Тағы бір жаңа мектеп
Кеше Благодарный селолық округіне қарасты Красноселськое ауылында жаңа мектептің тұсауы кесілді. Шараға облыс әкімі Елеусін Сағындықов, қала әкімі Архимед Мұхамбетов, қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова және облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің басшылары, ауыл әкімдері мен тұрғындар қатысты.
Өткен жылдың соңында бұл ауылдағы мектептің апатты жағдайда тұрғаны анықталып, жұмысы тоқтатылған болатын. Оқушылар көрші Қызылжар ауылындағы мектепке қатынап оқуға мәжбүр болған. Бүгін олар өз ауылындағы жаңа мектепке қайта қауышып, мәре-сәре болды.
Мектептің тұсаукесер рәсіміне келген облыс әкімі ауыл тұрғындарын құттықтап, оқушыларға сапалы білім тіледі.
— Жаңа мектептің ғимараты балаларға жақсы білім алуға мүмкіндік беріп отыр.
Соңғы төрт-бес жылда облыс бойынша 40-тан астам жаңа мектептерді қолданысқа бердік. Бұл мектеп негізгі жоспарда болмаған еді. Аппатты жағдайда тұрғандықтан, бюджеттен бөлінген қаржыға салынды.
Бұрын осы секілді апатты жағдайдағы мектептердің саны 28-30 болған еді, қазір екі-үшеуі ғана қалды. Барлық мектептің жағдайлары дұрысталады.
Облысты балабақшамен қамтуды да жыл аяғына дейін 87 пайызға жеткіземіз. Ал болашақта осы мектептің ескі ғимаратын жөндеп, бастауыш сыныптарға негіздеп, орта мектепке айналдырамыз. Республика бойынша балаларды мектеп автобусымен қамтуда да алда келеміз. Қазір бізде 47 мектеп автобусы бар.
Экономикамыздың өркендеуінің арқасында жағдайымыз түзеліп, көптеген ауылдардың әлеуметтік мәселелері шешіліп жатыр. Қазір елді мекендерді жарықпен, көгілдір отынмен, сумен қамтамасыз етіп отырмыз. Жол мәселесі де шешілуде. Біздің облыс республика бойынша үдемелі индустриялды-инновациялық дамуда алғы шептен көрінуде. Жұмыс орындары да көптеп ашылып жатыр. Тек алға ұмтылыс керек. Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасы, — деді Елеусін Наурызбайұлы.
Жаңа мектеп замануи құрал-жабдықтармен қамтылған. Химия, физика, шеберхана, информатика сыныптарының барлығы жақсы жабдықталған. Спорт зал да жұмыс істейді. Мектеп ауласында баскетбол, волейбол ойнайтын алаңдар бар.
— Мектептің құрылысы 2010 жылдың 2 маусымында басталды. Балалар екінші тоқсанды жаңа ғимаратта жалғастырды. 100 оқушыға арналған мектебіміз екі ауысымда екі жүз бала қабылдай алады. Спорт зал, информатика , химия, физика кабинеттері, шеберхана жабдықталған. Дербес жылу қазандығы бар. Қазір мұнда 167 бала білім алып жатыр, — дейді мектеп директоры Юрий Құрлан.
Құрылысты жүргізген «ЭлитСтройСервисАқтөбе» ЖШС ғимаратты тиісті мерзімде тапсырып үлгерді. Мектептің барлық керек-жарағына бюджеттен бөлінген 160 миллион теңге жұмсалыпты.
— Жаңа типті жобадағы мектеп салынып жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Немерелерім осы мектепте оқиды. Құрал-жабдықтары жаңа, мұғалімдер сапалы білім берсе, біздер саналы тәрбие берейік, барлық ата-аналарға айтарым осы. Облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Ауылымыздың жағдайы жақсарып келеді. Өткен жылы газ тартылды, биыл, міне, мектеп салып берді. Қызылжар мектебіне қатынап оқыған кезде балалардың қауіпсіздігін сақтаған құқық қорғаушыларға да рақмет, — дейді ауыл тұрғыны Зәуреш Садықова.
Блогодарный селолық округіне қарасты бұл ауылда 800-ге тарта тұрғын, 130 түтін бар. Газ, жарық, сумен қамтылған. Жаңа мектепке Шилісай мен Белогоркі ауылының оқушылары да қатынап оқитан болады.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.



