Жаңалықтар

Жобалық кеңсе жылды қорытындылады

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жылды қорытындылады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Балғабековтің қатысуымен өткен есепті жиында жобалық кеңсенің жыл бойы атқарған шаруаларымен қатар «Адал көмек» жобасы аясында қолға алынған жұмыстар туралы баяндалды.

«Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жанболат Тұртаев жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы 8 мониторинг жүргізіліп, 25 ұсыным берілгенін, оның 11-і орындалғанын айтты. 48 шағым қаралып, оның 31-і бойынша көмек көрсетілген. Ал қалғаны құзыретті органдарға жолданыпты. Сондай-ақ Тұртаев өз сөзінде 3 заңды тұлға мен 15 жеке тұлғаға әкімшілік және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін көмек көрсетілгенін мәлімдеді. Облыс төңірегінде жасалып жатқан шаруалардың сапалы әрі әділ аяқталуын назарда ұстап отыратын жобалық кеңсе «Сапалы жол» жобасы аясында 27 мониторинг жүргізген.

Жолдарды жөндеу және салу кезінде 26 бұзушылық анықталып, оның 17-сі жойылды. Сондай-ақ қар тазалау мәселелері бойынша жүргізілген мониторинг барысында да бірқатар қателіктерді анықтаған болатынбыз. Бұл кемшілітер түзетілді.  Бұл туралы республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Мониторинг қорытындысы бойынша, Абай, Бөкенбай батыр, Кленовая, Аймағамбетов, Смағұлов көшелеріндегі автокөлік  жолдарын  жөндеу кезінде сапасыз асфальт жабыны  қолданылғаны анықталды және  аталмыш бұзушылық мердігердің өз қаражаты есебінен жойылды, — деді  Жанболат Тұртаев.

Жиын барысында ауруханалар мен дәріханаларға жүргізілген мониторинг барысында да кемшіліктер анықталғаны туралы айтылды.

Дәріханалардағы дәрі бағаларының себепсіз көтерілуіне  қатысты 10 аурухана мен провизорлық госпитальге, 150 дәріхана мен 15 дәрілік заттарды сақтау қоймасына  30 мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде 19 бұзушылық анықталды. Оның ішінде дәрі-дәрмектерді шекті бағадан асырғандармен қатар, медициналық препараттарды заңда белгіленген орындардан тыс сату фактілері бойынша және тіркелмеген препаратты сату фактісі бойынша бұзушылықтар анықталды. Медициналық препараттардың бағасын көтеру фактілері бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірлесіп Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 426-бабының 1-тармағына сәйкес дәріхана иелеріне қатысты 11 әкімшілік өндірістік іс қозғалды, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7 945 080 теңгені құрайды, — деді жобалық кеңсенің басшысы.

Сондай-ақ ол жобалық кеңсенің республикалық дейгейде жеткен жетістіктері туралы да айтып өтті. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында   автокөлік жолдарын маусымдық тазалау жұмыстары  цифрландыру бағытында қолға алынған.  Қазіргі уақытта Ақтөбенің  тәжірибесі бойынша республиканың барлық облыстарында  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында цифрландыру енгізілуде. Бұдан бөлек, облыстық пәндік олимпиаданы өткізуде жаңалықтар енгізілді. Атап айтқанда, айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық және басқа да қауіпсіздікті сақтаудың барлық аспектілерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету тетіктері әзірленді. Олимпиаданы өткізу барысын ата-аналар, қоғамдық ұйымдар, ардагер мұғалімдер, «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдерінен тұратын арнайы комиссия қадағалады. Облыста қолданылған бұл тәжірибе де республикалық  деңгейдегі олимпиадаларды өткізу барысына үздік үлгі ретінде енді.

Есепті кездесу барысында департаменттің бас маманы Әсел Жұмамұратова «Адал көмек» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға  тоқталып өтті. «Адал көмектің» аясындағы жұмыстар біздің облыста 4 ақпанда басталыпты. Карантинге дейін 15 адам қабылдауға келіп, 63 адам тегін заң көмегіне жүгінген. Ал 16 наурыздан бастап онлайн форматына көшкен жоба аясында 347 тегін консультация беріліпті. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса беретіндігін айтты мамандар.

Айта кетейік, Елбасының Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы өз жұмысын 2018 жылдың 21 желтоқсанында бастады. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағыттарына  негізделген жоба білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, сәулет және жер қатынастары, құқық қорғау салаларына бағытталып жұмыс жасауда.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button