Жаңалықтар

«Күншуақтың» құлыншақтары

…Кейде бір адамдармен өмір бойы араласасың да, оны бүге-шігесіне дейін жақсы білетіндей болып көрінесің. Сүйсінесің, мақтайсың, риза боласың. Алайда оның тағы бір қырын көріп… таң қаласың. Біз де өзіміз көптен білетін, құрмет тұтатын Кенжеғазы Байғазинді тағы бір қырынан көріп қайттық…

…Көзі қарақты оқырман біледі, Алғада жетім балалар үйі болды. Балаларға бөлінетін дүние «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен де уақыт өтті. Осында жұмыс істегендер жетімдерге бөлінген тамақ пен киімді үйлеріне әкетіп, жыртығы мен жамауын жетімдерге беретін. Мұны бүкіл Алға білетін. Сол жетімдер үйіне Байғазин директор болып келді.Талай күндер өтті, директор басымен есіктің алдында тұрып, жұмыстан шыққандардың сөмкесін тексеруге арланбады — тағдыр жылатқан балалардың несібесін ешкім иемденбеу керек! Жетімдер үйі Алғаның бір шағын ауданына айналды. Бөлек бір мемлекет болды, тіпті Алғаның басқа мектептері Алға мектеп-интернатының қасында жіп есе алмай қалатын. Елдің саясатына байланысты, балалар үйі жабылды. Балаларды отбасылар таратып әкетті. Байғазиннің алдында тағы бір үлкен мәселе тұрды — талай жыл өз жанұясындай болып кеткен ұжым шашырап кеткелі тұр.

Облыста Қазақстандағы тұңғыш инклюзивті балалар лагері ашылу керек болғанда, таңдау Байғазинге түскені де тегін емес. Киелі Есет бабаның қасындағы балалар үйінің жазғы лагері бос тұр еді, ол жерге газ апару, су апару сынды мәселелерде де Кенжеғазы Жаңабайұлының әр тал шашының ағы бар десек, қателесе қоймаспыз.

«Күншуақ» лагері — бұрынғы Алға балалар үйіне қарасты демалыс орнының ізі. Қайта жаңғыртылып-жөнделді. Бестамақ ауылы маңындағы табиғаты әсем жерде орналасқан лагерь, кез-келген балаға үлкен әсер қалдыратыны сөзсіз.

Лагерь аумағында 9 бір қабатты үй, үлкен асхана, көкөніс қоймасы, монша мен басқа да әкімшілік ғимараттар бар.

1964 жылы салынған лагерь Алға балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған болатын. Алайда,  біз жоғарыда айтып кеткен себепке байланысты бос тұрған лагерге жан кірді. Себебі басшылыққа Байғазин келген болатын.

Лагерь алты ауысымда жұмыс істейді.  Әр кезеңде шамамен 107 жасөспірім демалады. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға ерекше күтім жасалады.  600-ден астам мүгедек баланы емдік-сауықтыру шараларымен қамтуға мүмкіндік бар.

Лагерді қайта жасақтауға мемлекеттен 182 миллион теңге қаржы бөлінген.

«Күншуаққа» кіре берістен көздің жауын алатын гүлдерге жанарың суғарылады. Біз бірін біліп, бірін білмейтін сан алуан гүлдер әлемін Кенжеғазы Жаңабайұлы әрқайсысын аттарымен атап, таныстырып жүр. «Аға, арнайы бағбаныңыз бар ма?» — дейміз аузымыз ашылып. «Жоға, — деп күледі  директор. — Осы жерде неше корпус бар, соларды өзара жарыстырамын. Бәсекеде қызбайтын қазақ бар ма, бірінен бірі қалмау үшін жанталасады. Ал өз есебім түгел — лагерь аумағы жайнап тұр». Шындығында, «Күншуаққа» кіргеннен гүлдер оранжереясына кіргендей әсерде қалдық.

Табиғатынан тынымсыз Кенжеғазы Жаңабайұлы аумағы ат шаптырым лагерді түгел көрсетті.

Лагерь аумағынан сәл алыстау жерде орналасқан алаңға бізді бастаған директордың соңынан құлықсыздау ердік.

Иппотерапия… Құлаққа бір түрлі оғаш естілгенмен, қазақтың жанындай болып кеткен жылқының адам емдеуге қатысы бар екенін әр жерден оқып жүрсек те, көзбен көргенге не жетсін? Ерекше балаларды қабылдайтын «Күншуақта» иппотерапия да қарастырылған екен — екі ат балаларды мінгізіп алып, емдеп жүр.

Шындығында ДЦП, Даун синдромы, аутизм тәрізді науқастарға атқа міну жақсы ем көрінеді.

Жамбас буынының (тазобедренный сустав) ауруы — қазақ балаларында соңғы кезде жиі кездесетін диагноз. Осы ретте де атқа міну қатты көмектеседі: аяқтың еріксіз ашылуы, массаж, аяққа күш салмай-ақ бұлшық еттерді қатайту… айта берсек, көп.

…Бәрін қарап, бәріне тамсанғанымызбен… жетпей жатқан жағын да айта кетуді жөн санадық — балаларға бассейн керек екен.  Байғазинге айтпадық — себебі күніге бір жаңалық ашып жүретін тынымсыз жан оны да іске асыратынына іштей сенімді едік…

…Көңілде көп ой кетті. Соның бір тармағы — бар саналы ғұмырын балаларға, соның ішінде жетім және мүгедек балаларға арнаған Кенжеғазы Жаңабайұлы Байғазиндей адам тіпті сирек-ау деген мезет. Рас, елімізде ұстаз да көп, абыройлылары да жетіп артылады. Алайда, Байғазин-Азаматтың біз білген бейнесі, біз сараптаған Тұлғасы бәрінен биік…

Шара ЕЛЕУСІЗ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button