Жаңалықтар

Өзгертулердің өзегі — өзекті мәселені ауыздықтау 

Ақтөбе қаласындағы «Antikor ortalygy» ғимаратында жемқорлыққа қарсы шаралар, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы заңнамаға енгізілген өзгертулер арқау болған кездесу өтті. Бұл жолы саладағы жаңашылдықтар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мамандарына таныстырылды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досановтың төрағалығымен өткізілген басқосуда алдымен агенттіктің биылғы жұмысы туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Артынша елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстардың жасалып жатқаны, мысал ретінде заңнамалық шаралардың қабылданғаны айтылды.

— Өткен жылы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың отставкасы және тәртіптік жауапкершілігіне қатысты жаңашылдықтар енгізіліп, нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы қалпына келтіру, Қазақстанның ГРЕКО-ға қосылуының өз мәресіне жетуі сынды өзгерістер болды. Биыл, міне, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі қабылданды, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің сыйлықтар алуына толық тыйым салынды, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің құрамы кеңейтіліп, комплаенс-қызметтер институты заңнамалық тұрғыда енгізілді.

20 желтоқсан күні Президент қол қойған Заңда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық шаралар көзделген.

Аталған Заңмен Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы тапсырмалары іске асырылды.

Ендігі кезекте осы айтылып отырған қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері туралы Заңда қамтылған маңызды заңнамалық өзгерістерге толығырақ тоқталсам, ең алдымен ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату тыйым салынды. Нақты мысалмен түсіндірейін. Егер бұрын қолданылған нормалар бойынша әлеуметтік осал санаттары ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жаза мерзімінің кемінде үштен бірін өтеп, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды талап ете алса, енді оны алу үшін олар жаза мерзімінің кемінде жартысын өтеуі қажет. Тиісінше аса ауыр сыбайлас жемқорлық құрамдары бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану үшін сотталған тұлға тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін өтеуге тиіс, ал бұрын бұл мерзім белгіленген мерзімнің кемінде жартысын құраған болатын. Яғни біз сыбайлас жемқорлық үшін, тіпті әлеуметтік осал санаттарға да жауапкершіліктің заңмен қалай күшейтілгенін көріп отырмыз, — деді Ғалымбек Досанов.

Сондай-ақ оның айтуынша, енді сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды бірден қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне (қоныс-колонияларға) жіберу мүмкіндігі тоқтатылды. Бұл арқылы жемқорларға белгілі бір жеңілдіктер жойылды деуге болады. Себебі бұған дейін жалпы қылмыстық баптармен сотталғандарды қоныс-колонияларға ауыстыру үшін жабық түзеу мекемелерінде кемінде екі жыл жазасын өтеуді талап ету — қоғамда бірқатар сын-пікірлер туғызған болатын.

— Енді парақорлықтың ауыр түрі үшін сотталғандар, яғни айтарлықтай (50-ден 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін) және ірі (3000-нан 10000 айлық есептік көрсеткішке дейін) мөлшерде пара алу және беру, құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның пара алуы, парақорлыққа бірнеше рет делдал болғандар — жазасын өтеуге орташа қауіпсіз мекемелерге, ал аса ірі мөлшерде (10000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары) пара алған немесе берген адамдар — қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерге жіберілетін болады. Осылайша, мұндай санаттағы адамдар үшін барынша қолайлы жағдайда жазасын өтеуге құқықтық тосқауыл қойылды. Енді олар қоныс-колонияға ауысу үшін үлгілі тәртіп көрсетіп, залалды өтеп қана қоймай, тағайындалған жазаның бір бөлігін түзеу мекемелерінде өтеуі тиіс.

Бұл шараның қылмыстық жазалау мақсаттарына толық сәйкес келетініне және қателескен жандарды түзу жолға салуға тәрбиелік септігін тигізетініне толық сенеміз, — деп атап өтті Ғалымбек Досанов.

Мұнымен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар үшін сыбайлас жемқорлық үшін жазаның күшейтілгені тілге тиек етілді.  Айталық, Заңмен сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін оларға санкциялар айтарлықтай күшейтілді. Енді құқық қорғау органы қызметкерінің немесе судьяның қарапайым пара, яғни 50 айлық есептік көрсеткіштен кем пара алуы (138 900 теңгеге дейін) бұрынғы редакциядағыдай ауырлығы орташа емес, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс болып саналады. Сондықтан заң бұзғандар бұдан былай шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігінен айырылады.

Және олар үшін жазасын бірден қоныс-колонияларда өтеу мүмкіндігі жойылады.

Заңсыз сыйақы алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік күшейтілді.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы төртінші бөлім мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға шетелдік банктерден шоттар ашуға және иеленуге тыйым салуды енгізуге қатысты. Енді мемлекеттік қызметшілерді лауазымға тағайындау кезінде оларға шетелдік шоттарын жабуға 6 ай берілетін болады. Жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге келсек, оларға да Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай беріледі.

Сондай-ақ заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің шетелде жұмыс істеген, оқыған, тағылымдамадан өткен, іссапарға барған, емделген немесе кәмелеттік жасқа толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болған кезінде шетелдік банктерде шот иелену құқықтары айқындалған. Егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жапқысы келмесе және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы, — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары.

Жоғарыда аталған басқарма басшысы Сергей Беккер, департамент жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабтың мүшесі, өңірдегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» филиалының басшысы Әсел Мұстафина сөз сөйлеп, тақырыпқа қатысты ой-пікірін ортаға салды.

Сонымен қатар кездесуде мемлекеттік қызметтердің электрондық форматта көрсетілуі, бұл саладағы ашықтық жайы да баян етілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button