Мереке

Ұлттық мәдениетті ұлықтау

Осыдан отыз жылдай уақыт бұрын еліміз өз тәуелсіздігін алып, іргесін бекітіп, Ата заңымызды қабылдап, ұлттық валютамызды шығарып, өз алдына дербес мемлекет болдық. Осы уақыт ішінде еліміз өзіне тән ұлттық дербес  саяси-экономикалық һәм рухани, мәдени жолын қалыптастырды.

Қазақстан Республикасының мәдени саласындағы саясатының соны соқпағы мемлекет дамуының маңызды басымдығының бірі ретінде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалыптаса бастады. Мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданып, ерекше маңызды тарихи-мәдени, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, археологиялық зерттеулер, мәдени мұра саласындағы ғылыми жұмыстар жүргізу сынды істер атқарылды, атқарылып та келе жатыр. Оған дәлел «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді ұлттық стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылып келе жатқандығы.

Менің студенттік кезім елордада өтті. Еліміздің бас қаласында бой көтерген Астана Опера», «Астана Балет» театрлары, «Бейбітшілік пен келісім» сарайы,  Тәуелсіздік сарайы, Ұлттық музей, еліміздің басқа да өңірлерінде ашылып жатқан мәдени нысандар — осының барлығы тәуелсіздік жылдарындағы мәдени саланың жетістіктері. Тәуелсіздік алғаннан кейін мәдени ұйымдар Қазақ елі атынан шетелдерге түрлі гастрольдік сапарларға шығатын болды.

2017 жылы біз, тәуелсіздіктің құрдастары, замандастарымызбен бірге «Ұлы дала театры» деген атаумен  Астана мюзикл мемлекеттік театрымен бірге «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Еуропаның бес мемлекетіне барып, қазақтың өнерін көрсетіп қайттық. Одан соң 2018 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрда еңбек етіп жүргенімде Орта Азия елдері театрларының тарихында тұңғыш рет Францияда өтетін «Авиньон театрлар фестиваліне» қатыстық. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

Өнер әлемінде қазақтың атын танытып жүрген Димаш Құдайберген, Данелия Төлешова, Ержан Максим, Мария Мудряк, Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметовалар, «Тұран», «ХасСақ» этнофольклорлық ансамбльдері, театр, кино саласының майталмандары үлкен жетістіктерге жетіп жатыр.

Мұндай іргелі жұмыстардың жүзеге асырылуында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор. Мен студент кезімде, кейін жұмыс барысында да Елбасымен 2-3 рет кездестім. Әлі есімде, 2014 жылы Қазақ Ұлттық өнер университетінде өтетін бір шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, кешті мен жүргіздім. Сонда өзімнің қалай қобалжығаным есімде. 2017 жылы Қызылорда облысының Астанада өткізілген жәрмеңкесі барысында Елбасының Илья Ильинмен кездескеніне куә болдым. Сол кездерде Илья Ильин біліктіліктен айырылған болатын. Елбасы оған қолдау көрсетіп: «Сен біз үшін үнемі чемпион болып қала бересің!» дегені әлі есімде. Сол секілді Елбасының есімі де қазақ тарихында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» ретінде жазылады. Ал еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерінде Тұңғыш Президенттің еңбегі зор.

Олжас ИБРАЕВ,

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button