Жаңалықтар

Ресейден келгендерден коронавирус анықталып жатыр

Брифинг

20 желтоқсан күні облыста коронавирус жұқтырған алты адам тіркелді Оның төртеуі Ақтөбе қаласынан болса, екеуі Мәртөк ауданынан тіркеліп отыр. Науқастардың екеуі Ресейден келген. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,2%. Жалпы, соңғы аптада Ресейден келген жолаушылардан індет жиі анықталып жатыр.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады, тұрғындар сауалына жауап берді.

Мұхтар Сербаев облыста  эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін, алайда  алаңсыз жүруге болмайтынын тағы ескертті. Тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. 25 желтоқсаннан бастап елімізде карантин талаптары күшейтілетінін айтты.

Сондай-ақ санитарлық талапты сақтамағандарға айыппұл салынып жатыр.  Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша, заң бұзғандарға 168 884 240  теңге көлемінде 1234 айыппұл салынған. Координациялық орталықтар арқылы түскен хабарламалар негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 15 объектіге 4 903 170 теңге көлемінде айыппұл салынған. Шекара бекеттері де бақылауда.  Ақпан айынан бастап Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункт жұмыс жасап жатыр. Алтыншы қазаннан бастап «Әлімбет» бекеті арқылы 14 563, «Жайсаң» бекеті арқылы 30 840  адам өткен. Оның ішінде 45 адамнан коронавирус анықталды. 25 адам — транзиттік көліктердің жүргізушілері. Ал 20 адам — жолаушы.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыс бойынша соңғы тәулікте үш адам вирусты пневмонияға шалдыққан. Жалпы облыста өкпесі қабынған 48 адам емделіп жатыр.  Ал коронавирус инфекциясы бойынша 112 науқас ем қабылдауда.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3629 адам  тіркелді, оның 49,2%-ы ауру белгілерімен (1787) және 50,7%-ы симптомсыз (1842) жағдай. 3477 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2581 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 100,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 58, Мәртөк — 114, Мұғалжар — 176, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 129, Шалқар ауданында 114 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3629 науқастың 3,6%-ы сырттан келген.  530 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1019. Қазіргі таңда үй карантиніне 241 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button