Жаңалықтар

Идеялар фабрикасы

Талқылау

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін нақты жобаларға арқау болатын идеяларды іріктеу мақсатында «Идеялар фабрикасы» ұйымдастырылды.

Идеялар фабрикасына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәулетияр Тоғызбаев, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Тимур Айтқалиев, Президенттік жастар кадр резервіне Ақтөбе облысынан енген мемлекеттік қызметшілер, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері мен магистранттары, мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Шара барысында мемлекеттік қызметшілер тарапынан мемлекеттік қызмет пен басқару жүйесін жетілдіру, бизнес процестерді оңтайландыру, мемлекеттік қызметті көрсетуді цифрландыру, әлеуметтік және кадр саясаты бағыттары  бойынша ұсынылған идеялар талқыланды.

Шарада өз жобасын қорғап, ұсыныс айтқандардың бірі —  республика бойынша «Үздік мемлекеттік қызметші» ондығына енген Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сүйене отырып, мен бүгін «Ашық ақпарат» жобасын ұсындым. Ақпарат жеткілікті болып әрі дұрыс жеткізілсе, тұрғындар қай іске де қызығушылық білдіреді. Осы мақсатта аудандағы еңбек адамдарының нақты үлгісін көрсетуді, мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп, игілігін көріп отырған азаматтарды дәріптеуді бастап кеттік. Өзім қолға алған «Ауыл әкімінің бір күні» ақпараттық түсірілімі Қобда ауданының барлық 16 ауылдық округінде жүзеге асты. Әуелі бөлімдегі жетекші маман Мейірхан Акмурзинді телеарнаға арнайы жіберіп, бейнеоператорлықты оқыттық. Бейнекамера сатып алдық. Сөйтіп, елді мекендердегі мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған азаматтарды ауылдасқа үлгі қылып, жаңа форматта насихаттадық. Дайын бейнероликті әлеуметтік желілерге (фейсбук, инстаграм, т.б.), you tube каналға жүктеп, сілтемелерін whatsaрр мессенджерлері арқылы тараттық. Өздері танитын адамды көрген ауыл тұрғындарының  арасында бәсекелестік артып, «оның жасағаны менің де қолымнан келеді» деген ой қалыптасып, ынта-ықыласы оянады. Енжарлықтан арылады. Осы тұста нағыз бәсекелестік ауылда екені баршаға аян. Мәселен, ауылда бір үй қақпасын бояп не өзгертсе, көршісі де ауласын тазартып жатпай ма? Ал ауыл ауданның, аудан облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін құрайтынын ескерсек, бұл ұтымды жоба дер едім, —  дейді Арман Қабылов өз жобасы туралы.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл жақсы жобалар ұсынған жастардың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button