Жаңалықтар

Кейін қайтаруға болмайтын 6 тауарды білесіз бе?

Тұтынушы құқығы

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев департаменттің 10 айда атқарылған жұмыстары туралы айтып, көрермендерге тұтынушы құқығы туралы мәлімет берді.

Биыл елдегі жағдайға байланысты тұтынушылардың дені  өз өтініштерін электронды түрде, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы қалдырыпты. Жыл басынан бері департаментке тұтынушылар тарапынан 477 өтініш келіп түскен. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 238 тұтынушыға заңнамалық талаптармен кеңес беріліп, 93 тұтынушының өтініші құзыретті мекемелерге жолданды. Ал 146 адамның өтініші оң шешімін тапқан. Департамент басшысы оң шешілген өтініштердің дені тұтынушылардың қаражат қайтару мәселесіне қатысты болғанын айтады.

— «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының  42-2-бабына сәйкес, құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге құқығы  бар. Жыл басынан бері облыстың 2 тұтынушысының сапасыз тауарға қатысты сот шешімімен құқығы қорғалып, қаражаты қайтарылды. Ал біреуінің қаражатын қайтарумен қатар, моральдық шығыны өтелді.

Сондай-ақ «БекЭйр» әуекомпаниясына қатысты 21 тұтынушының билет құнының қаражатын қайтару мәселесі сот арқылы шешімін табуда. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті компанияға қатысты 3 сот отырысында жеңді, қазіргі таңда төртінші сот отырысы өтіп жатыр. Облыстың 22 тұтынушысының «Скат», «Эйр Астана», «Казах Эйр», «Флай Арыстан» әуекомпанияларының  жойылған әуе рейстері үшін қаражаттарын қайтару мәселесі компаниялардың Астана, Алматы қалаларында тіркелуіне байланысты өтініштер аумақтық департаменттерге және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жолдануда. Одан әрі мәселе тұтынушылық дауды сотқа дейінгі реттеу жолымен шешілуде, — деді Жұмамұрат Алдашев.

Эфир барысында департамент басшысы тұтынушылар өз құқықтарын дұрыс білмегендіктен түсініспеушіліктер кездесіп жататындығын айтты.

— Тұтынушылар өз құқықтарын білмегендіктен көптеген  түсініспеушіліктермен кездесіп жатады. Мәселен, сатып алған тауарды кейін қайтаруға болмайды дейтін саудагерлерді де  жиі кездестіреміз. Бұл, әрине,  заңға қайшы. Барлық затты кейін қайтаруға болмайды деген қате пікір. Заңға сәйкес кейін қайтарылмайтын 6 тауар  бар. Олар: дәрі-дәрмек, шұлық, ішкиім, зоодүкендерде сатылатын жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауар, сондай-ақ ұялы телефондар. Ал дәріханаларда сатылатын дәріден басқа тауарларды кейін қайтаруға болады, — деді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button