Жаңалықтар

Алға қаласында соңғы үш жылда 20 көшеге асфальт төселген

Алға ауданының орталығында бүгінде жалпы саны 70 көше бар болса, солардың жартысына асфальт төселіпті. Оның 20-сы — жоғарыда айтқанымыздай, соңғы 3 жылдың ішінде жөнделген көшелер.

Қала әкімі Нұрбол Сұрбаевтың айтуынша, алдағы жылы тағы да 12 көшені жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бұл істің әрі қарай алға жылжуы қаржы бөлу мәселесінің шешілуіне байланысты болмақ.

Биыл мұнда жалпы ұзындығы төрт шақырымға жуық 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұлар — Наурыз, Чапаев, Балдырған, Желтоқсан, Шиелі көшелері. Көшелерді жөндеуге мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 139 миллион теңге қаржы бөлінген. Бүгінге дейін оның 106 миллион теңгесі игерілген. Жөндеу жұмыстарын «Стройсервис Байсын-А» ЖШС жүргізіп жатыр. Жергілікті жерден жұмысқа тартылғандар саны — 19 адам.

Сондай-ақ былтыр республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жүргізілген Есет батыр көшесі биыл қайта жөнделіп жатыр. Өйткені былтырғы жұмыстар сапасыз жүргізіліп, тапсырыс беруші, яғни Алға қаласының әкімдігі көшенің жөндеуден кейінгі жағдайын қабылдап алуға лайықты емес деп тапқан. Бұған жергілікті қарапайым тұрғындардың пікірі де әсер еткен.

Биыл бұл жұмыс басқа компанияға тапсырылған. Бүгінде асфальт төсеу жұмыстары аяқталыпты. Есет батыр көшесі — қаланың орталық көшелерінің бірі. Көшені абаттандыру жұмыстары аясында биыл мұнда шағын саябақ та салынды.

Көшелерді жөндеу, абаттандыру бағытындағы жұмыстардың қарқынды жүргізілуі қала тұрғындарын қуантады.

— Өзің тұрып жатқан мекеннің келбеті — ертеңгі күнге деген сеніміңе, соны айқындауға үлкен әсері бар жайттардың бірі. Қаламыздың жылдан-жылға көркеюі көңілге үлкен үміт ұялатады, болашаққа деген сенімімізді арттыра түседі. Біз осы жұмыстар тоқтап қалмай, алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғаса берсе деп тілейміз, — деді бізге Алға қаласының тұрғыны Асхат Жолмағамбетов.

Қала көшелері мен көп қабатты үйлердің суағарларын жаңарту да — күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. 2020-2021 жылдары Алғада 4 көше мен 8 көп қабатты үйдің суағарлары жаңартылмақ. Бұл жұмысқа аудандық бюджеттен 38,4 миллион теңге қаржы бөлініпті.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button