Жаңалықтар

Ұсыныс және қолдау

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың төрағалығымен консультативтік-кеңесші органдардың отырысы өтті. Жиында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің компьютерлік құралдармен жабдықталуына қатысты мәселе сөз болды.

Шарада мекемелердің  заманауи бейнебақылау, компьютер құралдары және COVID-19 індетінің алдын алу, оны  болдырмауға арналған дәрілік заттар қорымен қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Алмас Шәмішев осы бағыттағы жұмыстарды баяндады. Аталған департаменттің  пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы Азамат Наукенов, сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы жөніндегі топтың бас маманы Руслан Төлегенов, сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету тобының бас маманы Шынболат Дауылбаев түзеу мекемелері мен пробация қызметін жетілдіруге кедергі келтіретін бірнеше проблемаларды атады.

Руслан Хамбаров комиссия мүшелерін мұқият тыңдады. Олардың КА-168/2 түзеу мекемесінің аумағындағы заманауи спорт алаңдары мен спорт тренажерларын жаңарту туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, комиссия төрағасы жауапты мамандарға мекеменің кітапхана қорын әдебиеттермен толықтыруды тапсырды. Компьютерлік жабдықтарға қатысты мәселені шешумен айналысатынын айтты. Жиында түзеу мекемелеріндегі адамдардың медициналық көмек алуына қатысты мәселе де ортаға салынды. Руслан Хамбаров осы  шаруамен айналысатын «ӘлемСаулық» жеке медициналық клиникасында сотталғандарға толық медициналық көмекті көрсету мүмкін болмаған жағдайда, оны облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарында жүзеге асыруды жауапты мамандарға тапсырды.

Кеңес отырысының соңында Алмас Шәмішев елдегі эпидемиологиялық жағдай кезінде жергілікті биліктің қолдау көрсетіп, дәрілік заттар және дәрумендермен қамтамасыз еткені үшін облыс әкімінің орынбасарына алғысын білдірді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button