Жаңалықтар

«Құлагер» мен «Керемет»

Кәсіпкер

Ұлттың басты тағамы — еттен тартынатын қазақ жоқ шығар, сірә.

Әрине, етті түріне қарап танитын талғампаз тұтынушы еттің қауіпсіздігі мен сапасына қатты мән береді. Осы орайда бүгінде қаламыздағы Батыс-2 шағын ауданында орналасқан «Керемет» ет орталығының өнімдері ақтөбеліктер арасында үлкен сұранысқа ие. Шаруаның ебін, пайданың көзін таба білген ағайынды Сұлтановтардың отбасылық бизнесі қалай басталды? «Құлагер» шаруа қожалығының бүгінгі жайы қалай? Бұл туралы бізге жиырма жылдан астам уақыт ет сатумен айналысып келе жатқан кәсіпкер Жасұлан Сұлтанов әңгімелеп берді.

Ет сатушылар

Ойылдықтар ағайынды Сұлтановтарды жақсы таниды. Бала кезден елгезектігімен, пысықтығымен ел көзіне түскен олар облыс орталығына ерте келді. «Еңбек етсең, емерсің» дегенді ерте ұғынған Сапарбайдың ұлдары — Руслан мен Жасұлан 1999 жылы ауылдан қалаға сатуға ет әкеледі. Ол кезде екеуі де ептілікті қажет ететін ет сату бизнесіне қадам жасап тұрғандарын еш сезбейді.

— Содан бері ағам екеуміз ет сатумен айналысып келеміз. Әуелі ДСК базарындағы ет павильонында, кейін «Әлия» базары ашылып, сонда ет саттық. «Анвар» мен «Дина» супермаркеттері ашылған соң, соларға ет тасумен айналыстық, — деп бастады әңгімесін Жасұлан. — Ет сатып жүріп, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын сиырымыз болса деп армандайтынбыз. Мал шаруашылығына 2011 жылы көңіл бөлдік. Мұғалжар ауданы Талдысай ауылындағы «Құлагер» шаруа қожалығының малына қызығатынбыз. Марқұм Құрман ағайдың (Әлішев) қожалығының бұзаулары ірі боп келетін. Қыркүйекте сойған бұзаудың салмағы 130 келі болатын. Бұзауларына қызығып әрі жері құнарлы деп, сол қожалықты малымен, техникаларымен қоса сатып алдық. Үй мен баз, қоймасы болды.

Жасұлан 2013 жылы Қандыағаш қаласындағы несие бөлімінен қарызға алған 13 миллион теңгеге сиыр сатып алғандарын, кейін екі жылдан соң қожалықтың техникаларын түгел жаңалағанын айтып берді. Сондай-ақ шаруа 2016 жылы қожалық басында үлкен баз, қойма, аула салып алғандарын, скважина суын да бірден жасап алғанын, күн батареясы арқылы жарық алып отырғанын, ірі қара аналығына субсидия берілетінін, осының бәрі де мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатқанын айтты.

— Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан әуелі 8 миллион теңге несие алып, сиырды 250-ге жеткіздік. Екі-үш жылдан соң несиені жауып тастадық. Жеріміз азғантай болып, малымыз сыймады. Содан ірі қараны екіге бөліп, Темір ауданындағы Алтықарасу ауылына апарып, сол жердегі «Бексұлтан» шаруа қожалығының малына апарып қостық. Сол ауылда қайын атам мен балдызым бар. Бірімізге-біріміз көмектесіп тұрамыз. Былтыр тағы да 20 миллион теңге несие алып, 16 миллионға жылқы, қалғанына қой сатып алдық. Қазіргі таңда Талдысайдағы қожалықта 200-ге жуық сиыр, 50 жылқы, 250-дей қой бар. Сол жердегі базда жылына 50-60 ірі қараны бордақылап отырамыз. Ет азайған тұста, көктем мезгілінде сатуға шығарамыз. Етті өзіміздің «Керемет» ет орталығына апарамыз, басқа да фирмаларға ет тапсырамыз. Бір өкініштісі, сойған малдың терісін қоқысқа тастап жатырмыз. Қаламызда тері илейтін цех жоқ, — дейді Жасұлан, нарықтағы ақсап жатқан тұсты көрсетіп.

Мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған ол ниет етіп бастасаң, шаруа шетінен өзі реттеле беретінін айтып, замандастарын тек ерінбей еңбек етуге шақырды.

Қожалық Талдысайда болғандықтан сол ауылды көркейтуге қатысты шараларға белсене араласады, ауылда өтіп жатқан шараларға демеуші болады, қолынан келгенінше көмегін береді. Мысалы, бүгінде осы ауылда салынып жатқан имам үйіне өз үлесін қосыпты.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерінен қалмайды: бес жыл қатарынан Елордада өткен жәрмеңкелерге ет апарып жүр. Екібастан Ақтөбеде өтетін жәрмеңкелердің белсенді қатысушыларының бірі.

