Басты жаңалықтарЭкономика

Темір ауданында медпункт ашылып, ауызсу желісі тартылды

Өткен жұма күні Темір ауданының екі ауылында көптен күткен қуаныш болды. Енді еңбекшіліктер медициналық қызметтерді су жаңа ғимаратта алса, ал тасқопалықтар бұрынғыдай құдықтан су тасымайды. Бұл — мемлекеттік бағдарламалардың арқасында іске асқан игіліктер.

Бір мезгілде 20 адамды қабылдай алады

Аудан орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекші елді мекенінде бұған дейін басыбайлы медициналық пункт болған жоқ. 2004 жылдан бері бос тұрған жалдамалы жеке тұрғын үйде орналасқан нысанда келушілерге ұсынылған жағдай көңіл көншітпейтін-ді. Бұл, әрине, ауыл халқына бірталай қолайсыздықтар тудырды… Мәселенің өзектілігі пандемия кезінде айтарлықтай сезілді. Аталған түйткіл өз шешімін енді тапты.

— Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында осы медициналық пункт салынып отыр. Мұнда дәрігер мамандар бар, барлық медициналық жабдықтармен қамтылған. Сондықтан  заман талабына сай салынған медициналық пункт өздеріңізге құтты болсын демекпін. Игіліктеріңізге пайдалануға жазсын.

Жалпы, қазіргі таңда ауылдарда инфрақұрылымды дамытуға байланысты жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Су, газ желілері тартылып, осындай медициналық пункттер ашылу үстінде. Бүгін, міне, соның бір көрінісіне куә болып отырмыз. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жасала береді.

Бұл ауылда мектеп, балабақша бар. Су желісін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар жасалған екен. Ол да болашақта қаралатын болады. Көп ұзамай Еңбекші елді мекені үлкен ауылға айналады деп ойлаймыз, — деді ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет.
Шарада аудан әкімі Жолдас Батырхан әлеуметтік нысанға компьютерлік жабдықтар алу үшін сертификат табыстап, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Тана-Пракс» ЖШС басшысы Жұматай Бексұлтановқа тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

Құрылыс жұмыстарының өзі биылғы маусым айында басталған. Небәрі 5 айда салынған пунктте бір мезгілде 20 адамға дейін медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Темір аудандық аурухананың бас дәрігері Есентемір Демегеновтің айтуынша, құрылысқа 61 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Су жаңа ғимаратта 3 қызметкер жұмыс істейтін болады.

Медициналық пункттің ашылғанына тұрғындар да риза. Ауыл ақсақалдарының бірі — Сайын Боранқұлов:

— Елді мекенімізде медициналық пункттің пайдалануға берілгеніне өте қуаныштымыз. Сәулетті ғимарат халық игілігіне жұмыс істейді деген үміттеміз. Ең бастысы, ауыл халқы дән риза. Өйткені бұған дейін медициналық пункттің жеке ғимараты болмай, соның кесірінен біраз қиындық көргенбіз. Енді бұның барлығы артта қалды, — деп лебізін білдірді.

Айта кетейік, ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Темір ауданында 1 аудандық, 1 селолық аурухана, 5 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік және 16 медициналық пункт жұмыс істейді.

Газдан соң су жетті

Тасқопа ауылында ауызсу мәселесі шешілді. Бұл — тұрғындар үшін үлкен қуаныш. 870 тұрғыны бар ауылда су желісін қосу рәсімі өтті. Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет:

— Аудан орталығынан шалғай орналасқан Тасқопа ауылының тұрғындары су, газ тарту мәселелерінің өзекті екенін атқарушы билікке ұдайы айтатын. Соған сәйкес облыс басшылығының тапсырмасы бойынша жылдың басында ауылға газ жетсе, енді ауызсу жүйесі іске қосылып жатыр. Сондықтан ауылдың негізгі мәселелері толығымен шешімін тапты десек болады. Енді жол мәселесін айтып жатырсыздар. Бәрі біртіндеп шешімін табатын болады.

Облыстағы 30-ға жуық ауылда ауызсу желісін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аудандардың орталығында абаттандыру жұмыстары жасалуда. Басқа да әлеуметтік нысандар салыну үстінде. Тұрғындар қажет ететін нысандар осылай бірте-бірте пайдалануға берілетін болады.

Барлықтарыңызды ауызсу желісінің қосылуымен құттықтаймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Еліміздің байлығы — ауылдарымыз жасай берсін! — деп ақ тілегін арнады.

Өз кезегінде аудан басшысы су желілерінің құрылысымен айналысқан «Әлихан-Ойл 3» ЖШС басшысы Зұлқожа Қожаевқа тұрғындар атынан алғыс айтып, кеудесіне «Темір ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты, иығына шапан жапты.  Артынша атқарушы билік атынан көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және мектеп оқушыларына тұрмысқа қажетті техникалар, киім-кешек тарту етілді.

Осынау қуанышқа куә болған қарттар лебізін айтып, жиналғандарға бата берді.

Үйіне ауызсу жеткен тұрғындардың бірі — Күміс Орысбаева. Жолдасы екеуі 4 баланы өсірген ол мұндай игілікке жеткеніне бек қуанышты. Енді шай қайнатып, тамақ дайындауда, жалпы үйдің шаруасын атқаруда судан қиындық көрмейді.

— Осы үйге келін боп түскеніме 30 жыл болды. Бүгінге дейін арбамен құдықтан су тасып келдік. Бұны айтуға ғана оңай, қыс мезгілінде тіптен қиналатынбыз. Шүкір, бүгін ауылымызға су желісі тартылып, мәз боп жатырмыз. Газымыз да бар. Бұл күнге де жеткенімізге қуаныштымыз. Мемлекет басшысы, жергілікті билік, барлықтарыңызға аналық алғысымды айтамын, — деді ерекше көңілмен Күміс апай.

Білгеніміздей, қазіргі кезде Тасқопа ауылындағы барлығы 125 тұрғын үй мен медициналық пункт, мектеп, клуб және әкімшілік ғимаратқа ауызсу желісі жеткен.
Спорт кешені қашан тапсырылады?  

Атқарушы билік өкілдері Шұбарқұдық кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешені, 320 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Алғашқысы жаз мезгілінің соңында тапсырылуы керек-ті. Бірақ карантинге байланысты құрылыс материалдары кешігіп жетіп, соның салдарынан ашылуы ұзап кеткен. Енді жоспар бойынша ғимарат қараша айы ортасынан ауғанда халық игілігіне берілуі керек.

— Мемлекет есебінен салынып жатқан спорт кешенінің құрылысына қажетті қаражат әлдеқашан аударылып қойылған. Ол жағынан қиындық жоқ. Жұмысшыларымыз жеткілікті деп отырсыздар. Ендеше, күн суытпай тұрғанда, осы айдың соңына дейін спорт кешенін ашу керек. Онсыз да белгіленген мерзімінен кешіктіріліп жатыр. Осы жұмысты тездетіп ыждағаттау қажет, — деп аудан басшысына тапсырма берді Мейрамбек Шермағанбет.

Мектептің есігі де айқара ашылатын күн алыс емес…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Темір-Ақтөбе

Басқа жаңалықтар

Back to top button