұр. Зеңгі баба баптаған төрт түліктің бірі саналатын сиыр малы қазақ үшін берекелі жануар ретінде бағалы. Келер жыл молшылық пен тоқшылықтың, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы болсын дей келе, жылдағы дәстүр бойынша «Жыл иелерінен жылы лебіздер» айдарын ұйымдастырып, сиыр жылында дүниеге келген ақтөбеліктердің тілектерін тыңдаған едік.

Мархабат…

 1961

«Аяз атаға сенетінмін…»

Ардагер ұстаз Шұға Бақытжановадан «мұғалімдер Аяз атаға сене ме?» деп сұраған едік. 35 жыл мұғалімдік қызметте болған математик бізге қысқа да нұсқа келесідей жауап берді:

— Менің жарты өмірім балалармен өте тығыз байланыста болды. Ал жаңа жыл — балалардың ерекше күтетін мерекесінің бірі. Сондықтан бұл мейрамды мен де жақсы көремін. Аяз атаға бала кезімде сендім ғой, ал қазір жаңа жылдың символы ретінде, ұрпағына сенім артар тілекші баба ретінде қабылдаймын.

Өтіп бара жатқан тышқан жылы еліміз үшін оңай болмады. Бірақ қиындықтарымен қатар өзіндік жақсылықтарын да сыйлаған жыл болды. Дәл осы жылы мен құрметті зейнет демалысына шықтым. Жаңа баспана алдық. Келе жатқан сиыр жылы да халқымыз үшін айтулы сый-құрметке толы жыл болсын! Ауылда туып-өскен соң сиырды ерекше жақсы көремін. Берекелі төрт түліктің бірі ғой. Молшылық пен тоқшылықтың жылы болсын!

1973

Лапландияға хат жолдаған…

Қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам Сражева осыдан бірнеше жыл бұрын Аяз атаның ауылы Лапландияға хат жолдапты. Жаңа жылды ерекше сезіммен күтетін Гүлмирам сиыр жылы дүниеге келген адамдардың басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті:

— Жаңа жыл — бала кезімнен күтетін сиқырға толы мерекелердің бірі. Бұл күні отбасымызбен мерекелік дастарқан басында бас қосамыз. 3-сыныпта оқып жүргенде мектепішілік шарада Ақшақар болғанмын. Ал бала кезімде Аяз атаға хат жолдап көрмедім.  2011 немесе 2012 жылы жиен сіңліммен бірге Лапландиядағы Аяз атаға хат жазғанбыз.  Жарты жылдан кейін жауап келді. Әдемі жұқа қағазға ағылшынша: «Егер Лапландияға келе қалсаңыз, біз сізді міндетті түрде күтіп аламыз. Бізде қызықты атракциондар бар» деп жазылған.

Әр жыл өзіндік ерекшеліктерімен бағалы. Биыл біздің жылымыз — сиыр жылы келе жатыр. Бұл жылы дүниеге келген азаматтар әдетте, сабырлы, ашуға тез бой бере қоймайтын болып келеді. Сондай-ақ қолымыздан келгенше кісіге көмектескіміз келіп тұрады. Салмақты, сабырлы, ақкөңіл жандарды сыйлаған сиыр жылы тек қана жақсылықтарға толы болсын!

1985

«Барша қазақ үшін берекелі жыл болсын!»

Облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері, айтыскер-ақын Марат Ахметов күнтізбедегі 1 қаңтарды анау біз ойлағандай тойламайды екен. Ол үшін бұл күн — жай ғана жыл менен айдың, күннің ауысуы.

— 1 қаңтарды аса бір қатты күте қоймаймыз. Біздің бала күнімізде ауыл болып 14 наурызды күтетін едік. Наурыздың тәтті көжесі мен ыссы бауырсағының дәмі ме, әлде  әкемнің ұлттық тәрбиесі ме, 1 қаңтарға деген махаббатымызды сөндіріп тастаған. Өз балаларыма да бұл күні сыйлық сатып алмаймын. Ал Наурыз бен Құрбан айт мерекелерінде барлығына сыйлық жасап, көңілдерін көтеруге тырысамыз.

Өтіп бара жатқан тышқан жылы аты жаман ауруымен есте қалды десем болады. Себебі жақын туыстарымыздан біраз кісі арамыздан кетіп қалды. Артының қайырын берсін. Келе жатқан сиыр жылынан үміт көп. Бастысы — басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! Барша қазақ үшін берекелі жыл болсын!

