Мереке

«Талай мәрте өнер көрсеттім…»

Тұңғыш Президент ел басқарып тұрған уақытында іссапармен біздің облысқа жылына бір, кейде бірнеше рет келіп тұрды. Өйткені, Ақтөбе өңірі Елбасының өзі айтқандай, ел экономикасының локомотиві ғана емес, ірі бастамаларға дем беретін қуатты орталыққа айналды.

Нұрсұлтан Әбішұлы іссапармен Ақтөбеге келгенде көрсетілген концерттік бағдарламалардың барлығына дерлік мен қатыстым. Тұңғыш Президент алдында талай мәрте өнер көрсеттім. Өте бір есте қалған нәрсе, 2011 жылы Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бірнеше облыстың есептік концерті берілген болатын. Біздер, ақтөбеліктер елордалық, алматылық өнер шеберлерімен бірге өнер көрсеттік. Нұрсұлтан Әбішұлы қатысып отырған есептік концертте ақын Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Қанат Айтбаевтың «Астана вальсі» әнін шырқадық. Негізі бұл әнді ақтөбелік шығармашыл жұп елордамыздың 10 жылдық тойына тарту еткен болатын.

Әрине, Тұңғыш Президент күні еліміздің егемендігімен тығыз байланысты. Ал еліміздің Тәуелсіздігі — ең басты құндылығымыз. Ата-бабаларымыздың армандап кеткен Тәуелсіздігі ғой — бұл. Кейде үлкен кісілердің «Кеңес Одағы кезеңі жақсы уақыт еді» дейтінін естіп жатамыз. Жақсы болса, жақсы да болған шығар.

Алайда мен Кеңес Одағы уақытына қайтып оралуды қаламас едім. Себебі, ол уақытта біз бір мемлекеттің шетінде жатқан кішкентай провинциясы болдық. Өзімізбен өзіміз бола алмадық.

Сондықтан, ең әуелі Тәуелсіз ел болғанымыздың өзі зор бақыт деп есептеймін.

Ендігі жерде ел азаматтары болып, Тәуелсіздігімізді қандай да болса жолмен ұстап тұруымыз керек. Ел қорғау оңай емес. Жеріміз кең, еліміз бай болғанмен, халқымыздың саны аз. Елімізге көздерін тігіп, сынай қарап отырған мемлекеттердің барын ұмытпағанымыз жөн. Сергектігімізді жоғалтпай, қырағылық танытуымыз керек.

Қазіргі уақытта елімізді тек ғылым, білім, өнердің сапасын көтеру арқылы ғана өркендете аламыз. Елімізді бүкіл әлемге де сол ғылым, білім, өнер арқылы ғана танытамыз.  Сол үшін де негізгі мақсат — жан-жақты, білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу деп есептеймін.

Еліміздің жай-күйі ең жоғары елдердің қатарына жетсе екен деп бар жан-тәніммен армандаймын. Бәріне де ашық аспан, бейбіт өмір тілеймін.

Марат ӘЙТІМОВ,

әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button