Жаңалықтар

БАҚ-пен байланыс: мәні зор мәмілеге қол қойылды

Баспасөз үйінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС мен облыстық білім, денсаулық және  спорт басқармаларының арасында үш жақты ынтымақтастық келісімі жасалды.

Баспасөз үйінде өткен жиынға аталған басқарманың басшылары қатысты.  «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бұл шараның мақсатын түсіндірді.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің негізгі оқырмандары қатарында  мұғалімдер, тәрбиешілер, дәрігерлер және спорт саласының өкілдері де көптеп кездеседі. Газет беттерінде аталған саланың жетістіктері мен проблемалары жиі жазылады. Елімізде індет басталып, түрлі қиындықтар орын алған кезде қос басылым басқармалармен тығыз жұмыс жасап, тұрғындарға дер кезінде ақпарат таратып отырды. Денсаулық, білім саласы бойынша айдар ашылып, бет берілді. Індеттен сақтану, емделу, алдын алу және дәрігерлердің жұмысы, яғни барлық мәселе журналистердің назарынан тыс қалмады. Пандемия кезіндегі дәрігерлердің жанкешті еңбегі, білім, спорт салаларындағы қашықтан оқыту мәселелерін жиі жаздық. Жалпы қоғамда дәрігерлер мен мұғалімдердің ең қажет мамандық иелері екені белгілі. Бірақ пандемияның кезінде бұл маман иелеріне деген құрмет бұрынғыдан да арта түсті. Әрине кемшіліксіз ештеңе болмайды. Түрлі қиындықтар орын алды. Оның барлығы түсіністік пен бірліктің арқасында оң шешімін тауып келеді.

Қос басылым бұған дейін де үш басқармамен тығыз байланыста жұмыс жасады. Осы ынтымақтастық әрі қарай жалғасын табу үшін, бүгін келісім құжатына қол қоймақпыз, — деген серіктестік директоры жиналғандарды алда келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

Бұдан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев,  денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров  үш жақты ынтымақтастық келісіміне қол қойды.

Басқарма басшылары қос басылыммен  арадағы тығыз қарым-қатынастың алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін айтты.

— Газет — рухани байлығымыз. Заман өзгеріп, барлығы электронды жүйеге көшкенімен, баспасөздің  біздің өмірімізде алар орны ерекше. Оның ішінде білім саласы қызметкерлері басылымнан қол үзбейді. Мұғалімнің газетті қолына ұстап оқуы оның мәртебесін көтереді. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің ұжымымен көп жылдардан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап келеміз. Білім саласына қатысты ақпараттар қос басылымның  әр нөмірінде жарияланады. Пандемия кезінде бұл ынтымақтастық беки түсті. Әрі қарай да осы жақсы қарым-қатынасымыз жанды жалғасын таба береді, — деді Ләззат Оразбаева.

Облыстық денсаулық сақтау басқарамсының басшысы Рүстем Исаев қос басылымның тұрақты оқырманы екенін, газет бетіндегі медицина және өзге де тақырыптағы материалдарды үнемі оқып жүретінін  айтты.

— Елімізді  жайлаған індет ешкімге оңай тиген жоқ. Медицина мамандары күні-түні тынбай еңбек етті. Осы кезде сіздермен бірге халыққа нақты ақпарат таратып, тығыз жұмыс жасадық. Газет бетінде дәрігерлердің жанкешті еңбегі жиі жазылды, әлі де жазылып жатыр. Бұндай құрмет  біздің еңбекке деген құлшынысымызды арттырады. Сіздерге алғысымыз шексіз.  Бұған дейін де сіздермен тығыз байланыс жасасақ, әрі қарай да ынтымақтастығымыз жалғаса береді, — деді Рүстем Исаев.

Осындай игі ұстанымды облыстық спорт басқармасы басшысы Евгений Гончаров та білдірді.

«Ақтөбе Медиа» холдингі директоры Раукен Отыншин басқарма басшыларына алғысын білдірді. «Актюбинский вестник» газетінің редакторы Айгүл Нүркеева да ынтымақтастықтың жылдар бойы қалыптасқан үрдісі үзілмейтінін айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button