Қала әкімі дүкендер мен көкөніс қоймаларын аралады
Қалалық билік жүйелі баға саясатын ұстанып отырғаны және қымбатшылықты шектеу, тамақ өнімдеріне бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, қысқа көкөніс дайындау жөнінде нақты шаралар алатыны белгілі.
Осы мақсатпен қалалық әкімдік күн сайын баға мониторингін жүргізеді, әкімдік пен көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары, жергілікті тауар өндірушілер, тамақ өнімдерін жеткізушілер арасында қол қойылған меморандумдар шарттарының сақталуына тұрақты бақылау жасайды, тұрғындардың қолдағы малын шөппен және жеммен қамтамасыз ету жөнінде шаралар алады.
Өткен аптада қала әкімі Архимед Мұхамбетов «Әнуар» және «Дина» супермаркеттерін, сол сияқты 41-разъезд ауданындағы бірқатар көкөніс қоймаларын аралады. Дүкендерде қала әкімі негізгі тауарлар түрлеріне, соның ішінде өсімдік майына, сүт және ет өнімдеріне, ұнға, нанға, жармаларға қойылған бағаларды бақылаумен бірге сауда үстемесін қолдану жөніндегі меморандум шарттарының сақталынуына, тауарлар ассортиментінде жергілікті тауар өндірушілер өнімдерінің болуына да назар аударды.
Бұл күні «Дина»супермаркетінде «Рамазан» ЖШС ұны, бірқатар ақтөбелік өндірушілердің сүт өнімдері, «Ақтөбе нан» және «Атамекен нан» ЖШС наны болмады. Ал «Әнуар» дүкенінде «Туркуаз» ЖШС өсімдік майы Ресейден әкелінгендіктен жоғары бағада сатылуда.
Бүгінгі күні «Қазагромаркетинг» АҚ мәліметтері бойынша Ақтөбеде тағамдар атауларының тек екі түрінен ғана (қызанақ пен қияр) бағалар республикалық бағадан жоғары.
Дүкендерді аралау барысында А. Мұхамбетов бірқатар ескертулер жасап, өзінің орынбасары Абай Байжомартовқа, кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Даржановаға және «Әнуар», «Дина» супермаркеттерінің иелеріне тапсырмалар берді.
Әкім көптеген тауарларға ең жоғары 10 пайыздық үстеме қолданып отырғанына наразылық білдірді. Сонымен қатар сөрелерде жергілікті өндірушілердің тағам өнімдерінің барлық ассортименті және бағалардың кең диапазоны болуын талап етті. Тұтынушының таңдау мүмкіндігі болуы керек, ал дүкендерде, әсіресе, мереке күндері тағам өнімдерінің үздіксіз қоры болуы тиіс.
Базарларды көкөніспен толтыру және бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі пәрменді шаралардың бірі қысқа көкөніс дайындау болып табылады. Облыстық штабтың шешіміне сәйкес, Ақтөбеде бірнеше мың тонна көкөніс, оның ішінде, картоп дайындауға болжам жасалынғандықтан, қала әкімдігі тек көкөніс дайындау барысын ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға сатылатын өнімнің сапалы болуы үшін оларды сақтауға жағдай жасауды тұрақты бақылап отыр.
Сондықтан да, А. Мұхамбетов 41-разъезде орналасқан бірқатар көкөніс қоймаларын аралады. Бұл аумақта көкөністерді «Бизнесті дамыту орталығы» ЖШС, «Батыс Агро 2008» ЖШС, «Базис Терра» ЖШС, «Промресурс» ЖШС дайындауда. Әкім көкөніс қоймаларының жабдықталуымен, картопты, пиязды, қырыққабатты сақтау жағдайларымен танысты.
Кәсіпорындар басшылары айтқандай, бүгінде 1,5 мың тоннадан астам картоп дайындалған. Тек «Бизнесті дамыту орталығы» ғана Павлодар облысынан 500 тонна картоп, Жамбыл облысынан 400 тонна пияз және Ақтөбе облысының жергілікті шаруашылықтарынан 100 тонна қырыққабат алған.
Көкөніс қоймаларын аралау қорытындысы бойынша қала әкімі, бірінші кезекте, көкөніс қоймалары санын көбейтуге байланысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бұрын осы ауданда барлық базалар мен қоймалар, соның ішінде, көкөніс қоймалары да орналасқаны белгілі. Мұнда теміржолдың және автомобильдердің кірме жолдары, жүк түсіру-тиеу алаңдары болды. Бүгінде олардың көпшілігі қоймаларға айналған және бірқатары мақсатты пайдаланылмауда. Қалаға көкөніс қоймалары аса қажет және олардың құрылысы үшін миллиондаған инвестициялар тартылып отырған уақытта мұндай жағдайға төзуге болмайды.
Сондықтан, қала әкімі сәулет бөліміне барлық ғимараттарды есепке алуға, олардың иелерін және жекешелендіру шарттарын анықтауға екі апта мерзім берді. Егер, мемлекеттік актілерде мақсатты қызметі өзгертілмесе, онда ғимарат қолдағы құжаттамаға сәйкес көкөніс қоймасы ретінде пайдаланылатын болады.
Қала әкімінің баспасөз қызметі.