Еттің төресін танисыз ба?

Ет сатудың қыр-сырын жетік меңгерген ағайынды Сұлтановтар қаламыздағы Батыс-2 ауданында «Керемет» ет орталығын ашып, отбасылық бизнесті дамытып отыр.

2019 жылы өзінің мінсіз іскерлігінің арқасында Жасұлан Сұлтанов «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» облыстық филиалынан «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 14 миллион теңге несие алып, кәсіп аясын кеңейтті. Бұл қаражат ет өнімдерін және жартылай дайын өнімдердің тұтас желісін қалыптастыруға, қайта өңдеу мен сатуды ұйымдастыруға қажетті құрал-жабдықты сатып алуға жұмсалды.

Атап айтсақ, «Керемет» ет орталығында стейктерді, яғни арнайы кесілген кесек еттерді терең мұздатуға және сүрлеуге арналған жаңа қондырғы орнатылды. Бұл қондырғыда жұмыс істеу үшін Жасұланның інісі Дастан Алматыда өз қаражаты есебінен оқып келіпті. Сондай-ақ ол осы ет орталығының инстапарақшасын шебер жүргізіп отыр. Еттің төресі мен сүйектерді ажырата аласыз ба? Осындай білместіктің орнын толтыру үшін үнемі ізденісте жүретін кәсіпкер «Кереметтің» бір бұрышын кітапхана етіп қойыпты. Бұл жерде тек ет туралы, еттен жасалатын тағамдарға қатысты кітаптар орналасқан.

Расында ағайынды Сұлтановтар шағын ет кластерін құрды. Ең әуелі, олар делдалдарды жоққа шығарды, сосын ірі қара мен ұсақ малды өсіруден бастап сатуға дейінгі бүкіл процесті өздері қолға алды. Тынымсыз еңбек нәтижелері көңіл қуантарлық. Бұл кәсіпкерді де жігерлендіреді.

Кәсіпкердің айтуынша, бұрын 200 келі ет үш күн ішінде сатылса, қазірде жарты күнге жетпейтін уақытта өтіп кетеді. Бүгінде ол күніне облыстың әр ауданынан келген малдың семізін таңдап, 4-5 ірі қараның етін сатып алады екен. Сонымен қатар күніне 3-4 тонна арық етті де қабылдайтынын айтты.

Ет сату бизнесін жолға қойып алған кәсіпкер Жасұлан Сұлтанов қазірде ет орталығында жұмыс істейтін 12 адамға, қожалық басындағы алты адамға жалақы төлеп отыр. Ендігі мақсаты — «Кереметті» кеңейту, анығы, жер алып, дара ғимарат құрылысын бастау.

Сапарбайдың ұлдары

Сапарбай мен Дәукен үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Руслан, Жасұлан, Дастан — үшеуі де осы отбасылық кәсіппен айналысады.

Әкем Ойылда прораб болды, мамандығы — сәулетші. Ал анам 35 жылдай ауылда медбике болып еңбек етті. Зейнетке шыққасын ата-анам Ақтөбеге көшіп келді. Қазір қолдарында кенже ұл бар. Руслан ағам да үйлі-баранды, бес баласы бар. Өзімнің үш балам бар. Қырыққа келгенде қызды болдым, қазір келіншегім сол баланың күтімімен үйде отыр. Мамандығы — мұғалім. Қарындастарымның да өз бизнестері бар, — дейді Жасұлан.

Ойыл өзеніне түсіп, Барқынның орманы мен құмында өскен Жасұлан аңға шыққанды, балық аулағанды ұнатады. Әжептәуір волейболшы. Қазірдің өзінде спортқа ерекше көңіл бөліп, жаттығу залына баруға уақыт бөліп отырады.  Бүгінде Жасұлан — «Дентал-Ақтөбе» волейболшылар клубының белді ойыншыларының бірі. Жақында Ойылда волейболдан өткен турнирге үш демеушінің бірі боп көмектесіп әрі ойыншылар қатарынан да көріне білді. Жасұланның гитара тартатын да өнері бар. Анасы Дәукеннің ауылдағы жиын-тойларда ән салатынын ойылдықтар айтып отыр, ал ағасы Руслан домбыра тартады. Бұрын беташар да айтатын болыпты. «Жігітке жеті өнердің де аздығын» айтқан Жасұлан білмегенін үйренуден жалықпайды, ерінбей ізденеді. Бауырлары мен балаларына да бір орында тоқтап қалмай, заманның көшінен қалмай, әрқашан іздене беру керектігін айтып отырады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button