1997

«Он екі ай бойғы еңбегіңді саралайтын уақыт»

 «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» шахтасының электровоз машинисі Мирас Сатыбалдин үшін Жаңа жыл сиқырға толы мерекелердің бірі. Он екі ай бойғы еңбегіңді саралап, тағы бір жылға жаңа жоспар құратын кезеңді ол бала кезінен асыға күтеді екен. Мирастан есте қалған ерекше жаңажылдық сыйлығы туралы сұраған едік:

— Тарих қойнауына кетіп бара жатқан тышқан жылы отбасымыз үшін берекелі, табысты жыл болды. Алланың қалауымен тағы бір сүйкімді қыздың әкесі атандым, жаңа үй сатып алдым. Келе жатқан сиыр жылынан да тек жақсылық күтеміз.

Жаңа жыл — мен үшін отбасылық мереке. Бала кезімізде қандай сыйлықты армандап жүргенімізді ақ қағазға түсіретін едік. Ал ата-анамыз апам екеумізге 31 желтоқсан күні түнде міндетті түрде сол сыйлықты сыйлайтын еді. Кейде сатып алды ма, жоқ па деп апам екеуміз жаңа жылға бір күн қалғанда үйдің ішінен іздейтін едік (күліп). Ата-анаңның жасаған барлық сыйлығы құнды ғой, бірақ жаңа жыл қарсаңында  анамның сатып әкелген кішкентай ғана шыршасы әлі күнге дейін есімде. Апам да, мен де сол кезде қатты қуанған едік. Қазір өзім отбасылы болып, бөлек отау құрдым. Мен де сол ата-анамыздың әдемі дәстүрін балаларыма жалғауға тырысамын. Қуанышқа толы сиқырлы мерекелердің бірі Жаңа жыл жақсылығымен келсін! Әр отбасына амандық, бақыт, байлық тілеймін!

2009

Сиырды «сыйлағаны» шығар…

Сиыр жылы дүниеге келген №68 орта мектептің 6 «б» сынып оқушысы Алмат Серіковтен «тышқаннан кейін, барыстан бұрын келетін мүшел есебінің екінші жылы сиыр не себепті күнді бірінші емес, екінші көрді?» деп сұраған едік. Алмат еш кідірместен келесідей жауап берді. Сондай-ақ ол өзінің Аяз атаға айтар үш тілегі бар екенін де жеткізді:

Жаңа жылды асыға күтіп жүрмін. Себебі, қазақша жыл қайыру бойынша, 2021 жыл — Сиыр жылы. Сиыр жылында дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Өйткені ата-анамның айтуынша, бұл жыл молшылықтың, тоқшылықтың белгісі көрінеді. Мен  «Мүшел. Түйе сеніп бойына…» деген ертегіні балабақшаға барған кезімнен білемін. Тәрбиешім Гүлзат апай осы ертегінің мазмұнын бізге айтып берген болатын. Сонда ол он екі жануардың суретін бізге көрсетіп, әрқайсысын таныстырған еді. Сол кезде мен тышқанның түйенің өркешіне шығып  алып, атқан таңды өзге жануарлардан бұрын көрген «қулығына» қатты жыным келген. Егер тышқан болмағанда, мүмкін, сиыр жыл басы болар ма еді. Себебі шығып келе жатқан күнді тышқаннан кейін сиыр көрді емес пе? Ертегі бойынша сиыр күнді барыстан бұрын, тышқаннан кейін көріп тұр. Сол себепті қазақша күнтізбеде тышқаннан кейінгі кезекте сиыр тұрады. Аңыз бойынша, бұл кезек те тышқанның әмірімен құрылған. Сондықтан көру мүмкіндігі бойынша алғашқы үштікке енген сиыр осал болмай тұр ғой (күледі). Оның үстіне барлық жануарлар сиырды «сыйлауы» да мүмкін ғой… 

Аяз атаға айтар үш тілегім мынадай: біріншісі — елдегі барлық адамдардың бойына мықты денсаулық берсін. Екіншісі — Жаңа жылда әкеме жаңа көлік сыйласа екен. Үшінші тілегім — Аяз ата менің барлық армандарымды орындап берсе деймін.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button