Мереке

Бағдарлама және форум

Еліміздегі басты назардағы мәселенің бірі — жастарды жұмыспен қамту. Осы бағытта түрлі бағдарламалар қолға алынды. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы көптеген жастың ауылға бет бұруына мүмкіндік берді.  Шалқар ауданы Байқадам ауылында мал дәрігері болып жұмыс жасайтын Ерназар Боранбайұлы да аталған бағдарлама бойынша еңбек етіп жатыр.

Өткен жылы Ерназар елордада Елбасының қатысуымен өткен жастар форумына ауданнан бір өзі барып қайтты. Осы жиында Елбасы жастар алдына болашаққа қатысты үлкен міндет  қойды, ел тағдыры, оның әлемдегі орны жайында ой бөлісті. «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар», — деді Тұңғыш Президент. Ерназар форумнан көп нәрсені көңілге түйді. Елбасының және өзі секілді жастардың пікірін мұқият тыңдады. Олардың әңгімесі жас маманның өміріне серпін бергендей болды. Сол жиында Елбасымен суретке түсіп, ауылға ерекше көңіл күймен қайтқан болатын.

Елбасы қай уақытта да жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының мәні санайды. Осы бағытта қыруар жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесін көрген жастың бірі — мен. Ауыл шаруашылығы колледжін мал дәрігері мамандығы бойынша бітірдім. Оқу орнын аяқтағаннан кейін қалада қалу ойымда болды. Бірақ ойлана келе, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа тұруды жөн санадым. Себебі бұл жоба бойынша ауылға келген жасқа барлық жағдай жасалатынын естідім. Өзім туып-өскен Байқадамға келдім. Еңбекке араласқаннан кейін көтермеақы алдым. Аз уақыттың ішінде баспанаға ие болдым. Егер қалада қалсам, пәтер жағалап жүретін едім, — дейді Ерназар.

Байқадам ауылының тұрғындары, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдың табиғаты да осы шаруашылықтың түрін дамытуға өте қолайлы. Қазір  Байқадамда үш жарым мыңнан аса ірі қара, жиырма мыңға жуық қой бар. Ал түйенің саны мыңнан асса, жылқы екі мыңға жуықтайды. Малдың саны көбейген сайын оны уақытында ветеринарлық тексеруден өткізіп тұру керек. Ерназар жоспар бойынша ауылдағы малдан уақытында қан алып, қадағалап отырады. Сырттан келген төрт түліктің де жай-күйі назардан тыс қалмайды.

Мал да адам сияқты. Уақытында тексеріп отыру керек. Ауру таралса, оны бірден тоқтату қиын. Сондықтан жоспарлы түрде тексеріп отырамыз. Ауылдың малы далада жайылады. Табиғи шөппен қоректенеді. Ауру-сырқаудан аман. Анда-санда бірен-саран сиырдан бруцеллез ауруы шығып жатады. Бұндай кезде малды бірден оқшаулап, ем жүргізіледі, — дейді жас маман.

Ерназар өз ісіне тиянақты. Шаруаға ұқыпты. Малдың қан сараптамасын уақытында алып, аудан орталығына жеткізеді. Шаруалармен сөйлесіп, кеңес береді. Келіншегі де ауылдағы теміржол бекетінде кезекші болып жұмыс жасайды. Екі баласы бар.

Жастардың көпшілігі ауылға келгісі келмейді. Келсе, бәр нәрседен құр қалғандай көреді. Шын мәнінде, еңбек еткен адамға ауылда кәсібін дөңгелентуге болады. Бұл жақта да жақсы өмір сүруге мүмкіндік мол. Мәселен,  біз қаладағыдай ет пен сүтті сатып алмаймыз. Мал ұстап, табиғи өнім тұтынып отырмыз. Сондықтан жастарға ауылдан қашпаңыздар дегім келеді. Мен былтыр  Елбасының қатысуымен өткен жиынға алғаш рет қатыстым. Алған әсерім керемет. Бұндай жиын маған серпін берді. Тұңғыш Президентіміздің  ауыл жастарына көңіл бөлу керектігі туралы айтқаны қуантты, — дейді Ернзар.

Елбасы жастар форумында: ««Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек. Осыған орай «Дипломмен — ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын. Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн. Сондай-ақ жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет», — деген болатын. Біздің өңірде Елбасының осы тапсырмасы өз деңгейінде орындалып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button