Мереке

Жақсының шарапаты

Мен Елбасыны Ақтөбеге келген кезде көрдім. Сол алғаш кездесуім. 2018 жылы облыстың ақын-жазушыларын қабылдады. Көппен бірге мен де қолын алып, суретке түстік. Танымал адамдардың соңынан жүгіріп, қолын ұстауға немесе суретке түсіп қалуға әуес емеспін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы біздің тұңғыш басшымыз болғандықтан ба, оның  саясаткер екенін, көпті көрген адам ретінде еріксіз мойындайсың. Теледидардан күнде көріп жүрсек те, көзбен бір көруге құмартасың ғой. Оның әрбір қимылын, сөзін қалт жібермеуге тырыстым. Сөздері де салмақты, бірақ әзіл араластырып сөйлейтінін байқадым. Ақын-жазушыларға, жалпы өнер адамдарына деген көзқарасы жақсы екенін, оларды құрметтейтінін еститінмін. Өзінің де ел басқарудағы ісінен бөлек домбыра тартып, ән айтып, өлең шығаратынын білеміз.

Маған ол кісі шығармашылық адамдарынан ерекше бір үміт күтетіндей сезілді. Жүзбе-жүз жолыққанда адамға қуат беретіндей ме, әйтеуір, өзім сол жерде көмейіме екі-үш шумақ келіп, төгіп жібергім кеп тұрды. Қанша дегенмен үлкен кісінің ірілігі байқалып тұрады екен.

Елбасының тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Ел тағдырына қатысты шешімдерді қабылдау оңай емес. Осы жолда ол кісі үлкен қадамдарға барып, көрегендігін көрсетті. Оған куәміз.

Менің ойымша, жастарды, мектеп оқушыларын осындай тұлғалармен жиі кездестіріп тұру керек. Бүлдіршіндер сондай кісілердің жақсы қасиеттерін бойына сіңіріп, оған еліктеуге тырысады. «Жақсыменен өткізген жарты сағаттың» өзі жастардың ойын өзгертуге, ортаға бейімделуіне, биік мақсаттарға ұмтылуына әсер ететіні сөзсіз.

Есентүгел Әзи, ақын,

Л.Гумилеев атындағы Евразия ұлттық университетінің докторанты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button