Жаңалықтар

 «Ауыл» бес бағытта жұмыс істейді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне кандидаттар «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық  партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов пен Кенжеғали Машырықов облысымызға келіп, сайлаушылармен кездесті.

Ақтөбе қаласындағы «Айбек» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде болған олар ұжыммен кездесіп, «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламаларын түсіндірді. Кооператив басшысы Самат Қалдығұлов ет комбинатының жұмысымен таныстырды. Жылына 400 тонна өнім өндіретін комбинатта 63 адам жұмыс істейді. Қалбырға түрілген ет өнімі облысты қамтып қана қоймай, Ресей Федерациясына 150 тоннадай қалбырға түрілген ет экспорттайды. Енді облыстың бұл өнімі Қытайға жол тартпақ.

Ет комбинатының жұмыс барысын көрген үміткерлер осындай ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің қатарын көбейтіп, экспортты күшейту нарықтың талабы екенін айтты.

— Біздің елімізде шикізат есебінде ауылшаруашылық өнімдерінің 6-ақ түрі шығады. Тек шикізат шығарушы ел боп тұрмыз. Ал біздің елге сырттан 60 түрлі тауар келеді. Мысалы, өзіміздің ұнымыз бен етімізді Өзбекстан өңдеп, сыртқа сатады. Міне, осындай мәселелерді жоюымыз керек, — дейді Кенжеғали Машырықов.

— Аты айтып тұрғандай, «Ауыл» партиясы ауылдық жерлердегі қордаланған мәселелерді шешуге атсалысады. Бүгінгі күннің өзекті тақырыбы —ауылшаруашылық өнімдерін арттыру. Ол үшін субсидияның көлемін көбейтіп, несие пайызын азайтуға күш салмақпыз. Сондай-ақ 3 баласы бар жанұяны көпбалалы отбасы санатына кіргізуге ұсыныс жасап жатырмыз. Біздің бағдарламамыз бес бағыт бойынша жұмыс істейді. Ауылда шешімін күткен шаруалар көп. «Ауыл» партиясы 7 пайыз дауыс жинаса, Парламент Мәжілісіне өте алады. Қолымыздан келгенше ауылшаруашылық мамандарын көбейтіп, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көруі тиіс, — дейді үміткер Қайрат Айтуғанов.

Бүгінгі күні елімізде «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының 300 мыңдай мүшесі бар.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button