Жаңалықтар

ҮЕҰ: жұмыс көп, насихат аз

Кеше облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет төрағалық еткен жиында мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынасы сөз болды.  

Жоғарыда аталған кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысқан басқосуда алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы басым бағыттар тілге тиек етілді. Соның ішінде үкіметтік емес ұйымдармен байланыстың нығайып, Үкіметтік қолдаудың жыл санап артып келе жатқаны айтылды.

— Біздегі басты мақсат — үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі мен әлеуетін өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмылдыру, тұрғындармен арадағы жұмысты күшейту. Азаматтық форум қарсаңында күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырып, кезекті рет өзара пікір алысуды көздейміз, — деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет.

Шара барысында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов өңірде 771 коммерциялық ұйым тіркелгенін хабарлады. Соның ішінде 405-і қоғамдық бірлестік, ал 207-сі қоғамдық қор. Барлығына тән олқылық — ақпараттық-насихаттық жұмысы кемшін. Сондай-ақ тұтынушылардың құқығын қорғауға қатысты жобаларды көптеп іске асыру ұсынылып, бір реттік шараларды ұйымдастырудың мезгілі әлдеқашан өткені ескертілді.

«Ақтөбе облысының үкіметтік емес қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айгүл Дүйсенова, «Қоғамдық бақылау» республикалық ұйымының үйлестірушісі Бақытхан Жаншаева, т.б. тақырыпқа қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button