Жаңалықтар

Қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастыру қандай деңгейде?

Ақтөбе облысы коммуникациялық қызметінің тікелей эфирінде қаладағы қоғамдық көлік жұмысын ұйымдастыру мәселесі туралы айтылды. Бұл шараға Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғали мен Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Есбол Базарғалиев қатысты. 

Ақтөбе қаласында қоғамдық көлік саласында жолаушылар тасымалы жұмысымен екі мекеме айналысады, олар «Автопарк» ЖШС және «ПАТП» ЖШС. Руслан Төреғалидың айтуынша, «Автопарк» серіктестігі — 32 бағытта, «ПАТП» мекемесі 19 бағытта жүретін қоғамдық көліктердің жұмысына жауап береді.

— Күн сайын келісімшарттық міндеттемелерге сай 377 автобус жолға шығады. «Автопарк» серіктестігімен келісімшарт бойынша күн сайын 253 автобус шығуы керек болса, іс жүзінде 200-210-дай автобус жолға шығады. Ал «ПАТП» мекемесі келісімге сай 123 автобус шығаруы керек. Алайда бұл мекеменің күніге 80-90 қоғамдық көлігі ғана жолға шығады. Бұл дегенміз қала аумағында күн сайын 80-90 автобусқа деген қажеттілік болып отырғандығын көрсетеді. Сонымен бірге карантинге байланысты тұтас республика бойынша қоғамдық көліктердің жұмысына да өзгерістер енгізілгені белгілі. Сәуір айынан бастап, сонымен бірге демалыс күндері автобустардың жүруі азайғанын білесіздер. Жолаушылардың дені  — студенттер мен оқушылар қазір онлайн оқып жатқандықтан да, автобустардың жұмысына өзгерістер енгізілуі заңдылық. Карантин кезінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы ұдайы тексеріліп отырады. Бүгінге дейін санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін жүргізушілерге 291 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, — дейді Р.Төреғали.

Жыл басынан бері қозғалыс сызбасын, қозғалыс интервалын бұзу бойынша «Автопарк» серіктестігіне қатысты 21 материал, «ПАТП» мекемесіне қатысты 6 материал көлік инспекциясына жолданған. Бұл деректерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

—  Жол ережелерін бұзуға қатысты «Автопарктың» 136, «ПАТП» мекемесінің 96 жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Руслан Төреғали.

Шара барысында сондай-ақ кейбір бағыттарда жолаушы саны азайғанына байланысты бағыттарды оңтайландыру, қоғамдық көліктерді қыс мезгіліне дайындау, қоғамдық қозғалыс уақытын реттеу, автобустар санын арттыру сынды мәселелер айтылды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button