Жаңалықтар

Аутизм орталығында ашық есік күні өтті

Кеше Болат Өтемұратов қоры іске асыратын «Аутизм. Баршамызға бір әлем» атты бағдарламасының аясында «Асыл Мирас» аутизм орталығында ашық есік күні өтті. Бұл күні аталған қор директоры Марат Аймағамбетов пен кәсіби мамандар дәріс оқып, ата-аналардың сұрақтарына жауап берді.

АҚШ-тағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (СDC) мәліметтері бойынша, соңғы жылдары әлемде аутизм спектрінің бұзылулары (АСБ) бар диагноз қойылған балалар саны артты. Мысалы, Орегон университетінің Аутизм институтының директоры, доктор Эрик Фон Боннның есептеулері бойынша, біздің елде  аутизм спектрі бұзылған 59 мың бала бар.

Аутизмдегі негізгі проблема — аутизм спектрінің бұзылуының белгілері мен салдары туралы азаматтардың хабардар болу деңгейінің төмендігі. Сондықтан түзетуге мұқтаж балалар мамандар мен ата-аналардың тиісті назарынан тыс қалады. Алайда аутизм — ауру емес, әлеуметтік қарым-қатынас және мінез-құлықтағы олқылықтарда көрінетін баланың ерекше даму жағдайы. Бұл кемшіліктерді көп жағдайда түзету қажет, әсіресе, балаға АСБ диагнозы неғұрлым ертерек қойылса, соғұрлым түзету тиімді болады. Баланың және оның отбасының өмірін әдеттегі деңгейде ұстап тұру үшін оны қажетті  дәрежеде қатынас дағдыларына және дербестікке үйретуге болады. Сондықтан аутизм проблемаларына қоғам назарын аудару және жалпы хабардарлық деңгейін көтеру өте маңызды, — дейді Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол аутизм орталықтарында Калифорния университеті мен Атлантадағы Marcus Autism Center әзірлеген бағдарламаларды қолданатындарын, оқудан өткен әр баланың дамуында ілгерілеу барын алға тартты.

Екі жарым жыл ішінде Ақтөбедегі «Асыл Мирас» орталығында 500-ге жуық бала диагностикадан өткен. Олардың 327-сі тиісті бағдарламаларға тіркеліпті. Былтыр аталған орталық облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, аудандық орталық ауруханалар мен қалалық емханалардың көмегімен балалар арасында аутизм скринингтік тестін өткізді. Скрининг 400-ге жуық баланы қамтып, 42 балада жоғары қауіп анықталды. Бұл балалар осы орталықтағы интервенция бағдарламаларына шақырылыпты.

— Жағдай қалыпқа келіп, коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеулер жойылғаннан кейін біз аймақтағы балаларды тексеруді жалғастырамыз. Баласының дамуының артта қалуын байқаған ата-аналарды аудандық емханалардағы педиатрлармен байланысуға немесе біздің орталықтағы диагностикаға алдын ала жазылуға шақырамыз. Есіңізде болсын, АСБ диагнозы бар бала неғұрлым тезірек білікті көмек ала бастаса, оның болашақта толыққанды  өмір сүруіне, сүйікті ісімен айналысуға және өз отбасын құруға соғұрлым мүмкіндігі жоғары  болады, — деп түсіндірді Ақтөбедегі «Асыл Мирас» аутизм орталығының жетекшісі Альмира Калимова.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button